Кен өндіруші алыптардың қатарындағы «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған төңірегіндегі «Жомарт» кенішінде кеншілердің кәсіби мерекесіне орай футболдан шағын турнир өтті.
Ала доп бәсекесінде кеніштің бірінші вахтасындағы еңбеккерлермен қатар, мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасының, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС кәсіпорнының және өзге де құрылымдардың командалары қатысты. Турнирге «Жомарт» кенішіндегі және сервистік кешен кәсіпорнындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті, «Jastar Bolashaq» Жастар одағы ұйытқы болды.
Жасыл алаңда 7 команда ойын өрнегін көрсетті. Бәсекеде барлық командалар жеңіске ұмтылды. Шахта астында кен қазып жүрген кеншілер де, оларға сервистік қызмет көрсететін арнайы топтың жігіттері де бір-біріне оңайлықпен есе жібере қоймады.
Ақтық мәреде мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасы мен «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС құрамасы өзара бақ сынасты. Нәтижесінде І және ІІ орындарды мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасы жеңіп алса, ІІІ орынның жүлдесі «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС командасының қоржынына түсті. Сонымен қатар, жекелеген команда ойыншылары «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік бұғаттаушы» деген номинациялармен марапатталды. Бұл аталмыш турнир жақында екінші вахта еңбеккерлерінің арасында өз үздігін анықтайтын болады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.