Ерқанат Көшенов Жаңаарқадағы ойын-тойдың ортасында жүретін, елге белгілі әнші әрі аудандағы музыкалық мектепте мұғалім болып істейді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол биыл бұл өңірде аса көп кездесе бермейтін бір тосын кәсіппен айналысуға бекінді. Сөйтіп келіншегі Әйгерім екеуі бірлесіп «Ерназар» жеке кәсіпкерлігін құрып, бөдене құсын өсіруді қолға алды.
Әнші болғанда, Ерқанат осы саланың кәсіби маманы. Ол 2011 жылы Жезқазған музыкалық колледжін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, қазақтың халық әндерін орындаушы Ғалым Мұхамединнің класы бойынша, 2015 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын дәстүрлі ән класы бойынша бітірген болатын. Еңбек жолын музыкалық мектепте мұғалімдіктен бастады. Қазірде сол мектепте ұстаз болып еңбек етуде. Жас жеткіншектерге дәстүрлі әннен сабақ береді. Сонымен қоса, өнерпаз жігіт «Жаңаарқа триосы» тобының танымал әншісі. Өздеріне тән ән орындау мәнері мен стилі қалыптасқан үш әнші жігіттен құралған бұл топ Жаңаарқадағы мәдени-көпшілік шаралардың белортасында жүреді. Өнерлерімен халық сүйіспеншілігіне бөленген. Енді міне, Ерқанат кәсіпкерлікке бет бұрып, көпшілікке мүлдем жаңа қырынан танылайын деп отыр. «Бөдене өсірмекпін» дегеніне әуелде әзілдеп айтқаны болар деп, қатар жүрген жолдастарының өзі таңданып қалған еді. Көп кешікпей оның құс өсірудің қыры мен сырына үңіліп, бұл кәсіпке шынымен бет бұрғанына олардың да көзі жете түсті.
Бөдене – тауықтар тобына, қырғауылдар тұқымдасына жататын құс. Оның денесінің тұрқы бар болғаны 16-20 см, салмағы 80-150 грамм аралығында болады екен. Осыған қарамастан көптеген елдерде бөденені жұмыртқа алу үшін өсірумен қатар, одан сапалы ет өндіру де жолға қойылған. Қазақстанда бөдене фермасын ашқан шаруашылық иелері де бар. Еті мен жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы диеталық өнімдер қатарында саналғандықтан оны көпшілік жұрт жақсы бағалайды. Ерқанатты да титімдей құстың осы қасиеті қызықтырса керек.
– Жапондар бөдене жұмыртқасын радиацияның әсеріне қарсы тағам ретінде қолданатын көрінеді. Короновирус уағында оның етін жеп, сорпасын ішкендер болған. Тұмауға, суық тигенге мың да бір ем. Туберкулез ауруына да шипасы бар. Әуелде өз денсаулығым үшін деп шамалысын өсірмек болғам. Жұмыртқасын таңғы ас алдында шикідей ішкен денсаулыққа пайдалы. Үй-ішімізбен солай қолданып жүрміз. Интернет желілеріндегі бөдене жайлы жазылған деректерді үнемі қарап, сараптай келе оны өсіруді кәсіпке айналдырғым келді. Бөдененің қанатының асты 44 градус ыстық болады екен. Бұл кездейсоқ ауруға өте төзімді құс. Бәрін есептеп, бизнес жоспар жасадым. Сол бойынша биыл аудандық әкімдіктен 1 млн. теңгенің грантын иелендім. Содан тапсырыс беріп, 600 мың теңгеге инкубатордан балапан сатып алдым. Үш түрлі тұқымынан – бройлерлік ет бағытындағы ағылшындық техас, жұмыртқаны жақсы беретін маньчжур және еті жеңіл, дәмді келетін жапондық «японка» тұқымдарын алып өсірдім. Қазір инкубаторымда 300-дей бөдене бар. Осының 100-ден астамы жұмыртқа беріп отыр, – дейді кәсіпкер Ерқанат Айшырақұлы.
Бөденелері алғашқы кездері күніне 30-40 жұмыртқа берсе, қазір 60-70 жұмыртқадан алып отыр. Есейген сайын жұмыртқалауы қосыла түсетін көрінеді. Жұмыртқа өнімін халыққа ұсыну үшін ветеринариялық тексерістен өткізіп, олардан тиісті рұхсатнама алыпты. Маркетингтік талаптарға сай өнім туралы деректері жазылып, арнайы сауыттарға 20 данадан салынған жұмыртқаларын аудан орталығындағы «Жандос» және «Әлия» супермаркеттеріне өткізеді. «Ерназар» ЖК өндірген бір жұмыртқа 45 теңгеден бағаланып, сауыты тұтынушыларға 900 теңгеден ұсынылуда. Кәсіпкер алдағы уақытта инкубатор арқылы жұмыртқадан балапан шығарып, бөдене басын көбейтуді де ойластыруда. Осы мақсатта ол Алматыға тұрмыстық инкубатор мен брудерге тапсырыс беріпті. Брудер – жұмыртқадан шыққан балапандарды алғашқы апталарда жылытуға арналған қондырғы. Қалыпты өсуі үшін құстың бабын табу да оңай емес. Жемін, суын берумен қатар жарық пен жылуды реттеп отыру да аса маңызды. Өз кәсібіне бар ынтасымен кіріскен кәсіпкер жігіт осы шаруалардың бәрін ретімен орайластырып жүргізуде.
Әңгіме барысында аңғарғанымыздай, Ерқанат бөдене шаруашылығын дамытудың жай-жапсарын жан-жақты қарастырып отырған көрінеді. Қазірдің өзінде ол өткізген жұмыртқаға сұраныс деңгейі арта түсуде. Жалпы, бөдене жұмыртқасындағы қоректік заттардың мөлшері тауыққа қарағанда бірнеше есе көп, әрі онда мүлдем холестерин болмайды екен. Осы ерекшеліктеріне байланысты бұл салаға бет бұрушылар мұны болашағы бар бизнес санаса керек. Тіпті, жұмыртқасының қабығын үгітіп кальций ретінде балалардың тағамына қосып пайдалануға болады дейді. Жоспарлаған істі ойдағыдай жүзеге асыруға әнші жігітке жұбайы Әйгерім сенімді көмекші болып отыр. Олар алдағы уақытта бөдене басы көбейген кезде жұмыртқа өндірумен қатар оның еттік бағытын да жолға қоюды көздеуде.
Амандық РАХҰЛЫ.