«Мен бала кезімнен мұғалім болуды армандайтынмын. Ол ойым жүзеге де асты. Бірақ, өмір толқыны мені әр салада шыңдалуыма мүмкіндік берді. Оған өкінбеймін де», – деп бас-
тады бізбен әңгімесін Мариямкүл Тәкішева.
Ұлағатты ұстаздық ұлы жолдан өтіп, мемлекеттік қызмет саласында, кейіннен өндірісте еңбек жолы өрілген Мариямкүл Тәкішева бүгінгі күні республикаға танымал Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының беделді төрағаларының бірі. Мариямкүл Өмірбекқызы «Қазақмыс МэйнтенасСервисиз» ЖШС-ндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағының тізгінін ұстаған соңғы 10 жылда жұмысшы мүддесін қорғауды басты мақсат етіп келеді.
– Өмірдің адамға дайындап тұрған қандай сыйы барын ешкім тап басып айта алмайды ғой. 1983 жылы Жезқазған педагогикалық институтын тәмамдаған соң, физика-математика пәнінің мұғалімі болып Жезді қалашығындағы №5 орта мектепте ұстаздық еңбек жолым басталды. Мектеп басшылығы маған бірден «жоғары сынып оқушыларына сабақ бересің» деген шешім қабылдады. Осында бір жылдай мамандықтың қыр-сырына қанығып, кейін өзім білім алған Сәтбаев қаласындағы №14 мектепке келдім. Онда 1992 жылға дейін ұстаздық жасап, сол кездегі Еңбек басқармасына қарасты көші-қон бөлімінде еңбек жолымды жалғастырдым.
Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде көші-қон саласында көптеген күрделі мәселелер болды. Әсіресе, босқындарды жұмысқа орналастыру, баспана алып беру сынды мәселелер күн тәртібінде өзекті болатын. Соның барлығының басы-қасында жүріп, аймақта біраз түйткілді жағдайлардың оң шешімін табуына атсалыстым. Ол кезде Еңбек басқармасының басшысы Тұрар Үншібаев деген азамат еді.
Мен сол кісінің шыңдалу мектебінен өттім десем де болады. Әсіресе, адамдармен тіл табысып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті шешім қабылдау сынды қасиеттерді сол кісіден үйрендім десем қателеспеймін. Кейін облыс тараған соң, аймаққа жаңадан келіп жатқан мыс алыбы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты болған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнындағы зертханаға зертханашы болып келдім. Ал, 1998 жылы Тау-кен, шахта жабдықтары зауытына жұмысқа орналасып, алғашында еңбекпен қамту бөлімінде, кейіннен еңбеккерлердің қалауымен кәсіподақ ұйымына жетекшілік еттім. Соның ішінде 15 жылдан бері «КәсіпҚорған» кәсіподағы мүшелерінің мүдделері мен құқықтарын қорғауға күш салып келемін, – дейді Мариямкүл Өмірбекқызы.
Мариямкүл Өмірбекқызы бір көргенде мінезді, қатал болып көрінуі мүмкін. Алайда, онымен емен-жарқын әңгімеден соң адам жанын түсіне білетін, көмекке зәру адамды қашанда қолдауға әзір жан екенін білесіз. Міне, оның осы қасиеті көп еңбеккерге жақсылықтың шарапатын тигізді. Кәсіподақ ұйымына арқа сүйеп келген әрбір жұмысшының жағдайын жақсартуға күш салды. Кәсіподақ ұйымының жұмысын ілгері бастырып, еңбек жағдайын жақсарту мен жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғаудағы жемісті еңбегі үшін Мариямкүл Тәкішева екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Жаңа жылмен қатар жеткен ажарлы алпысында да Мариямкүл Өмірбекқызының еңбегі бағалаусыз қалмады. Мерейтойында Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Ерболат Сатыбалдин қуаныш иесіне «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалін табыстап, Мариямкүл Өмірбекқызына алғысын білдірді.
«Әкем Оңтүстік Жезқазған кенішінің №42 шахтасында 44 жыл кенші болып еңбек етті. Сол асқар тауымның сара жолы маған да жұғысты болған шығар, кен өндіру саласымен өмірім тұтастай байланысып жатыр», – дейді М.Тәкішева.
Иә, Өмірбек ақсақал салған сара жол балалары мен немерелеріне де жұғысты болды. Кеншілер әулетінің бүгінде үшінші буыны кеніштерде тер төгіп,«Қазақмыс» құрылымдарында еңбегімен абыройға кенелуде.
Мариямкүл Өмірбекқызы ұжымында майталман маман, көшбасшылық қабілетімен танылған жан болса, отбасында асыл жар, аяулы ана, сүйікті немерелерінің ардақты әжесі. Құдай қосқан қосағы Әбділхамит Арғынұлымен ұл-қыз тәрбиелеп, солардың ұрпағының қызығын көруде. Бүгінде Әбділхамит Арғынұлы ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп, Құрметті зейнеткер атанып отыр.
Кәсіподақтың қызметінде жұмысшы мүддесін бәрінен биік қоя білетін Мариямкүл Өмірбекқызын ажарлы алпыс жасымен біз де құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Бағдат АЙТӨРЕ.