«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС – «Қазақмыс» холдингі сенімділікпен басқаратын қазіргі заманға сай жекеменшік клиника. Медорталық осыдан 22 жыл бұрын өз жұмысын бастаған еді. Содан бері медициналық қызмет көрсету деңгейін үздіксіз жетілдіру үстінде. Бүгінде ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған диагностикалық емханасы, зертханасы және өскелең заман талабына лайықты ауруханасы бар бірегей емдеу мекемесі болып табылады. «Қазақмыс» компаниясының кәсіпорындарында клиниканың 43 денсаулық пункті бар. Мәселен, осы аймақтағы Сәтбаев қаласында бір клиника мен 16 денсаулық пункті, Жезқазғанда бір клиника және 7 денсаулық пункті жұмыс істейді. Негізінде емдеу мекемесі тек корпорация еңбеккерлері емес, осында тіркелген қала тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетумен ойдағыдай қамтып отыр. Жезқазғандағы отбасылық дәрігерлік орталығында қазірде 38 мыңға жуық адамға медициналық қызмет көрсетілуде. Жалпы медорталықта 1224 қызметкер еңбек ететін болса, оның 128-і дәрігерлер. Олардың арасындаөз істерінің білгір мамандары өте көп. Біз бүгін осылардың ішіндегі, негізінен қарт адамдарға дәрігерлік көмек көрсетудегі өз міндеттерін қалтқысыз атқарып, ардагерлердің алғысын алып жүрген ақ халатты абзал жандар жайлы әңгімелегенді жөн көрдік.
Қарт адамдардың жиі сырқаттанатыны белгілі. Бәлкім сондықтан болар, емханадағы отбасылық дәрігерлік орталықтың №14 учаскесінің алды қашанда егде жастағы келушілер легінен бір босамайды. Алайда, дәрігердің қабылдауына жазылған тиісті уақытында кіріп шыққан соң көңілдерін демдеп отырған қариялардың учаскедегі терапевт дәрігер Гүлнара Сыдықова мен аға медбибі Раушан Шаханованың тыңғылықты қызметіне ризашылықтарын білдіріп отырғандарына бірнеше рет куә болдым.Осы жағдай дәрігерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында қолыма қалам алып, ардагерлар алғысына бөленген абзал жандар туралы жазуыма түрткі болып отыр. Отбасылық дәрігерлік орталықтың №14 учаскесі негізінен зейнеткерлерге және осында тіркелген Шығыс Жезқазған, Анненск, Жыланды кеніштерінде еңбек ететін кеншілер мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсетеді. Учаскеде 1700 адам тіркелген. Көпшілігі егде жастағы қарт адамдар. Оның ішінде 930 сырқат диспансерлік есепте тұрады екен. Міне, осының өзі учаске бойынша атқарылатын жұмыстың ауқымды екенін аңғартса керек.
Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлнара Сыдықованың осы учаскеде істегеніне екі жыл болды. Ал, оның оң қолы саналатын медбибі Раушан Шаханова жеті жылдан бері осы күрделі учаскеде.Гүлнара 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің терапия бөлімін ойдағыдай бітірген соң еңбек жолын Балқаш қалалық ауруханасында бастады. Неврология бөлімшесінде екі жылдай ординатор болып істеді. Бұдан кейін Қарағанды қалалық №1 емханасына ауысты. Ол еңбек ете жүріп университетте неврология бағыты бойынша қосымша білім алып, невропатолог мамандығын да меңгеріп алды. Жезқазған медициналық орталығында еңбек еткеннен бері өз кәсібін жақсы меңгерген маман ретінде танылып келеді.
– Дертіне дауа іздеп алдыңа келген сырқаттардың көңіл күйіне көп нәрсе байланысты. Әдетте мен адамдармен жылы сөйлесіп, көңілдеріне сенім ұялатуға көбірек мән беремін. Ауруға әсер ететін себептеріне тереңдеп үңіліп, кейбір бас тартуға тиісті жағымсыз әдеттерінен арылтуға назар аударамын. Сонымен қоса, зертханалық сараптамалары мен диагностикалық тексерістерін мұқият талдай келіп дұрыс диагноз қоюға тырысамын. Қатарлас еңбек ететін тәжірибелі мамандармен ақылдасып отырудан да арланбаймын. Белгіленген ем шараларының тиімділігін зерделеп, бақылап отыру да аса маңызды. Пациенттеріміздің жағдайы жақсарып, тәуір болғанын көру бізге де айтарлықтай қуаныш сыйлайды. Әрбір осындай жағдайдан кейін марқайып қаламыз, – дейді Гүлнара Лесбекқызы.
