Екі қуатты шахтаның (№67 және №73-75) басын біріктіріп береке белесін бетке алған «Батыс» кенішінде кен өндіру үдерісінің өзіндік сипаттағы әртүрлі саласын, қыр-сырын мінсіз меңгерген бір мың екі жүзден астам адам еңбек етеді. Олардың ортақ мақсаты – белгіленген өндірістік тапсырманы өз деңгейінде тиянақты орындап, әр ауысымнан кейін аман-есен отбасына оралу. Қашанда қауіп-қатері қанжығаласып жүретін кәсіпте кездесетін қиындыққа кәсіби шеберлігі мен қажыр-қайратын қарсы қойып, көздеген деңгейден көрінген кеншілер қауымы жылдың алғашқы тоқсанын табысты қортындылап, екпінді еңбек вахтасын одан әрі сәтімен жалғастыруда.
– Біздің бөлімде бес қызметкер бар. Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғауды мониторингтеу жөніндегі жетекші инженер, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай жөніндегі инженер, электронды есептеу машиналары операторы жұмыс істейді. Басшылық жасау маған жүктелген. Біз кеніштегі қауіпті өндірістік нысанда еңбек қауіпсіздігінің мәдениетін арттыруға және апаттың, өндірістік жарақат пен кәсіптік ауру-сырқаудың деңгейін кемітуге бағытталған өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғау саласындағы жұмыстарды үйлестіріп, мониторингтап отырамыз.
Өндірістік буындарда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары, ережелер мен нұсқамалар сақталуын қадағалаймыз. Апаттың алдын алуға және оқыс оқиғаларды болдырмауға бағытталған бақылау-ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Қауіпті өндірістік тәуекел төбе көрсеткен телімдерді айқындап, қатері қаншалықты екенін бағалауға атсалысамыз, қауіпі қатер төндіріп тұрған қызметті тоқтатамыз, жұмыстың жағдайына сәйкес адамдардың жеке қорғаныш құралдарымен уақытылы қамтамасыз етілуіне ықпал етеміз, – дейді кеніштегі қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғау бөлімінің бас маманы Ерболат Баекенов.
«Батыстағы» ірі өндірістік буын – №67 шахта. Төрт кен өндіру, бір проходкалау, бір дәрі аттыру, бір забой төбесін қауіпсіздендіру және бірнеше қосалқы телімді қамтитын онда сегіз жүзге жуық адам жұмыс істейді. Олар тәулігіне 95 мың тонна кен өндіру жолында толассыз тер төгеді. Шахта директоры – кен өндірісінің сан сатысынын сәтті өткен білікті басшы Ерлан Оспанов, бас инженері – жас та болса өзінің қарым-қабілетін көрсетіп үлгерген Талант Сейітмағанбетов.
– Жалпы бұл «Батыс» кеніші ғана емес, «Қазақмыс» компаниясының барлық құрылымында қауіпсіздік пен еңбек қорғауды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда басшылық пен қызметкерлердің бірлескен іс-қимылын тиімді етудің механизмін жасауға бағытталған қайырлы қадамның тұтас кешені қалыптасқан. Ондағы басты мақсат – әр адамның амандығын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбекті өндірістік үдерістің ажырамас бөлігіне айналдыру. Әр деңгейде өндірістік тәуекелді басқарудың, сол арқылы ықтимал қауіпті шынайы сезіне отырып, оны болдырмаудың немесе кемшілікті жедел жоя білудің тиімді жолын табудың жүйесі енгізілген.
