1995 жылы қыркүйекте мыс қорыту заводындағы сирек металдар цехының базасында «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тұсауы кесілді. Сол жылдың аяғында Төлеген Бүкіров атқарушы директор болып тағайындалды. Жарты жылдың о жақ, бұ жағында екі бас директор ауысып, келесі жылы шілдеде Төкең кәсіпорын тізгінін қолына алды.
Сирек кездесетін бағалы металл өндіру мен өткізу мемлекет бақылауында болғанын көздеген Үкімет 1997 жылы қаңтарда «Жезқазғансирекметті» жекешелендіруге жатпайтын кәсіпорындар қатарына қосты. Осыдан-ақ оның экономикадағы маңызын, онда стратегиялық мақсатқа пайдаланылатын аса бағалы шикізат өндірілетінін байқауға болады.
Ашығын айтсам, сирек металдар цехының табалдырығын алғаш рет Төкең «Жезқазғансирекметтің» тізгінін ұстағаннан кейін төрт жылдан соң аттаппын. Мыс қорыту заводының аумағы ат шаптырым өндірістік алаңына журналистиканың «жемісін терген» ширек ғасырға жуық уақытта талай табаным тигенімен, бірақ, бұлай қарай аттап баспаппын.
Жалпы қолына қалам ұстаған қауым көбіне шихта дайындау, балқыту, электролит цехынан қайтатын. Күкірт қышқылы цехына да онша үйір емес. Соңғысына сирек барудың себебі белгілі. Алғашқы үш цехты араласаң жетіп жатыр, кәсіпорынның тыныс-тіршілігі мен түпкі өнім – мыс туралы мол мәлімет жинап аласың. Сосын күкірт кышқылы цехының қолқаны атқан газы мен кеңсірігіңді қаңсытқан иісіне кім құмарта қойсын?!
Ал, сирек металдар цехының өзіндік «құпиясы» бар еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, онда қымбат металл өндіріледі. Біреулер он төрт түрлі сирек элемент айырып алынатын айтса, кейбіреуі ол көрсеткішті жиырмадан асырып тастайтын. Олар қандай металл? Біз үшін, басқасын былай қойғанда, алтын мен күмісті алға тартса жетіп жататын.
Осы күнгі осмийдің ол кезде атын да естімейтінбіз. Қысқасы, «құпия» өндірістік буынға қатысты сауалдарды, қан алардай қадалғанды кәсіпорын басшылары да ұната қоймайтын. Сосын, сирек металдар цехы «бәлен айдың жоспарын пәлен процент асыра орындады» деген сипаттағы мәліметпен шектелетінбіз.
Енді, міне, сол цехты аралап жүрмін. Айқара ашық жатқан аула жоқ, әрине. Алдымен, мыс қорыту завдының күзетшісі рұқсат қағазын тексерді. Сосын, кәсіпорын кіреберісінде қаруланған қос жігіт киім-кешекті сыртынан «қағып» өтті. Менің келетінімді, кім екенімді білсе де, қатты бақылаудың «қалқаны» осылай қарсы алды. «Кешіріңіз, тәртіп солай!» деді, жинақы жас жігіт. Кешірмегенде қайтып кетер дейсің бе, «Оқасы жоқ» деп, ентелеп ілгері ұмтылдым.
Жолбасшым – Қали Абайділдинов деген жас жігіт, иненің көзінен өткендей лыпып тұр, бас технолог. Әңгіме арасында жоғары оқу орнын Мәскеуде бітіргенін біліп алдым. Технологиялық үдерістің ұңғыл-шұңғылын «шекілдеуікше» шағып келеді. Цехтың сыртқы көрінісі салған беттен көңілге қона кетіп еді, іші тіпті жұтынып тұр екен.
Жуынып-шайынатын орынға жеткенде таза таң-тамаша болдым. Оны тек көзбен көру керек. Бір сәт өндірістж кәсіпорында емес, өзінді жамбасақысын анау-мынаудың қалтасы көтере бермейтін мейманханада тұрғандай сезінеді екенсің. Жалпы сырлау-әрлеу жұмысының соншалықты сапалы әрі талғампаздықпен орындалғаны цехтың қай тұсына барсаң да бірден көзге ұрып тұр.
Есіме осының алдында ғана кәсіпорын бас директоры Төлеген Бүкіровпен болған әңгіме түсті. Ол: «Соңғы уақытта әлемдік нарықта біздің өнімге сұраныс артып, бағасы едәуір өсті. Соның арқасында жағдай біршама жақсарып қалды. Қолға тиген қаржыны тиімді пайдаланып сирек металдар цехында жөндеу-қалпына келтіру жұмысын жүргіздік, көнерген жабдықтың біразын жаңғырттық, басқарма баспанасын да ағымдағы жөндеуден өткізіп алдык» деген. Әнгіме арнасы өндірістік мәселеден кейін, әлеуметтік салаға ойысқан.
