Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет тарапынан қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің өңірде тиімді жүзеге асырылуда.
Аталған бағдарламаға несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы жобалары бойынша 7 жылды құрайды. Жобаның тиімді тұсы сол, несие бар болғаны 2,5 пайызбен беріледі…
Бұл жобаның тиімділігін көріп жатқан кәсіпкердің бірі – Кеңгір ауылының тұрғыны Гүлімхан Есетова. Ол мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылығын кеңейту мақсатында «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметіне жүгініп, өткен жылдың тамыз айында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 21 бас сиыр сатып алған. «Қазір сүт өнімдерін сатып жатырмыз. Май, құрт жасап сатамын. Тіпті Ресейге де жіберіп жатырмын. Бағдарламның игілігін көрудеміз», – дейді ол.
Аталған бағдарламаның тағы бір оңтайлы тұсы – Қаражатты алғаннан кейін бірден қалай қайтарамын деп жанталаспайсыз, бір жылдық демалысыңыз болады. Яғни, бизнесіңізді сәл дөңгелетіп алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Жемісті жоба ауылдағы ағайынның тіршілігіне тың серпін беруде.
Айта кетейік, 2023 жылдың маусым айынан бастап «Ұлытау» ӘКК» «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 3,9 млрд. теңгеге 485 өтінім түскен. Несие беру бойынша комиссия 369 өтінімді қарады, оның ішінде 2,7 млрд теңге сомасына 360 өтінім мақұлданған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.