Үстіміздегі жылы Кеңгір ауылында заманауи спорт кешенінің құрылысы басталатын болды. Ол «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы ынтымақтастық мемарандумы негізінде жүзеге асырылмақ.
Аумағы 1500 шаршы метрден асатын кешенде шағын футбол, волейбол ойнауға арналған алаңдар, теннис корты, баскетбол алаңы, жүгіру жолағы, спорт құрал-жабдығын сақтауға арналған, жаттықтырушылар мен күзетшілерге қажет орындар, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері көзделген.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бас директоры Альфия Адиева мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС орнықты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Уағдаластық аясында екі жақ әлеуметтік жобаларды, оның ішінде Ұлытау облысының Кеңгір ауылында ауа-тірек құрылымындағы көпсалалы спорт кешенінің құрылысы жобасын жүзеге асырады.
– Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесе салу жоспарланған жаңа спорт нысаны қос тараптың ынтымақтастығы мен өңірлерді қолдауда жемісті қадам болатыны анық, – деп атап өтті Альфия Адиева бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Ай НУРИ.