«Үлкенге құрмет, кішіге ізетті болыңдар» деп ата-анамыз бәрімізге үнемі ақылын айтып отырады ғой. Оны ұғынып, сана-сезімінен өткізіп, қоғамда жақсылық жасауға ата-ана ақылын ісімен дәлелдеп жүрген жандар баршылық.
Мен жұмыс бабымен Жезқазған қаласының қалаішілік тасымалында қатынайтын №1 автобусымен Комбинатский елді-мекеніне, арат-тұра «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-не қатынаймын. «Транко Экспресс» ЖШС 4-колоннаның жүргізушісі Нұржан Шалдыбаевтың жолаушыларға деген құрметі ерекше. Таңнан кеш қарайған шаққа дейін мейірімді жүзімен әрбір жолаушыға жылы қабақ танытатын Нұржан нағыз қайырымды жан десе де болады.
Өзім оның жолаушыларға деген жақсылығын, қамқорлығын көзбен көріп, іштей тәнті болып жүрмін. Аялдамаға тоқтап, өз бағытымен жүретін жолаушыларды асықпай күтіп тұрады. Үлкен демей, кіші демей жүгі ауыр болса көтерісіп жібереді. Әрбір аялдаманы еріншектікке салынбай микрофон арқылы хабарлап отыруының өзі Нұржанның кәсібіне деген адалдығын білдіреді. Кейде жолаушыларды өз бауырларындай көріп, әңгімеге тартып, үлкен кісілердің хал-жағдайын сұрап, саулығын тілеп отырады.
Оқушы балаларға өз әкелеріндей ақылын айтып жататын кездерін де көзім көрді. Сондықтан Нұржан Шалдыбаевтың адалдығына, қамқорлығына көп жолаушы тәнті. Солардың қатарында апам Марал мен сіңілім Кенжегүл де бар. Олар да осы бағытта жүрген сайын Нұржанның ақ пейіл көңіліне ризашылықтарын айтып келеді.
Елдің батасын алып, алғысына кенелген Нұржан Шалдыбаевтың жұртқа деген жақсылығы, кәсібіне деген адалдығы кейінгі жастарға тұнып тұрған өнеге десем артық айтқаным емес.
Лаура Жармағамбетова, Жезқазған байыту фабрикасының еңбеккері.