– Көп кәсіпорынды көріп жүрсіз ғой, біздің де барымызды байқаңыз. Адамдарға қолдан келгенше жағдай жасаудамыз. Тұрмысты тапшылық қысып тұрған мына заманда әркім арқа сүйер ұжымы бар екенін сезінсе, соның өзі адамның еңбекке деген ынтасын арттырып, коғамға қатысты көзқарасына көлеңке түспеуіне ықпал етпей ме?! Ешкімнің меселін қайтарған емеспіз, – деген Төкең.
– Төке, «ешкімнің меселін қайтарған емеспіз» деп қалдыңыз. Бұл осы кәсіпорында істейтіңдерге ғана қатысты ма? – деген сауалды көлденең тарттым.
– Тұрмысты тапшылық қысып тұрғанын айттым. Ол отбасымен шектелмейді. Нарықтың нарды жығар екпіні бюджеттік мекеменің, әсіресе, оқу және мәдениет орнының шаңырағын шайқалтып тастағаны белгілі. Біз қалыптасқан жағдайды жақсы түсінеміз, шама-шарқынша қол ұшын береміз. Әңгімені цифрмен «тұздықтап» отырмасақ болмас, бірнеше мысал келтірейін. Былтыр қаладағы 9 орта мектепке, жасөспірімдер спорт мектебіне, перзентханаға, «Үміт» және «Бөбек» балалар үйіне, «Металлург» футбол клубына, «Сәби» балалар қорына, қалалық мұрағатқа, тарихи-археологиялық музейге, «Қазақ тілі» қоғамына, қаламгерлердің «Шабыт» қорына, байқауға қатысатын немесе әнін жаздырғысы келген бірнеше өнер иесіне қаржылай қарастық.
Ол жанға жағымды биязы үнмен баяндап отыр. Жүзінде иман үйірілген жігітке риза боласың. Негізі Төкеңмен табақтастық терең таныстығым жоқ. Бетпе-бет бірақ рет кездескем, онда да кеңседе. Ол кезде Жезқазған мыс қорыту заводында партия комитетінің хатшысы болатын. Қызмет бабында кіріп шыққанмын. Даусын көтеріп сөйлемейтін сырбаз жігіт көрінген. Кейін 1991 жылы мамырда сирек металдар цехына басшы болып барғанын естігенмін. Мыс айдынындағы «алтын аралдың» атасы деп отырғаным да сондықтан.
– Сезінгенге, сенім де сертпен тең, – деп өткенді ой елегінен өткізеді Төкең. – Білекті түріп, іске кірісіп кеттім. Келесі жылы технологиялық үдерісті осмий алуға бейімдей бастадым. Оған бұрынғы стандартты жабдық жарамайтын. Сосын жаңа технологияға қажеттісін жасауды цехта өзіміз ұйымдастырдық. Бірнеше маманды Алматыдағы сала институтына арнайы жіберіп алдық. Жалпы Жезқазған кенінен рений мен осмий алуға болатыны отызыншы жылдардан белгілі. Бірақ, халық шаруашылығының қай саласына қолданылатындығы белгісіз болғандықтан, өндірістік жолға қойылмаған. Бұл цех ренийдің күні туғаннан кейін, 1976 жылы ашылды. Сенсеңіз, осмий қандай мұқтаждыққа қажеттігі әлі белгісіз.
Біздің қазіргі негізгі өнім саналатын аммоний перренаты – рений тұзы. Ал, осмийдің рениймен тіркесіп жүретіні ғылыми ортаға мәлім. Әлемдегі рений қорының үштен бір бөлігіне жуығы Жезқазған жерінде шоғырланған. Геологтардың пайымдауынша, мұндай кен қыртысының түзілуі үшін ондаған миллион жыл қажет екен. Міне, осындай игілікті игерудің көзін табудамыз. Жобаланып отырған жұмыс жеткілікті. Жылдың басынан бері жеті фирмадан өтініш түсті. Өндіріс көлемін жай ұлғайтып қана қоймай, өнімнің тауарлылық қасиетін көтере түссек, ол дегеніңіз – көл-көсір табыстың көзі!
Бұл үшін ренийді металл күйінде алудың алғы шарттары жасалуда. Анығын айтсақ, арнайы учаске дайындалуда. Сондай-ақ, үш негізді қорғасын сульфатын шығару жоспарланған. Бұған қажетті шикізат – қорғасын шламы бізде жеткілікті. Шалғайдағы және жақындағы мемлекеттерге өтімді дүние жөнелткен жөн емес пе?! Жаңа өнімге Россияның ірі фирмалары қазірдің өзінде назар тігіп отыр.
Мен сыртқа шыққанда өзімді мыс айдынындағы «алтын аралда» тұрғандай сезіндім. Мәселе кәсіпорынның Жезқазған мыс қорыту заводының өндірістік алаңында орналасқанында емес. Мыстың да құнын кеміткім келмейді. Көсегемізді көгертіп отырған сол саф алтындай сары мыс. Алтынға ауыз үйреніп қалған, әйтпесе бұл кәсіпорынды «інжу-маржан» немесе «жақұт» аралы десек те артық емес.
Осы мақалаға өзек болған жағдаятты жазғаныма жиырма жылдан асып барады екен. Уақыт қандай ұшқыр?!
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.