Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аймақтағы кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша сертификаттарды табыстады.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасына біздің облыс үшін республикалық бюджеттен 3 млрд. 370 млн. теңге бөлінген. Бағдарламаны іске асыру 2026 жылға қарай өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың табысын 2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек.
Жалпы, біздің өңір – аграрлық саламен айналысуға қолайлы аймақ. Сондықтан болар, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар тек мал шаруашылығы бойынша 50-ден аса жоба ұсынған. Мибұлақ ауылдық округі мен Шеңбер ауылының жеке кәсіпкерлері Аясын Ермекбай мен Ермек Кәрібай бүгін алғаш болып қолдарына сертификаттарын алды.
Іс бастаймын деген ауыл тұрғындарын өңір басшылығы да қолдауға әзір. Аясын Ермекбайдың әкесі Жеделбай аға ұлының кәсібі қолдау тапқанына қуанышты. «Биліктің ауылшаруашылығын дамытамын деген адамға бұлайша қолұшын беріп, қамқорлық танытып отырғанына ерекше ризамын. Көбіне ауыл адамының адымын қаржы тапшылығы аштырмайды, әйтпесе, ауылда істеймін деген адамға жұмыс жетеді», – дейді Жеделбай Ақжамбаев.
Айта кетейік,бөлінген қаражаттың есебінен тағы 424 жұмы сорнын құру жоспарлануда. Шағын несиелер 2,5 пайызбен 5-7 жыл мерзімге беріледі.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.