«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы құрылған. Құрамында Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды аймақтары бойынша бөлімшелері бар, 56 бастауыш ардагерлер ұйымның басын біріктіретін 12 584 мүшесі бар қоғамдық бірлестік. Бірлестік өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Азаматтық кодексін, «Қоғамдық бірлестік туралы» және басқа да заңнамалық актілерді, сонымен бірге «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Жарғысын басшылыққа алады.
Бірлестік өз жұмысын әр кездің талаптарына сай бейімдеп, алдын ала бекітілген ұзақ мерзімдік жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырып келеді. Біз күнделікті қызметімізде бастауыш ардагерлер ұйымына иек артамыз. Ардагерлерімізді қоғамдық жұмысқа белсендірек тартуды қарастырудамыз. Қолжеткен жетістіктерді одан әрі баянды ету мақсатында өзара тәжірибе алмасуды жиі қолданамыз. Алқа отырыстарында ардагерлердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстарын жетілдіру бағытында мәселелер қаралып, ұйымдастыру, спорт және мәдени көпшілік, жастармен жұмыс және қоғамдық ұйымдармен байланыс секторлары жетекшілерінің және Басқарма мүшелері мен филиал жетекшілерінің атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып отырады. Бірлестіктің филиалдары мен ардагерлер бастауыш ұйымдарының жұмысын ынталандыру мақсатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің үздік филиалы» және «Бірлестіктің үздік бастауыш ұйымы» конкурстары өткізіліп тұрады. Арнайы құрылған комиссия, алдын ала бекітілген ережеге байланысты конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Халықаралық қарттар күні мерекесіне қарсы анықтайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен салтанатты жиында марапатталады. Ардагерлердің бастауыш ұйым жетекшілері және сектор меңгерушілерімен семинар-кеңестер өткізіліп тұрады.
Ардагерлер кеңесінің жанынан құрамында өмірлік тәжірибелері мол, аймағымызға танымал еңбек ардагерлерінен құрылған «Рухани кеңесшілер» тобы мен «Клуб по интересам» кружогы жұмыс атқарады.
Осы жылдардың ішінде не атқардық дегенге келер болсақ,ең алдымен қазақ халқының рухани құндылықтарын дәстүрлі дінімізді, ана тілімізді насихаттауға, қуаттауға үлес қосып келеміз.Әрбір оқу жылының қыркүйек – мамыр айлары аралығында қызығушылық танытатын тақырыптарды, мектеп басшыларымен келісе отырып, кездесу кестесі жасалып, бекітіледі.Өткен жылдың өзінде Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев қалалары мен оған іргелес жатқан елді мекендер білім беру мекемелерінде, колледж оқушылары арасында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС зейнеткерлерін қатыстыра отырып, «Іскер азамат – ел тірегі», «Отбасы –ұлтың тірегі», «Спорт – сенің серігің», «Асыл әже», «Ата-анамыздың мамандығы», «Мен өз мамандығымды жақсы көрдім», «Өлке тарихы» сияқты тағы басқа тақырыптарда жастар тәрбиесіне белсене атсалысып, еліміздің даму жолындағы бағыт-бағдарын түсіндіруде кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» тақырыбында мектеп оқушылары, ұстаздардың қатысуымен «Нарбаевтар еңбек династиясымен» кездесу өткізілді. Кеншілер, байытушылар, металлургтер және басқа мамандық иелерінің еңбек династияларымен кездесулер мен дөңгелек столдар дәстүрлі түрде өткізіледі. Жезқазған қаласы тұрғындарына С. Қожамқұлов атындағы драма театрында Балқаш қаласынан келген зейнеткер, еңбек ардагері, республикалық, облыстық, қалалық конкурстардың жүлдегері әнші Ания Касенованың кайырымдылық концерті, Сәтбаев қаласындағы «Достық үйінде» Ризашылық күні ұйымдастырылып зейнеткерлер өлең оқу, ән, би конкурстарына қатысты.