Компанияның барлық кәсіпорны мен мердігер ұйымында өнеркәсіптік қауіпсіздікке бұлай жүйелік көзқарастың түптің түбінде табысты болуына игі әсер ететін бір пәрменді фактор бар, ол – ең алдымен, әр қызметкердің бойында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру деп ойлаймын. Ондай адам кез-келген ұжымнан табылады. Мәселен, біздің шахтадан «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері, кен өндіру телімінің бригадирі Бақытжан Қазыбеков пен кен қопарушы Талғат Балабековті атап айтар едім. Ақыл тоқтатқан өндіріс ардагерлері түгіл, ондай қасиет тәуекелге тіленіп тұратын жастар арасында да кездеседі. Солардың қатарында кен тиеу-жеткізу машинасының жүргізушісі Нұржан Сәкеев, телім басшыларының орынбасарлары Жасұлан Жалғасбаев пен Жасұлан Омаров та жүр.
Мен жөпелдемеде есіме түскендерінің ғана есімін атадым. Әйтпесе, өндіре жұмыс істеп, табыстың көлемін көбейтіп, қауіпсіз еңбектің көзін тауып жүрген ондай өндіріс өрендері жетіп артылады. Демек, солардың адами әрі кәсіби қасиетін ашып көрсету, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып еңбек қауіпсіздігінің стандарттарын қайта қараған артық емес. Әрине, бұл – кешенді жұмыс жүргізуді қажет ететін ауқымды шаруа, – деген, сегіз жүздей адамы бар шахтаның шылбырын шира құстап, оларды табысты еңбекке бастай білген басшының пікірі көңілге қонды.
– Еңбек қорғау – сан-сапалақ техникалық тетігін түгендеу өз алдына, басқа да маңызды саланы қамтитын өте күрделі шаруа. Бұл кеніштегі кәсіподақ комитетінің назарынан да таса қалған емес. Айталық, кейінгі бір жылдың көлемінде кеніш басшылығымен бірлесіп қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен оған қатысты заңнамалардың жүйелі орындалуын қадағалау, адамдарды жеке қорғаныш құралдарымен және жұмыс киімдерімен жабдықтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану мен демалыс ережесін сақтау, денсаулықты бақылау мен дұрыс тамақтандыру, ғимараттар мен кеңселердің, шеберханалар мен жабдықтардың техникалық жағдайын тексеру, өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайын тудыру, тазалық-тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселелері комитет отырысында арнайы қаралды. Оған тиісті қызмет басшылары қатысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстар туралы айтты.
Әкімшілік-тұрмыстық комбинаттың жағдайы мен асханалардың жұмысы апта сайын назарда ұсталады. Қауіпсіздік техникасы, еңбек тәртібі жөніндегі кеңестердің отырыстарына ұдайы қатысып отырамыз. Кеніште бес техникалық инспектор бар. Бір жылдың көлемінде алпысқа жуық тексеру жасалды. Оның жартысын жұмыс берушімен және техникалық қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп жүргіздік. Табылған жүз сексенге жуық тәртіп бұзушылықтың алтыдан бес бөлігі қалпына келтіріліп, қалғанына қатысты тиісті жұмыс жалғастырылуда. Кәсіподақтың қызметі, кейбіреу ойлайтындай, тек демалыс орнына жолдама тарату меншектелмейді, – дейді «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы кеніштегі ұйымының басшысы Абзал Байсалбаев.
Кен ұнтақтаушы Мұса Қорғанбековпен, конвейер машинистеріі Баян Байтышқанова және Ұлпан Асылбаевамен, электрслесары Арман Жаңабатыровпен, кен тиеуші Дархан Нүрпейіспен кезекті ауысымға түсер алдында кездестік. Санаулы сәттен соң жылжымалы сатымен шыңыраудағы «кеншілер патшалығына» жол тартқалы тұрған оларға «төзімді төбе» мен табысты еңбек тіледік.
Дүниежүзілік екбекті қорғау күні құрметіне кеніштегі техникалық инспекторлар – өндірістік бөлімнің жетекші инженері Қайрат Башпаев «Қазақмыс» компаниясы бойынша «Техника қауіпсіздігі жөніндегі үздік қызметкер» атанып, №27 телім кеншісі Владимир Александрович Тимчук «Тау-кен-металлургия кәсіпорындары және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіптікодағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы – Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Әлібек ӘБДІРАШ.