Учаскеде диспансерлік есепте тұратын сырқаттардың көп болуы да жедеқабыл әрі жүйелі жұмыс істеуді талап етеді. Медбибі екеуі олармен тұрақты байланыста болып, жылына екі рет медициналық тексеріске шақырып отырады. Сондай-ақ, мұндай дәрежедегі сырқаттарғатыңғылықты ем-шараларын алу үшін жылына бір рет ауруханаға жатқызуға жолдама беріледі. Сондай сырқаттардың бірі еңбек ардагері Мұрат Тұрғанбеков қария уақытылы емделіп отыруына өзі тіркелген учаскедегі дәрігердің ұдайы көңіл бөліп отыратындығына дән риза көрінеді. Кезінде Ұлытау ауданында жауапты қызметтер атқарып, зейнетке шыққаннан бері қала тұрғынына айналған Қоңыр Смағұлов ардагермен де осы жерде кездесіп қалдық.
– Сырқаттанып қалсақ осында келеміз. Дәрігеріміз Гүлнара қызымыз күліп қарсы алады, қабақ кіржитіп ренжіген кезін көрген жоқпын. Раушан қарындасымыз да сондай. Бар көмектерін көрсетіп, кеңестерін беруге құлшынып тұрады. Қажетті жолдамаларын жазып беріп, ем шараларын жалықпай түсіндіріп шығарып салады. Еңбектері жемісті болсын. Өз басым өте ризамын, – дейді Қоңыр ағамыз.
Диспансерлік есепте тұратын зейнеткер Свицова Надежда Ивановнаның да өз дәрігерлеріне деген ризашылығы шексіз. Әсіресе, медбибі Раушанның еңбегін, керекті дәрі-дәрмегін үйге әкеліп беріп, қажет кезде уколын беріп жүгіріп жүретін елгезектігін сүйсіне айтады. «Порталға қойып, жыл сайын жатып емделуіме барынша қамқорлығын жасайды», – дейді кейуана асқан ризашылықпен.
Раушан Ермекбайқызы тәжірибелі медбибі. Жезқазған медучилищесін бітірген соң еңбек жолын 1992 жылы Ұлытау аудандық ауруханасында бастаған. Жезқазған медициналық орталығында 2007 жылдан бері істеп келеді. Әуелде ЛОР бөлімшесінде, одан кейін неврологияда аға медбибі болды. Өз ісіне тыңғылықтылығымен танылды. Басшылық 2015 жылдан бастап оны осы учаскеге ауыстырған болатын. Бұл жерде де жауапты жұмысты ұршықтай үйіріп әкетті. Бүгінде учаскеге табан тірейтін сырқаттардан бастап, таяққа сүйеніп келген қарияларға дейін ең алдымен Раушанды іздейді. Раушан болса, олардың әрқайсының өтініш-тілектеріне мұқият құлақ қойып, тиісті кеңес пен жолдамасын береді, дәрігердің қабылдауына жазады. Тынымсыз еңбек осылайша күн сайын жалғасып жатады. Ол бүгінде өзі де жас мамандарды баулып, шәкірт тәрбиелеуде. Сондай жастардың бірі Аида Қыдырбек өткен жылы медициналық колледжді бітірген соң осында орналасқан екен. Раушанның қамқорлығымен қазір медбибі ретінде осы учаскенің жұмысын жап-жақсы меңгеріп қалыпты. Сонымен қатар Раушан Шаханова көп балалы ана. Төрт баласын тәрбиелеп өсірді. Жұмыстан келгенін міндетсінбей отбасында жолдасы Қанибектің, балалары мен немересінің де бабын таба біледі. Қазір үлкен ұлы Мейіржан ішкі істер органында қызметте, Аружаны теңін тауып тұрмысқа шықты. Кішілері мектепте оқиды.
Өмір жолы – сан тарау. Осы үлкен жолда алдына айқын міндет қойған жандар ғана қиындыққа қайыспай, бұралаңынан адаспай діттеген мақсатына қол жеткізетіні белгілі. Адам жанының арашасысы болуды жастай жүрекпен қалап, осы үлкен жолда аянбай адал еңбек етуді басты парызымыз деп білген Гүлнара мен Раушанды да сондай биік мақсат иелері десек асыра айтқандық емес. Өмірде әрнәрсенің өз қиындығы болады. Мәселен, жас қызға медициналық оқу орнында 8 жыл бойы тапжылмай оқып, білім нәріне сусындау оңай шаруа емес. «Ата-анамның көмегі болмағанда қиын болатын еді. Әкем тарихшы, анам музыка пәнінің оқытушысы болса да менің дәрігер болуымды қалады. Сол кісілердің қолдау білдіріп, қамқорлық жасауының арқасында ойдағыдай оқып, мамандығымды меңгердім», – дейді Гүлнара. Ендігі мақсат алдына келген сырқат жандарға жүрек жылуын сыйлап, дерттерінің дауасын тауып, шипалы ем шараларын жасау. Осы жолда тәжірибелі медбибі Раушан Ермекбайқызымен бірлесіп, бір-біріне қолдау танытып түсіністікпен еңбек етулерінің арқасында ел алғысына бөленіп отыр. Ақ халатты абзал жандардың еңбектері жемісті, алдағы алар асулары биік болсын дейміз!
Амандық РАХҰЛЫ.
Суретте: дәрігер Гүлнара Сыдықова мен медбибі Раушан Шаханова.