ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлттық құрылтай мүшесі, мемлекет қайраткері Әлихан Бәймен жер қойнауын пайдаланушыларға берілетін жеңілдіктерге ревизия жасауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Адами капитал дамуында экономикалық саясаттың орны ерекше. Мемлекет басшысының монополиядан арылуға бағытталған батыл шешімдері қоғамдық психологияға да әсер етіп, алпауыт олигархтар елдің иесі – ұлт бар екенін сезе бастағандай» – деді ол Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында. Сондай-ақ ол референдум арқылы жер мен жер қойнауының иесі халық екені бекітілгенін еске салды. «Енді жер қойнауын пайдалану контрактілері жария болуын міндеттейтін заңдар қажет. Екіншіден, Үкімет осы күнге дейін беріліп келген салықтық, кедендік, басқа жеңілдіктерге ревизия жасап, арнайы комиссия қайта шешім қабылдағанша олардың берілуін тоқтата тұру дұрыс деп есептеймін», – деді Әлихан Бәймен.. Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр. Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды. Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар. Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/alihan-baymen-zher-koynauyn-paydalanushylarga-beriletin-zhenildikterge-reviziya-zhasaudy-usyndy_a3945161