ХХ ғасырдың қай кезеңін алсаң да, қазақ тарихында ақтаңдақ таңба бебеулеп тұрары шындық. Қазақтың көрген қорлығының, тартқан азабының, қырылған адамының өтеміне, жеткен жеңіс те, тапқан табыс өлшем бола алмайды. Нәтижесінде технократтық даму жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір жеңілді. Табиғи төл болмысынан мүлде бөлек бітімдегі дами бастады. Ұлт тағдырындағы мұндай түбірлі өзгеріс табиғи даму жолымен емес, төтенше түрде, зорлықпен жүзеге асырылуы – өткен тарихымыздың ақтаңдағы.
Тарих қойнауында күйген томардай беріштеніп, ғасырды артқа аластаған оқиғалардың бұл күндері көз көрген куәгері түгілі, естіген әңгімегері қалмай құлақсыз керең, тілсіз мылқау күн кешіп жүргеніміз ақиқат. Іші түтін, сырты бүтін ата аналарымыз тілім-тілім қанжоса ішкі әлеміндегі шыбын жаны тартқан азабын бөгдеге білдірмей, шер-шемен әлемдерін өздерімен бірге о дүниеге ала кеткен сары алтындай сабырлы пенделер еді-ау.
«Әкең өлгенмен, көзін көрген өлмесін» деген қанатты сөздің жаны барына, біздер Әңкіш ұлы Сайлаубай мен Әбіл ұлы Мұханбетжан сан рет көз жеткіздік, куәсі болдық. Елдегі көнекөз дегдар абыздарға сәлем берсек, қашып кетпесін дегені ме, табақтай алақанында қолыңды қыса түсіп: «Әй кімнің баласысың?» дегеніне, Әбілдің кейде Әңкіштің десем, кенеттен екі иығы алпамсадай селкілдеп, өз өзінен рахаттана күліп, есін жиған бетте, «әлгі итжеккенге барған Әңкеңнің баласымын де» деуші еді. Тілеубаев Әңкіш әкем Әбілдің туған ағасы, мені туысымен бауырына салған көрінеді, мен сол кісінің шапанының шалғайында өстім. Тәттінің тапшы әрі таңсық кезі, атамның қалтасынан кір-кір науат қант пен мәмпәси қампит үзілмейтін. Мәмпәси деген түрлі-түсті кәмпиттің әрқайсының дәмі әр түрлі, бүгінде таңдайым мен аңсауымда қапты. Бейсеубет бере бермейтін. Есіктен әкем бой салған бетте «Қане, балам, ана Әбілді боқтап жіберші» дейтін. Атам: «Өзіме тарт!» деп аузыма түкіруші еді.
Атамның мен түсінбейтін басқа тілде сөздері болатын. Әңкеңнен әңгіме тыңдаймыз деушілерден құр болмайтын. Атаммен тұстас Ұлытауда қариялар көп еді, оразай Барақбай, қозыбай Әбіт, тарақты Досжан, қараторғай Торғай, ақтаз Қойшыбай, арғын Байғожа, Иманғажы, Кәри және басқалары. Ел жиналғанда «Ану, Тарзан, катись!» дегенде адамдар қыран-топан күлкіге кенелуші еді. Түсінбесем де шапан шалғайынан сығалап жатып, жаттап алғам. Қазір көбі ұмыт, есте қалғаны. «Станция «Сабано». А-ну, Тарзан, катись!» Бір қызығы Ұлытауда «А-ну, Тарзан, катись!» уақыт өте келе «Тарзан, катись!» содан «катись» деген атау маған тағылып, ақыры өткен ғасыр қойнауына сіңіп ол да өшіп тынған еді.
Қазақтың атақты ғалымы, тарихшы археолог Әлкей Марғұланның Ұлытау өңірінде археологиялық қазба жүргізген кезінде, «Аманкелді» кеңшарымен шаруашылық қатынаста болған көрінеді. Кеңшар басшысы Әліпбек Бекетаев Сарлыққа әкеліп мейман еткен. Келесі бір келгенінде Жақия Смағұлов жездемдікіне түсіп, дәм татып еді. Үлкен кісімен дәмдес, ғалыммен сұхбат жасасуға, елдегі Әне, Байсалбек, Қаби сияқты көнекөз кәриялар шақыртылып еді. Жазғы каникул кезі, кісі қолдарына су құюды жездем маған тапсырған. Бір шал:
– Әй, Жақия, сенде мынадай бала жоқ еді, мына бала кім? – дегесін, «Ұлытаудағы Әбілдің баласымын» дегем. Әлгі шал бетіме ажырая қарап:
– Әй бұл әлгі, Әбілдің ағасы, көккөз шал, «А-ну, Тарзан, катистің» баласы емес пе? – деді. Содан Әне Әлкейге қарап:
– Бұлар Сіздің туысқаныңыз, мына Арғанатыны жайлап қыстаған Арғын Сүйіндік елінің ұрпағы» – деді.
