Кейінгі кезде күніне қырық құбылған қан қысымы ақыры алып ұрды. Кеншілер қаласының «Жедел жәрдемі» жедел жетіп, түн ортасында металлургтер мекеніндегі көпбейінді аурухананың инсульторталығына апарып орналастырды. Ауысымдағы ақ желеңділердің арқасында екі сағаттан кейін ептеп есімді жиып, тынышталдым.
Талай аурухананың табалдырығын аттап, төсегіне таңылсам да, мынандай бөлімшені бірінші көруім. Бұл медициналық мекемедегі өте күрделі буын екен. Бір байқағаным, мидағы қан айналымының бұзылуын қалпына келтіретін инсульт орталыққа өз аяғымен келетіндер некен-саяқ. Алтыншы қабатқа медициналық қызметкер жеделсаты (лифт) арқылы қоларбамен немесе жылжымалы зембілмен көтереді. Мені де қоярда-қоймайқ олар арбаға отырғызған.
Үш мезгіл берілетін тамаққа өз бетімен баратындардың қарасы да шамалы, әрі кетсе он адамның о жақ, бұжағы. Кейде қоларбаның көмегіне сүйенген бір-екі адам қосылады. Демек, қалғаны – төсек тартып жатқандар. Оларды уақытылы тамақтандыру – медбике мен санитарканың мойнында, ас суып қалмай тұрғанда аяқастынан даяшыға айналады.
Күнде таңертеңгілік сырқатты қоларбаға салып алған бірнеше қыз-келіншек инсуль торталықпен жапсарлас кеңес беру-диагностика орталығына қаздай тізіліп кетіп бара жатады. Аурудың азабын тартқан қам көңіл адамды көрсетіп қайтады. Жылы-жылы сөйлеп жанын жадыратуға, сырқатынан айығатынына сенімін арттыруға тырысады.
Жандос Жақыпов
Өрімдей қыз-келіншектің қабақшытпай, әзіл-қалжыңын айта жүріп көрсеткен қалтқысыз қызметіне қайран қаласың. Бәрін қойшы, өз бетімен әжетханаға да бара алмайтын, міндеті басқаға қарап қалған, төсек тартып жатқан адамға күтім жасауды айтсайшы?! Сірә, мұндай қайырымдылық адами қасиеті жоғары әрі көрген тәрбиесі басқадан көш ілгері жастың қолынан ғана келеді. Қазекем «Түсі игіден түңілме» деп тегін айтпаса керек.
А.Оралбаева, Б.Достаева, Ә.Алтынбек
Инсульт орталықтан шығарда оның басшысы Жандос Жақыповқа арнайы жолығып, ұйымшыл ұжымның ерен еңбегіне ризашылығымды білдірдім, шынайыалғысымдыайттым. 2014 жылы көктемде ашылған орталықтың тізгінін ұстағанына бесінші жылға айналып барады екен. Бетіне айтпасам да, іштей «осал менеджер болмадың!» деп ойладым. Он күн жатқанда көрген-білгенім осындай пікір қалып тастырған.
Майра Бәдешова
Отыз төсектік орталықта алты адамға арналған интенсивті емдеу блогы бар. Мұны, түсінікті тілмен айтқанда, кішігірім жансақтау бөлімшесі деуге болады. Ауыр жағдайда түскен адам осында есін жиған соң палатаға ауыстырылады. Менің байқағаным, он күнде интенсивті емдеу блогының бос болғанын байқамадым. Ал, алты палатағы қалған орынға жайғасқандардың жартысына жуығы төсек тартып жатқандар екенін білдім.
Нұрзада Сыздықова
Орталықта 27 медициналық қызметкер күні-түні денсаулық күзетінде тұр. Үш дәрігерден басқасы қыз-келіншек. Оның он бесі – медбике, қалғаны – санитарка. «Облыста инсульт орталық осы ауруханадағана бар. Бұл – екінші деңгейдегі медициналық мекеме саналады. Енді үшінші деңгейге көтеру үшін жұмыс жасап жатырмыз» дейді Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ЛәззатРанова.
Медициналық қызметтің сапасы қаншалықты жоғары болса да қамшының сабындай қысқа ғұмырда отбасында, туған-туыс пен дос-жаранның ортасында жүргенге не жетсін?! Алла тағала, көрсетпеаурухананы!
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.