ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биылғы Жолдауында жаңадан Ұлытау облысы құрылып, орталығы Жезқазған қаласы болатындығы жөніндегі қуанышты хабар аймақ жұртшылығы арасында айтарлықтай зор серпін туғызуда. Жаңа облысты жасақтау – ауқымды ұйымдастырушылық шараларын қажет ететін күрделі мәселе. Қазір үкіметтік комиссия осы маңызды іспен айналысуда.
Әкімшілік-аумақтық бөліністерін, қаржы-қаражатын, басқару құрылымдарын белгілеп, айқындау сияқты дайындықтар арқылы жүзеге асатыны анық. Негізі облыстың бюджеттік қоры өзін-өзі қамтамасыз ететіндей жеткілікті болуы керек.
Өңірде «Қазақмыс» корпорациясы сынды ірі компания кәсіпорындарының ырғақты жұмыс істеп тұрғанына шүкіршілік етуге болады. Дегенмен, қуатты аймақ болу үшін облыстың экономикасы әртарапты болуы басты шарт болып табылады. Осы тұрғыда жаңа облыстың болашақ даму бағыты қандай болады деген сауал әркімді мазалайтыны сөзсіз. «MystyÖŋіR» газеті оқырманға бүгінгі ұсынып отырған айдары арқылы жаңа облыстың алдағы даму мүмкіндіктері мен ішкі резервтерін сараптап, ортаға салуды жөн көрді.
Бұрындары Жезқазғанға тән Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының ауылшаруашылығы өркен жайып, елімізге берекелі өнім беріп тұрған еді. Қазір ол жағдай жоқ. Кейінгі жылдары Жаңаарқа ауданы егіншілікпен айналыспайтын болды. Ұлытауда да егін алқаптарының көлемі кеміп кетті. Бұл өңірлерде мыңғыртып өсірген ақтылы қой саны да азайған. Жаңа облыстың құрылуы ауылшаруашылығындағы осы олқылықтардың орнын толтырар деген үміт бар. Ал, біле-білсек, азық-түліктің тағы бір көзі қала іргесінде екені де үнемі айтылып келеді. Талап пен Кеңгірдің де ауылшаруашылығы бағытындағы мүмкіндіктері аз емес. Мәселен, «Талап» қосалқы шаруашылығы 1965 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинаты жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған болатын. Әуелде осы қосалқы шаруашылықтың бас инженері, кейіннен Жезқазған облысы құрылған кезде совхоз-техникум директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болған, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Рахым Арыстанбаев ақсақалмен пікірлескен сайын Талап шаруашылығын өркендетудің мүмкіндіктері жете бағаланбай отырғанын үлкен өкінішпен айтады.
– Комбинаттың мүддесі үшін сол уақытта Жезді өзенінің бойына тоған байланып, үлкен су қоймасы салынды. Талаптыңсуармалыжеркөлемі 3 мың гект асатын. Машина-трактор паркінде 300-ден аса техникасы болды. «Днепр», «Фрегат», «Волжанка» маркалы жаңбырлатып суаратын агрегаттар мен қондырғыларды да қолдандық. Соның арқасында қаланы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылды. Жаңа облыс құрылған кезде осы мүмкіндікті іске қосса ұтары көп болар еді деп ойлаймын. Жезді су қоймасын дұрыс пайдаланып, Талаптың суару жүйесін қалпына келтіру қаланы көкөніс және картоп өнімдерімен қамтамасыз етуге кеңінен жол ашар еді. Сол кезеңдерде комбинаттың «Промышленный» қосалқы шаруашылығы да жақсы дамыды. Қазіргі Қорғанбай елдімекеніндегі шаруашылықта мен істеген алғашқы жылдардың өзінде 7 мыңқой, 300 жылқы, 450 сауын сиыры болатын. Алдағы уақытта іргеде тұрған осы мүмкіндіктердің көзін ашуды ойластырса дұрыс болар еді, – дейді еңбек ардагері.
Жалпы, ауылшаруашылығы бүгінде еліміз бойынша кенжелеп қалған сала болып отыр. Экономикалық дағдарыстағы бүгінгі ахуал мен шикізатқа тәуелділіктен арылу саясаты осы байырғы саланы дамыту қажеттігін алға қоюда. Осыған орай жаңадан шаңырақ көтеретін Ұлытау облысы да өнеркәсіппен бірге ауылшаруашылығы саласын қатар дамытуға тиіс. Қолға алар болса, оған мүмкіндіктердің де мол екені байқалады. Бұл жөнінде алда осы саланың мамандары да газет бетінде өз пікір-ұсыныстарын ортаға салар деп ойлаймыз.
Амандық РАХҰЛЫ.