Алаш алаңында ХХ ғасырдың басында елім, жерім, халқым деп ұрандаған, тарихта өшпес із қалдырған Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш арыстары» композициясының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты кешке қаламыздың ардақты ақсақалдары мен қала тұрғындары қатысты. Жиналған көпшілік қауымға Алаш зиялыларының тарихта қалдырған сара жолдары мен ел болашағы үшін жасаған ерліктері таныстырылды. Сонымен қатар халық назарына «Алаштың ары болған арыстарым…» атты поэтикалық блок ұсынылды.
Кешке жиналғандарды Қарағанды облысының, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Ұлытау облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов және тарихшы, археолог, колледж оқытушысы Ләззат Сембинова құттықтады.
Күмбірлеген домбыра үнімен ұштасқан А.Сейдімбековтің «Сарыарқа» әні республикалық конкурстардың лауреаты, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ардақ Мұқышевтың орындауында тарту етілді. Ақын, журналист, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Мұқағали Сейтқазы ағалар рухына бағышталған арнау өлеңін оқып, халық қошеметіне бөленді.
Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Әлімхан Ермековтің рухтарына арналған ескерткіш-бюсті ашу құрметіне Ұлытау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Серікбайұлы Омар және Ұлытау облысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов ие болды. Алаш амандығы үшін болған қасиетті күрес жолына ғұмырларын бағыштаған зиялылардың бюстіне жиналған қауым тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Аталмыш шара Жезқазған қаласының 70 жылдығын лайықты қарсы алу мақсатында жасалған «70 жылдыққа – 70 маңызды іс» бағдарламасына («Ұлт және ұлылар шоғыры» танымдық-тарихи жоба бойынша) және ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу тарихи оқиғасына орайластырылып жасалды. Сонымен қатар, 2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Алаш қайраткерлері» композициясын ашу жөнінде жұмыстар қолға алынды. «Алаш қайраткерлері» композициясын әкімдік ғимаратының алдындағы Алаш алаңына орнату жоспарланды.
Жобаның мақсаты – ұлттық болмысымыз бен ұлттық рухымыздың сақталуы жолында өмірлерін күреспен өткізген, азаттық, тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің сан қилы өмір жолын жас ұрпаққа таныту; ел азаттығы үшін болған күрес тарихының ақтаңдақ тұстарын танып, толықтыруға үлес қосу; Алаш алаңы мен Тәуелсіздік монументінің төңірегін ұлттық рух күші
Жобаның авторы Дәурен Дощанов болса, мүсіншісі Болатбек Салаев.