Жезқазған – сары мыс сапырған металлургтердің құтты мекені. Сондықтан мыңдаған жезқазғандықтар өз тағдырын осы саламен тығыз байланыстырған.
Ықылым заманнан бүгінге жеткен көне кәсіптің «тілін» заманауи технологиялармен ұштастырған металлургтердің еліміз бен өңір экономикасына қосып отырған еңбектері ерен. Осы майталмандардың қара терге малынып мыс балқытудағы еңбектеріне деген құрмет шексіз болса артықтық етпейді.
Биылғы жылы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының ұйғарымымен қаламызда Металлург күні түрлі мазмұндағы шараларға толы болды.
Бір апта «Кеңгір» көлінің жағасын әсем әуен кернеп, жезқазғандықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Жастар биін үйренушілерге Алматы, елордасынан келген арнайы бишілер жассөпірімдер мен жастарға заманауи үлгідегі билерден шеберлік сабағын өткізді. Ашық аспан астындағы кинотеатрда режиссер Ахан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» мен олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірінен сыр шертетін «Боксер» филімдерін көпшілік «Кеңгір» жағалауында тегін тамашалауға мүмкіндік алды.
Мұнымен қоса, Алматыдан келген этно-джаз жанрында өнер көрсететін «Дала ұлдары» тобы өз көрермендерін шығармашылықтарымен тәнті етті.
«Ротонда» деп аталатын демалыс алаңын дүбірге бөлеген шараның бірі – «Металлургтерше ән сал» өнер кеші болды. Келушілер түрлі жанрдағы әндерді шырқап, кешті көңілді өткізді.
«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС ұйытқы болған шаралар қатарында балаларға арналған «Көбіктер кеші» болды.
Футбол ойыны десе делебесі қозатын жезқазғандықтар үшін қаладағы футбол алаңында еліміздің өнер өкілдерінен құралған «Алатау» және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС еңбеккерлерінің футбол командалары ала доп бәсекесінде бақ сынады.
Сенбі күні Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында Металлург күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара академик Қ.Сәтбаев ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды.
Гүл қою рәсіміне облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Нұрахмет Нүриев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, кәсіподақ, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Жиын С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жалғасты. Жиында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар металлургтерге «Құрметті металлург», «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» төсбелгілерін табыс етті.
Жиын барысында металлургтер мен ардагерлерді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нүриев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «Amanat» партиясының «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Асқар Нұржанов, «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов, «Еңбек» салалық кәсіподағының және «Қазақмыс» корпорациясы Жастар одағының төрағасы Сергей Тысевич, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Луиза Мыңбаева құттықтап, марапаттар табыс етті.
Салтанатты жағдайда ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісі жеті майталманға тапсырылды. Тағы екі металлург «Еңбек ардагері» медаліне, жас еңбеккерлер «Даңқты жастар» төсбелгісінің иегерлері атанды. Кәсіби шеберлігі мен өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін облыс, «Қазақмыс», Индустрия министрлігі, кәсіподақ пен жастар ұйымдары басшыларының алғыс хаттарымен және грамоталарымен 44 металлург марапатталды. Айта кетейік, Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры «Құрмет» орденінің иегері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Дүйсенғали Байғуатов «Құрметті металлург» атағымен марапатталды. Дүйсенғали Ибрайханұлы қарапайым конверторшыдан басшылық құрамға дейінгі жолдан өткен, барлық еңбек жолында абыройға бөленіп келе жатқан білгір маман, іскер ұйымдастырушы.
Мыс балқыту желісі қарашаңырақ Қарсақбайдағы металлургиялық зауыттан бастау алатын Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженері Шоқан Әбуләйісов екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты.
Металлургия саласының майталмандарының мәртебесін асқақтатқан бас қосуда Сәкен Майғазиев, Айдана Меденова, Марсель, Ғаділбек Жанай сынды қазақ эстрадасының әншілері мен өңір өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Бір аптаға созылған мерекелік іс-шаралар сенбінің кешінде Жезқазған қаласының Алаш алаңында қазақ эстрадасы жұлдыздары қатысқан Гала-концертпен қорытындыланды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».