Содан Сарлықта Әнені көрсем, бұрылып барып сәлем беруші едім. Әнекең өле-өлгенше, «Тарзан, катись» немесе «Итжеккеннің баласы» деп атап кетіп еді. Тоқсан ауыз сөзімнің түйініне таянайын. От пен тозақ дауылы тоздыра алмаған, жаны сірі, тәні тулақ, өзегі өрт, жүрегі дерт қария: «Біз көргенді ұрпақ көрмесін!» деп бастайтын әркез, әр сөз басын. Тағдыр аяусыз, аянышты атамның белінен он бес ұрпақ өріп, ем-домсыз заманда шетінеп, содан жалғыз ұлы Жәкен қалып, ол Ұлы Отан соғысында Керчь қаласын қорғауда қаһармандықпен 1943 жылы қаза тауып І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған…
***
ажаТлдай талаған азап құрсауында әлсін-әлсін талықсып, ештеңе көрмесе де, санасына саңлау енсе, екі ұдай ойының бірі «осы мен тірімін бе, әлде, о дүниедемін бе?» дер еді. Қым-қуыт ой тереңі шым батырғанда бірде арпалыс алаңына лақтырса, бірде азап алаңынан жұлып әкеткендей күйде. «Аруақ қолда!» деу сөз мақалы.
Қапаста аруақ үні: «Борыма. Жасыма, балам. Қасырет азап мәңгілік емес. Өмір – тасыған су. Қарман, өтесің де кетесің».
Осынау өмір мен өлім, зұлымдық пен мейірім, кісілік пен кісәпірлік, ескілік пен жаңалық тайталасқан алмағайып сәтте ойын жүйелеуге шамасы жетпей, әлсін-әлсін естен тана берген.
Көзі құтырған қасқырдың көзіндей ойнақтаған шайтан көз, қара сұр жылан түстес тергеуші, бұның басына мұздай суды төңкеріп, кірерлі-шығарлы есі жиналды-ау дегенде қара бақайынан, төбе құйқасына дейін шымырлатып, үйреншікті айғайына басатын.
Тегінде әділдіктің ақ шіркейі бар сана, мына тергеушінің арбауына түсіп, жазықсызды жылан болып шағып, нақақ жала жабуға, азғындауға, сүйегіне сіңген дегдар мəрттігі дес бермей, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, үш айдың жүзі қасарысумен келді. Шалшықтай саяз ойлы, ұзын сойыл ұрда-жық тергеуші өз дегеніне көндіру үшін, тергеу сұрақтарын күн сайын төлдетіп, өрбітіп жанын шырқырата қинайды. Тергеудің осыдан өзге жұмысы жоқтай немесе аса қауіпті қылмыскердей есін жиған бетте мәнсіз-мағынасыз тергеу сұрақтарын жаудырып, қанағаттанарлық жауап ала алмаған соң, ұрып жығып, естен тандыра қинайды. Маңдайына тапаншасын тіреп қойып:
– Шыныңды айтасың ба, жоқ па? – деп арс ете түсті.
– Немді айтам?
– Қылмысыңды деймін.
– Айтарымды айттым, жасырып қалар еш қылмысым жоқ. Бар айыбым жарты пұт (8 келі) бидайды қоймадан көп балалы, аштықтан өлуге тақалған семьяға бердім. Басқа еш жазығым жоқ.
– Ештеңем жоқты көрсетем мен саған, басыңа қанша айып тағылып жатқанын да білмейсің сен малғұн, – дей келе: «Жапон тыңшысы» деген бұлтартпас айғақ бар, ол туралы жақ сындырып, ауыз ашпайсың. Ішек-қарныңды көзіңше суырып отырып мойындатамын! Отанын сатқан опасыз, нақтылы сатқындық қылмысыңды қалай жасырмақсың? Бірақ қанша жасырғаныңмен сыбайластарың əшкерелеп болды! Мен саған айтып қояйын, ендігі сенің тірі құтылу жолың біреу ғана. Ол – өз еркіңмен қылмысыңды толық мойындау. Тіршілік керек болса, өзіңе…» «Жала» деуге тілін толық келтірмей тергеуші соққыға жыққанда, соңғы сөзі «жала, жала, жа… ла» деп баяулап барып өшкен. Осылайша ит қорлықтағы алты ай өтті. Тергеуші қу сүйек кеміргендей болған.
