Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану адамға сергектік сыйлап, бойына күш-қуат дарытатын басты құралдың бірі. Әсіресе, ауыр өндірісте еңбек етіп жүргендердің спортқа жақын болуы денсаулығының кепілі болып табылады. Осыны бағамдай білген «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы мен «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірлесіп жыл сайын жазғы және қысқы спартакиада ұйымдастыруды жолға қойған.
Дәстүрлі шараның аясында бірнеше спорт түрлерінен турнирлер өткізіліп келеді. Кезекті жарыс зілтемір көтеруден өтті. Оған «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған өңіріндегі құрылымдардан еңбеккерлер қатысты. Әуесқой зілтеміршілердің жарысы ерлер мен нәзік жандар арасында ұйымдастырылды. Темірді бұйым құрлы көрмейтін кәсіпқойлардан кем түспейтін турнир қатысушылары арасында мықтыны анықтау да оңай болған жоқ.
Бәсекенің әйелдер арасындағы жүлдесін сарапқа салғандар қатарында бірінші орынды Сәтбаев қаласындағы жылу,энергетика орталығы кәсіпорнынан Гүлнұр Дүйсембекова жеңіп алды. Екінші орынды «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-нің намысын қорғаған Юлия Стогний еншіледі. Жылу, энергетика кәсіпорнынан Мария Бучацкая үшінші орынның тұғырынан көрінді. Ерлер арасында 85 келі салмаққа дейінгі бәсекеде Жезқазған мыс қорыту зауытының еңбеккері Әшім Әбдінасыров бірінші орының жүлдесін қанжығасына байласа, Шығыс Жезқазған кенішінен Данияр Тасмағанбетов екінші орынды иеленді.
«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС-нен Рустам Арманшин үшінші орынды місе тұтты. 854 келіден жоғары салмақта бабын сынағандар қатарынан «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-нен Александр Соловьев жеңімпаз атанса, Жылу, энерегтика кәсіпорнынан Илья Московкин екінші орынды қанжығалады. «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС-нен Александр Цой үшінші орынңа табан тіреді.
Турнир жеңімпаздарын «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықова мен «JastarBolashaq» Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева марапаттап, қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.