Ардагерлердің өмірге деген құлшынысын арттыру, зейнетке шыққанымен қоғамнан қол үзбей өздерін әлі де қоғамдық ортада атқарар ролі зор екенін сезіндіру мақсатында корпорация ардагерлерінің арасында бильярдтан, үстел теннисінен, шахматтан, қыс және жаз айларында балық аулаудан жарыстар өткізіп отырамыз. Өйткені ардагерлер ойында балаша көңілденіп, қатты қызығушылық танытады. Әңгіме жеңуде, жеңілуде емес, ең бастысы кездесуде, жас балаша тырысып ойнаған барлық ардагерлер көңілді болып, бір-бірімен пікірлесіп шерлерін тарқасады. Адамның денсаулығы негізінен көңіл-күйге тікелей байланысты, сондықтан мұндай спорттық шараларда қарияларымыздың балаша қуанып, емен-жарқын пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрып, жадырап, бір серпілуі – бақытты, баянды ұзақ ғұмыр кешулеріне игі әсер етері сөзсіз. Еңбек ардагерлерінің ұсыныстары бойынша тарихи жерлерге саяхат жасауды ұйымдастырамыз. Өткен жылы ардагерлеріміз Түркістан облысына, Карлаг пен АЛЖИР-ге саяхат жасады. Бектауатаға, Ұлытауға, Теректі әулиеге, Алашахан, Жошыханға ұйымдасып барып келді.
«Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі әрқашан заман ағымымен қатар еңбек етіп, қаланың саяси-әлеуметтік дамуынан да тыс қалған емес. Қалалар мен елді мекендер ішінде өткізілетін барлық іс-шараларға белсенділік танытып, қатысып отырады. Халыққа азық беретін өнердің бір түрі – театр, сондықтан зейнеткерлерімізді театр қойылымдарына және концерттерге билет алып беріп қатысуын қамтамасыз етуі де қолға алынған.
Корпорация ардагерлер ұйымы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын қарсы алуға бағытталған игі іс-шараларды өткізуді қаңтар айынан бастап қолға алғанбыз. Бұл бағытта «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі кеңсесінде кітап көрмесі ұйымдстырылды. 2019 жылы ақпан айының 14 күні С. Қожақұлов атындағы музыкалық-драма театрында Ұлытау өңірі, Жезқазған, Сәтбаев қалалары төңірегіндегі әскери комиссариат басшыларын, музей қызметкерлерін, колледж, мектеп оқушылары мен оқытушыларын, бұқаралық ақпарат қызметкерлерін қатыстыра отырып «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Қ. И. Сәтбаев атындағы өндірістік тарихи мұражайымен бірлесе Ұлы Отан соғысында із-түссіз жоғалғандарды іздестіру қозғалысы бойынша «Солдат тағдыры: қағида және тәжірибе мұрағаттық зерттеулер» тақырыбында жиын-кездесу өткізіліп, көрме ұйымдастырылды. Қ. И. Сәтбаев атындағы өндірістік тарихи мұражайының қызметкерлері, оның басшысы К. Балкеновтың іздестіруімен Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгерлердің жерленген жерлері табылған Россияның Орел, Велиж, Волгоград, Демянск, Воронеж қалаларына барып тағзым етіп келген туған-туыстарының лебіздері тыңдалып, алдағы уақытта іздестіру жұмыстарын қалай жүргізуге болатындығы жөнінде бағыт-бағдар берілді.
Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған қалалары бойынша корпорация ардагерлерінің арасында жерлесіміз Кеңес Одағының батыры Анатолий Павлович Живовтың құрметіне балық аулаудан Кеңгір су қоймасында жарыс өткізілсе, «Даңқ» орденінің толық кавалері Жақсымбек Тілеуұлы Үншібаевты еске алу құрметіне арналған, үстел теннисі бойынша турнир ұйымдастырылып, балалары, немерелері, туған-туыстары шақырылды.Корпорация еңбек ардагерлерінің ұсынысымен батыр ағамыздың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында Сәтбаев қаласындағы «Даңқ алаңына» Ж. Үншібаевтің бюсті орнатылды. Жезқазған мыс қорыту заводының тұңғыш директоры Игнатий Евгеньевич Лиді еске алу мақсатында ардагерлер арасында шахмат ойынынан жарыс өткізілді. Осындай ісшаралар ұйымның басқа аймақтарында өтікізілуде. Корпорация еңбек ардагерлерін мерейтойларымен жергілікті газеттер арқылы құттықтау жүйелі жүргізілуде, ал қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын ардагерлерге арнайы сыйсияпат жасалады.
Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл аясында ардагерлер кеңесінің бастамасымен мектептер мен колледждерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Корпорация ардагерлері «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге байланысты кешенді іс-шараны ұйымдастырды, олар: «Қазақ жеріндегі демократиялық, саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» атты ғылыми-теориялық конференция; «Ұлытауым – ұлы дала киесі» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді және «Аманат» (Төрт босаға) атты тарихи-деректі, көркем роман жазылып, 2 мың данамен баспадан шықты. Ғылыми конференцияға келіп түскен баяндамалар мен мақалалар жинақ болып 500 данамен баспадан шықты. Жазба ақындар мүшайрасына Республикамыздың барлық аймағынан 57 ақын қатынасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. Өлеңдер арнайы жинақ болып 500 данамен баспадан шықты. «Аманат» романы мен екі жинақ кітапханаларға, оқу орындарына тегін табысталды. «Аманат» романының желісінде ақын Ғ. Ештанаевтің «Төртеу түгел болғанда» пьесасы қойылды.
Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілетін іс-шаралардың барлығына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығы зейнеткерлерге қолдау көрсетіп ақшалай қаржы бөліп отырады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен «НеоМед» ЖШС арасындағы келісім-шартқа сәйкес Жезқазған қаласында орналасқан шипажайға 2019 жылдан бастап 10% пайыздық жеңілдікпен жолдама алып емделулеріне, демалуларына жағдай жасалған. Жезқазған медициналық орталығында емделген зейнеткерлердің емінің қаржылай шығынының 111 мың теңгесін корпорация есебінен төленсе, үстіміздегі жылдан бастап 154 мың теңге болып бекітілді.
Зейнеткердің жұбайы не өзі, баласы қайтыс болған жағдайда отбасына 80 000 теңгеден жерлеуді ұйымдастыру мен салт-жора қызметтеріне бір жолғы ақшалай төлем корпорация есебінен жүргізіледі.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС зейнеткерлері мен еңбек ардагерлерінің мәртебесі туралы ережеге сәйкес Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды аймақтары бөлімшелері бойынша үздіксіз еңбек өтілі корпорация құрылымдық бөлімшелерінде ерлер үшін – 40 жыл және одан артық, әйелдер үшін – 30 және одан артық еңбек еткен – 538 зейнеткерге 2015-2022 жылдар аралығында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Құрметті еңбек ардагері» (Почетный ветеран ТОО «Корпорации «Казахмыс») атағына ие болып арнайы төсбелгімен және 100 мың теңге көлемінде бір жолғы ақшалай төлем корпорация есебінен жүргізілді. Ардагерлер кеңесінің ұсынысымен 119 зейнеткер «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды.
Әлемді жайлаған пандемияға байланысты ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша жалғызілікті, жиі ауыратын және аз қамтылған зейнеткерлерге корпорация тарапынан 1346 зейнеткерге 30 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
2023 жылы Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қарағанды аймақтары бөлімшелері бойынша 927 зейнеткер «Мысты өңір», «Сарыарқа», «Подробности», «Жезказганский вестник», «Шарайна», «Ардагер айнасы» газеттеріне тегін жазылуды ұйымдастырдық.
Корпорация зейнеткерлері әрқашанда қолдау көрсетіп отыратын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің басшылығына, корпорацияның «Аманат» партиясына, «КәсіпҚорған» тау-кен металлургиялық кәсіпорындары мен аралас өндіріс жұмысшыларының салалық кәсіподағына ризашылығымызды білдіріп, рахметтерін айтады.
Еліміздегі үлкенге – құрмет, кішіге – ізет қағидасына сәйкес мұндай игі іс, ізгілікті пейіл, игілікті шара жалғасын табады, ұрпақтар сабақтастығына ұласады деп сенеміз.
Төлеген Бүкіров,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы
«Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.