Ақыры сағыздай созған іс мерзімі бітіп, іс сотқа атышулы 58-баппен жолданыпты. Белгіленген күні екі жендет аяғын шіресе, сүйемелдеп, шіремесе, сүйреп сотқа әкеледі. Сот айыптау қорытындыны мұқият қарап, бір сәт сотталушыға көз айырмай қарап, өзгеге сездірмеген кейпі бас шайқаған болған.
«Сотталушы, аты-жөніңіз?» деген сот сұрауына, сөйлеуге шамасы жоқ сотталушыдан жауап болмағасын тергеуші тұрып «Тілеубаев Әңкіш, 58-бап» деп жауап беріпті. Сот төрағасы тергеушіге арнап: «Айыпталушының денсаулығын ауыр жағдайға ұшырату себебін қалай түсіндіресіз? Сот отырысы айыпталушы денсаулығына байланысты он күнге кейін қалдырылсын. Тергеуші жолдас, заңға сәйкес айыпталушы денсаулығының оңалуына тиісті шара жасасын» деп шешім етіпті. Содан түрмеге әкеліп ас-су бергізіп, ем-дом жасаттырыпты.
Тергеушінің бұрынғы түрі жоқ, азаптау, айғайлаудан ада болған. Ес жиды дегенде, түрмеге жас тергеуші келіп, істі қайта тергеп, ақты-қарасын ақиқи тұрғыда тергеу жүргізіпті. Жалған куәлерді беттестіріп, «Жапон тыңшысы» деген айыпты негізсіз деп таниды. Белгіленген күні атам аяғымен сот отырысына өзі келіпті. Сот тыңдауында жаңа тергеуші қосымша тергеу нәтижесімен сотты таныстырып, қылмыс құрамында 58-бапқа қатысты іс әрекеттің жоқтығын баян етеді.
Ақырында сот алқасы кеңесіп, барлық айыптарды негізсіз жала деп тауып, сот залынан атамды босатыпты. Атбасардан бір ай мерзімде үкім күшіне енгенше кетпеуді жүктепті. Мерзімінде үкімін алуға келсе, үкімді беріп тұрып: «Красноармеец Аңкиш Тилеубевич, разве вы не узнали меня?» дегенге дейін, кезінде алашорда, одан ревкомда осы Атбасар, Есіл, Терісаққан өңірлерінде бірге жүрген майдандас досын таныпты.
***
Қолдарында білемдеген жез сапты қамшы, иықтарында көк мылтық асынған салт атты үш жендет келіп, тып-тыныш ұйыған сүттей елді ақ сабау тиген тулақша шаңын аспанға шығарып, ауылдың тайлы-тұяғына дейін ортаға сапқа тізіп, ақырында арасынан үш адамды алдарына салып жаяу айдап кетіпті. Солардың бірі менің атам екен.
Үкім қолына тиіп, қысты Атбасарда аяқтап, жаз шыға сот досынан ат мініп, ел шетіне жетеді. Бір жылдан аса хабарсыз бұл кісіні ел іші «Итжеккенге айдалды» деп ұйғарып қойса керек. Артында іздеушісі жоқ. Содан қонбақшы болған үйлер бұл кісіден «Итжеккеннен қашып келе жатқан қашқын» деп үрейленіп, әңгімелесіп әй-жәй болғасын ғана рай танытыпты. Сол «Итжеккен» атымен елге келеді.
Итжеккенге барған-бармағанын қараңғы күмәнді елге еш сездірместен жаргон сөздеріне басып, «Станция Сабано. А-ну, Тарзан, катись» деп, ол-ол ма, «Москваның Қызыл алаңында ел көсемдері Сталин, Калинин, Молотов, тағы басқалар қатысқан мерекелік үлкен жиында қазақтың «Аққұм» әнін шырқадым» деген қуақы әңгімелері және бар. Ол кезде Москва тұрмақ, әлгі аталған атауларды елдің білер кезі ме еді. Аруағы Алланың ажарында, Пайғамбар назарында болсын.
Мұханбетжан Әбілов,
Қазақстан Республикасы қаржы саласының ардагері,
жазушы.
Теміртау қаласы.