Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарында әлеуметтік саланың инфрақұрылымдарын жаңғырту және жаңа нысандарды қатарға қосу жөнінде ауқымды жобалар бар. Мәселен, Жезқазған облысы жабылғаннан бергі ширек ғасырдың ішінде өңірде мектептер, денсаулық және мәдени мекемелерін салуда айтарлықтай артта қалушылық орыналды. Ендігі мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру. Алдағы жылда 4700 оқушыға арналған тоғыз мектеп, 980 орындық бес балабақша және оқушыларды мектептен тыс кезіндегі бағдарламалармен қамтитын төрт Оқушылар сарайы салынады деп жоспарлануда. Осындай игіліктер денсаулық пен мәдениет саласында да жүзеге асырылатын болады.
Жоспар бойынша білім беру ғимараттарының құрылысы биылғы жылдан қарқын ала бастайды. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандумға сәйкес 2,8 млрд. теңге инвестицияға Жезқазған қаласында заманауи балабақша бой көтереді. Көп жылдан бері «сақалды құрылысқа» айналған тағы бір 320 орындық балабақшаның аяқталмаған жұмыстарын тиянақтап, алдағы жылы пайдалануға беру де корпорацияның күшімен атқарылмақшы. Сәтбаевта да осындай 320 орындық балабақша құрылысына «Қазақмыс» қаржы бөледі. Жергілікті бюджеттің 400 млн. теңге қаржысына Ұлытау ауданында 100 орындық балабақша 2023 жылы, 600 млн. теңге қаржыға Кеңгір ауылында 140 орындық балабақша құрылысы 2024 жылы жүргізіледі.
Жезқазған қаласы мен Жәйрем және Жаңаарқа кенттерінде 2024 – 2026 жылдары Оқушылар сарайын салуға жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылады. Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы алдағы жылы аяқталады. Балалардың демалысын ұйымдастыруға қатысты орындар да орайымен ойластырылуда. Мәселен, алдағы жылы Жезқазғанда балалардың жазғы лагері, Ұлытауда этнотуристік бағыттағы балалар лагері ашылмақшы. Бүгінгі күні облыстың білім беру саласында 300-ге жуық педагог кадрлары жетіспейді. ЖезУде үш-төрт пән бойынша ғана мұғалімдер даярланады. Жас кадрларға жағдай жасаум ақсатында облыс орталығында 2024 жылы педагогтарға арналған жатақхана құрылысы салынбақшы. Оған жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Сәтін салса, осы жылдан бастап Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің базасында халықаралық деңгейдегі мемлекеттік техникалық университет ашу көзделуде. Колледж ғимаратын қайта құруға жергілікті бюджет көзінен 500 млн. теңге бөлінетін болды. Бюджеттің 700 млн. теңге қаржысына 2024 жылы Жезқазған музыкалық колледжінің ғимараты қайта жаңғыртылмақ. Сәтбаев қаласындағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның STEM-зертханасының құрылысы келісім бойынша «Қазақмыс» корпорациясының қаржысы арқылы 2025 жылы іске асырылмақшы.
«Білімді ұлт – сапалы білім» ұлттық жобасы бойынша өңірдегі мектептерге қайта жаңғырту жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Мәселен, 2023 жылы 4 мектепке, 2024 жылы– 5, 2025 жылы – 6, 2026 жылы 7 мектепке күрделі жөндеу жасалады. Сондай-ақ білім ұяларының асханаларын, акт залы мен спорт залдарын жөндеп, жаңажабдықтармен жабдықтау да қоса атқарылмақ. Мұның барлығына жергілікті бюджет қаржысы жұмсалады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының көмегімен 7 робот техникасы кабинеті жабдықталады. Лизинг арқылы облыс мектептері үшін 10 автобус сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 447 млн. теңге бөлінбекші. Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатқа 200 орындық жатақхана салынады. Оған 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге қаржы бағыттау жоспарланған. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 800 млн. теңге бөлу арқылы Жезқазған технология және сервис колледжі мен №3 «Білім инновация» лицей-интернаты ғимараттарына, 368 млн. теңге қаржыға Жезқазған тау-кен металлургиялық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында және облысты дамытудың аймақтық бағдарламасы бойынша 9 жаңа мектеп салу жобаланып отыр.
Өңірдің денсаулық сақтау саласын жақсарту да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Ауыз су сапасының нашарлығы, ауа мен қоршаған ортаның зиянды қалдықтармен ластануы ауру-сырқаудың асқынуына айтарлықтай әсерін тигізуде. Медициналық мекемелер қазіргі заманға сай емес, дәрігер мамандарының жетіспеуі проблемаға айналуда. Кешенді жоспарда осы түйінді мәселелерді шешу мақсатында 19 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Бірінші кезекте медицина мекемелерінің инфрақұрылымын жаңартуға мән берілуде. Республикалық және жергілікті бюджет қаржысына 2025 жылға дейін Жезқазған қаласында перинаталдық орталық салу, 2023 жылы Қаражал қаласындағы орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі, сондай-ақ, Жаңаарқа ауданы орталық ауруханасының емхана ғимараттарын күрделі жөндеу көзделуде. Ұлытау ауданы орталығында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы бар 20 төсектік аурухана салынады. Жеке инвестициялар тарту арқылы облыстық жеделжәрдем станциясына 12 реанимобиль алу, Сәтбаев қаласында емхана мен травматологиялық пункт салу, Жезқазғанда мүгедек балаларды оңалту орталығын ашу жоспарланған.
«Ауыл денсаулығын сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 25 адам қабылдай алатын 10 фельдшерлік-акушерлік бекет Ұлытау ауданының Жетіқоңыр, Байқоңыр, Қоскөл,Терісаққан, Алғабас, Егінді, Борсеңгір, Шеңбер ауылдарында, Жаңаарқа ауданының Ынталы, Талдыбұлақ ауылдарында салынуы жоспарланған. Ал, 2 дәрігерлік амбулатория құрылысы Кеңгір ауылында және Жаңаарқаның Ақтүбек ауылында жүргізілсе, 8 медициналық бекет – Ұлытау ауданының Пионер, Ақтас, Айыртау, Жаңаарқа ауданының Айнабұлақ, Кенжебай-Самай, Атасу, Ақбастау ауылдары мен Манадыр станциясында ашылмақшы. Сонымен қатар, ауруларды диагностикалау және емдеу сапасын арттыру үшін 2023-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 2,9 млрд. теңге қаржы бөлу арқылы 170-тен аса замануи медициналық аппаратуралар мен техникалық жабдықтар сатып алу көзделуде.
Мәдениет саласында да мәйекті межелер аз емес. «Қазақмыс» корпорацисының демеуімен облыс орталығында 2024 жылы 450 орындық музыкалық-драма театрының жаңа ғимараты бой көтеретін болады. Әулиетауға шығатын жолды және Теректі әулие маңайын, Күмісбұлақ пен Тасбұлақ аумақтарын абаттандыру шаралары да корпорация күшімен жүзеге асырылмақшы. Жергілікті бюджет қаржысына С. Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театры ғимараты мен Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне, Жезқазғандағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына қайта жаңарту жүргізіледі. Сәтбаев қаласындағы Кеншілер сарайы мен «Шахтёр даңқы» алаңына, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қарсақбай кентінің клубына күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін облыстық мемлекеттік архив ғимараты салынбақшы. Жезқазғандағы Ротонда аумағында амфитеатрдың бой түзеуін жабдықтап, абаттандыру 2023 – 2024 жылдарға жоспарланып отыр.
Жастар саясаты мен спортты дамыту бағытында да ауқымды жобалар бар. Жезқазғанда 320 орындық көпсалалы спорт кешені, Жезді кентінде 160 орындық спорттық нысан құрылыстары биылғы жылға жоспарланса, Кеңгір ауылында спорт кешені 2024 жылы бой көтереді. Сондай-ақ, Жезқазғанда «Намыс СК» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы, жабық хоккей корты, ескек есу спортының түрлеріне арналған кешен құрылыстары жүргізіледі. Ұлытау мен Қаражалда жабық жүзу бассейндері, Жаңаарқа кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені салынатын болады. Ұлытауо блысының «Еңбек» футбол клубын, Сәтбаевта балалардың «Арыстан» хоккей мектебін ашу жобалары «Ауыл – ел бесігі» және облыстың өңірлік даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақшы. Бүгінде «Еңбек» клубы туралы жобаны Қазақстан футбол федерациясы мақұлдап, футбол клубының екінші лигада ойнауына мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Жаңадан спорттық инфрақұрылымдарды іске қосу оң нәтижесін беруге тиіс. Сол арқылы адамдардың спортпен шұғылдануын қамту 45,2%-ке жетеді деп болжануда.
Жалпы, келешектің келелі жоспарлары толығымен жүзеге асқанда облысымыздағы әлеуметтік салалардың әлеуеті күшейе түсетіні сөзсіз. Көнекөз қариялар мен байырғы тұрғындар сонау 1973 жылы Жезқазғанның облыс орталығына айналған кезеңінің қаланың қанат жайып, өсіп-өркендеуіне айтарлықтай жол ашқанын жиі еске алады. Елу жыл бұрынғы ол кезең де, заман да басқаша екені белгілі. Ал, бүгінгі күні жіліктеп айтып отырған жобалар мен жоспарларымыз сәтімен жүзеге асар болса, екіншімәртеоблысорталығы мәртебесіне ие болған Жезқазған қаласы да өңірмен бірге жаңғырып, жаңаша кейіпте түлейтініне ел сенімі мол. Ендеше көңілге қонған сенімге селкеу түспеуін тілейік.
Амандық РАХҰЛЫ.