Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні. Жанға дәру, бойға қуат беретін осы саланың жайы қалай? Қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Алға жобалаған жоспардың орындалу барысы қандай? Мереке қарсаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Мүтәліпов-
пен осы сауалдар төңірегінде ой бөлістік.
– Дидар Мағауұлы, мереке құтты болсын!
– Рахмет!
– Облыстың спорт саласындағы ахуалы қандай? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Өңір тұрғындарының дене шынықтыру мен спортқа сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыста 327 спорттық құрылым жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 стадион, 2 спорт сарайы, 10 спорт кешені, 1 спорттық манеж, 1 есу базасы, 73 хоккей корты, 112 жазық ғимарат, 3 теннис корты, 3 жүзу бассейні, 112 спорт зал, 3 жапсарлас салынған спорт зал бар.
– Кәсіби мерекелеріңізді қандай жетістіктермен қарсы алып отырсыздар?
– 2023 жылдың 6 айында ресми республикалық және халықаралық жарыстарда (Әлем, Азия, ҚР чемпионаттары) облыс спортшылары 85 медаль (24 алтын, 33 күміс, 28 қола) ұтып алды.
Азия чемпионаты бойынша – 15 медаль (7 алтын, 5 күміс, 3 қола);
Қазақстан Республикасының чемпионаты бойынша – 70 медаль (17 алтын, 28 күміс, 25 қола).
Алдағы өтетін Әлем чемпионаттарына самбодан Дінислам Дінмұхамед пен Серік Шадияр, мүгедектер арасында шахматтан Адильхан Кожабеков қатысады. Спортшыларға сәттілік тілейміз.
– Спорттың бұқаралығын арттыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– 2023 жылдың І жартыжылдығында облыста салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 15016 адамның қатысуымен 184 іс-шара өтсе, оның ішінде ауылдық жерлерде 4721 адамның қатысуымен 87 іс-шара өтті. Облыс бойынша 2023 жылы бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға 50 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаржы түрлі деңгейдегі жарыстар мен көпшілік бұқаралық іс-шараларды өткізуге қажетті төрешілік қызмет, жүлде қоры (медаль, кубок), сыйлықтар, баннерлер мен билборттар жасау, салтанатты шараларын өткізу шығындарына жұмсалады.
2023 жылы Ұлытау облысының қысқы «Ақ қар», мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Ел жанашырлары», облыстық мәслихат депуттары мен қоғамдық кеңес мүшелері арасындағы және Ұлытау облысының әйелдер арасындағы алғашқы спартакиадалары өтті.
– Алдағы жоспарлар жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Ұлытау облысының 2022 – 2026 жылдарға әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, 2024 жылы Ұлытау ауданының Жезді кентінде, Жаңаарқа ауданынының Жаңаарқа кентінде және Жезқазған қаласының Кеңгір ауылында 3 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін, Жезқазған қаласында 320 орындық көпфункционалды спорт кешенін, жабық хоккей кортын, Ұлытау ауылында және Қаражал қаласында 2 жүзу бассейнін қолданысқа беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Әлеуметтік жобалардың дамыту қоры «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының есебінен Кеңгір ауылында ауа тірегіш құрылымның негізінде (воздухоопорный) көп функционалды спорт және есу спорт түрлеріне арналған спорт кешендері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Құрылысытың басталуы 2024 жылға жоспарлануда.
– Соңғы сауал, облыста балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарудың барысы жайлы не айтасыз?
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша, облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 70938 адам немесе облыс халқының 32 % болып отыр. 2023 жылдың соңына дейін олардың санын 33 % жеткізу жоспар-
лануда.
Ал, балалар мен жасөспірімдерге келер болсақ, бүгінгі таңда облысымызда 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар, мұнда 5713 жасөспірім 32 спорт түрімен шұғылданады. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа кенті мен Ұлытау ауылында орналасқан. Жаңа оқу жылына дейін Қарсақбай кентіндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының спорт түрлерінен құрама командалар арасында жұмыс істеу үшін 18 жасқа толған спортшыларға арнап Жоғары спорт шеберлігі мектебін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ізтай Белгібайұлы.