Кәкімжан Сархановтың Қарағандыдағы «Print» фирмасының баспаханасында басылған көлемі 400 бетке жетіп жығылатын 31,85 баспа табақтық ғылыми-өндірістік еңбектер жинағы осылай аталады.
«Аталған еңбектер жинағын ҚР Президентінің былтырғы қарашадағы ұлықтау рәсімінде жария еткен еліміздің ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасына арнаймын» дейді автор.
Жетпісінші жылдардың ортасында жарты жылдай Жезқазған облыстық ауылшаруашылығы басқармасында еңбек еткенім бар. Қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы, Еңбек Қызыл ту орденді Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік дипломен бітірген, жас маман Кәкімжан Сархановпен сол кезде таныстым. Жайдары мінезді жұқалтаң жігіт жан-жағындағы үлкен-кішіге жұғысты еді. Қарапайымдылығымен!
Кейін, ол осы басқармада мал шаруашылығы бөлімін басқарды. Жезқазған облыстық асыл тұқымды мал шаруашылығы бірлестігінің төрағасы, облыстық ауылшаруашылығы тәжірибе станциясының директоры болды. Қазақ мал шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институты аспирантурасын бітіріп, 1985 жылы кандидаттық диссертация қорғағанда қуанышына ортақтасып, облыстық газетке «Мұратқа жетер жолда» деген көлемді мақала жаздым.
Кәкімжан Ахмеджанұлы өзіне сеніп тапсырылған барлық басшылық қызметте сенімге сызат түсірмеді, бәрін абыроймен атқарды: Шет ауданының әкімі, Қарағанды облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі «Асылтүлік» акционерлік қоғамының бөлім бастығы, Қазақ ауылшаруашылығы өндірісі кешені экономикасы мен ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты филиалының директоры қызметінде көшбасшылық қарым-қабілетін көрсетті. Ол Орталық Қазақстанда малшаруашылығы тиімділігін арттырудың бірегей бағдарламасын жасады және осы тақырыпта авторлық куәліктің иегері.
2014 жылы «Орталық Қазақстанда мал шаруашылығы өнімділігін арттырудың ғылыми тәжірибелік негіздемелері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады, ҚР АШҒ академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Қызмет пен ғылыми еңбекті қатар алып жүрген оның жүзден аса мақаласы ғылыми журналда, ресми ақпарат құралында жарық көрді. Ол – «Орталық Қазақстанда мал шаруашылығын өркендетудің ғылыми-тәжірибелік негіздемелері», «Сүтті ірі қара физиогенетикасы мен селекциясы», «Нарықтағы мал шаруашылығы» атты ғылыми монографиялар авторы.
Енді, міне, солардың қатарына салмағы атанға жүк боларлық «Айтарым бар ауылға» атты ғылыми-өндірістік еңбектер жинағы қосылып отыр. Онда ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісіндегі тәжірибесі негізінде жазылған, отандық және шетелдік 132 басылымда жарияланған 107 мақала топтастырылған. Жинақтың редакторы – осы мақала авторы. Компьютерде беттеген Гүлиза Ақышева.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.