Салтанатты сәтте көпшіліктің қуанышын бөліскен қала әкімі Мұрат БӨРІБАЕВ жиналған тұрғындарды қызу құттықтап, кеншілердің балаларына көрсеткен қамқорлығы үшін «Қазақмыс» корпорациясы басшылығына алғыс айтты.
Жылы лебізін жеткізген «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет НУРИЕВ бұл бөбекжай компания басшылығы мен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес жаңғыртылғанын, жалпы компания үшін мұндай жобалар өңірді дамытуға бағытталған корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламаларының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Кеншілер қаласындағы 320 балаға арналған бұл бөбекжай 1994 жылы пайдалануға берілгеннен бері анда-санда ағымдағы жөндеуден өткізілгені болмаса, әбден азып-тозып кеткен еді. Ақыры төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының шешімімен 2023 жылы тамызда жұмысын тоқтатты. Техникалық зерттеу жүргізіліп, сметалық құжат дайындалды. 2024 жылы мамырда «Қазақмыс» корпорациясы өз қаражаты есебінен күрделі жөндеуді қолға алды.
Бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес қыруар жұмыс атқарылды. Бөбекжайдың екі қабатты ғимаратының төбесі қайта құйылып, шатырланды. Сыртқы фасад фиброцементті панельмен қапталды. Ішкі қабырғалары, төбелері толығымен гипсті картонмен қапталып, үстінен сыланып, түрлі-түсті дизаинмен боялды. Есік-терезе түгел айырбасталды. Еден жаңартылды, барлық топта жылы еден жүргізілді.
Жылу, су құбырлары, желдеткіштер, жарықтандыру жүйелері жаппай жаңартылды. Барлық топтарға және дәліздерге, балабақшаның сыртына бейнекамералар және өрт дабылының қондырғылары орнатылды. Бөбекжайдың балалар ойнайтын алаңдары заманауи құралдармен жабдықталып, балалар жүретін жолдар жасалды. Балабақшаның айналасына талдар егіліп, жаңадан асфальт төселді.
«Қазақмыс» корпорациясы күрделі жөндеу жұмысымен қатар бөбекжайды жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Балалардың жатын бөлмелерінің кереуеттері және төсек жабдықтары жаңарылды, ойын бөлмелеріне балаларға арналған дамытушылық бұрыштар, қабылдау бөлмелерінде киім ілуге арналған шкафтар жаңартылды. Спорт бөлмесі, музыкалық бөлме заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Асханасына жаңадан пештер, мұздатқыштар қойды. Бөбекжайға монтессори бөлмесі мен тұзды бөлмені сыйға тартты.
– Бүгін біз көптен армандаған әдемі, жарық, жылы, заманауи, көз тартатын ойын алаңдары бар бөбекжайға қол жеткіздік. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы мен күрделі жөндеу жұмысын жүргізген құрылысшыларға ұжымның және ата-аналардың атынан алғыс айтамын, – дейді «Ақбота» бөбекжайы директорының орынбасары Жанар Күнпейісова.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қаласында бүгінгі күні 2 мыңдай бөбек балалар бақшасының кезегінде тұр. Осындай әлеуметтік маңызды мәселелердің оң шешім табуына «Қазақмыс» корпорациясы барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Компания өз өңірлерінде өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды одан әрі белсенді түрде іске асыруды жалғастыратын болады.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ.