Нығмет ақсақал өз қатарластарына қарағанда әлдеқайда тың. Құлағының аздап ауырлау еститіндігі болмаса, сөзі орнықты, жүріс-тұрысы ширақ. Біз жүздеспегелі он жыл өтсе де, үйіне кіріп барған мені бірден танығанына, тіпті атыма дейін ұмытпай бірден есімімді атағанына еріксіз таң қалдым. Әңгімелесе келе, өткен-кеткенді есіне сақтаған зеректігіне тәнті бола түстім. Сөзге жүйрік халқымыз ежелден аса білгір, білімдар егде адамды «абыз» атаған ғой. Сол айтқандай-ақ, абыз ақсақал Нықаңның толғана айтқан әңгімесін қағазға түсіруге тырыстық
«ҚАРСАҚБАЙЫМ – ДУМАНДЫ ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ»
КЕЗІНДЕ теңдесі жоқ алып өндіріс ошағы болған Қарашаңырақ Қарсақбай Нығмет үшін де аса ыстық. Ол еңбек жолын осында бастады. Жоғары білімді мамандық иесі бола тұра, түсті металлургия кәсібінің қыр-сырына осында қанықты. Қарсақбайда қанаттанып, мықты инженерлер қатарына қосылды.
Бәрінен бұрын, Нығмет үшін Қарсақбай дегенде сонау жиырмалардағы жастық шағы көз алдына келе қалар еді. Еңбек жолдамасымен келген қыз-жігіттер көп-ақ. Әртүрлі мамандық иелері. Көбіне бас қосатын орындары – клуб пен парк. Клубта кино көрсетіледі. Әсіресе, Қарсақбайдағы саябаққа жастар көп жиналатын. Онда күнде қызық-думан қызып жататын.
Қарсақбайлық жастар бірін-бірі жақсы білетін. Әртүрлі мамандық иелері болғанымен тез араласып кетті. Нығмет, әсіресе, Қазақ тау-кен металлургия институтын өзінен бір жыл бұрын бітірген көкшетаулықтар Қуанышбек Бексұлтанов, Темірхан Исқақов, қарсақбайлық Төлеш Ермағанбетов үшеуімен жақын дос болды. Олар Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы Әбдуали Нысанбаевтың үйіне жиі барып тұратын. Үшеуі де сүр бойдақ. Әбдуали болса – жас отау иесі. Келіншегі Ақбалық та ашық-жарқын жан. Екеуі де олардың келгендеріне қуана қарсы алатын. Үш бойдақ болса, олардың жас ерлі-зайыптылық өмірін қызықтайтын. Тұңғышына жүкті Ақбалықты ортаға алып, әзіл-қалжыңға ерік беретін.
– Ау, ақ сазандай Ақбалық-ау, сенің балаңның шілдеханасын тойлауды сарыла күте-күте сарғайдық қой. Сен екіқабат болғалы он екі ай өтті, немене өзі түйе болып кеткенсің бе? – дейтін жас келіншекті сөзбен қажап.
Ақбалық та қарап қалмай:
– Сендерге шай қойып беремін деп қолым тимей жүр емес пе босануға. Давай, үйленіңдер. Түтін түтетіп, үй болыңдар. Сендердің қарындарыңды тойдырған еңбегімнің есесін келіншектеріңнен қайтарармын-ау. Нығмет, сен ана қызыңмен тезірек үйлен. Мені қашанға шаршата бересің, сенің келіншегіңнің қолынан да шай ішетін болайық, – дейтін.
Ақбалықтың сол айтқаны орындалып, Нығмет Алматыдағы «ЖенПИ»-ді бітіріп, жолдамамен келген мұғалім қыз Назгүлмен 1957 жылы шаңырақ көтерген еді.
Мұның бәрі сол Қарсақбайда өткен қызықты жастық дәурен еді ғой.
Досы Нұртілеу екеуі Ақтөбе жақтан. Қарсақбайға келуі бір жатқан «тарих».
…Темір ауданындағы Нығметтің кіндік қаны тамған аулы Жағабұлақтың әсем көркі әлі күнге дейін көз алдында. Бұл табиғат құдіретін қойсаңшы. Мал жайылатын ұзыннан ұзақ созылып жатқан алаңқай. Бір жағында – шағыл құм. Екінші жағында – көкке бойын созған қалың ағаш. Орман іші жағалай бұлақ. Жаңағы ашық алаңқайдың бір тұсында – Жағабұлақ аулы. Суы сарқырап ағып жатқан Жем өзені де бұл жақтан алыс емес.
Ауыл баласы Нығмет 13-14 жасынан бастап еңбекке араласты. Буыны қатпай жатып жұмыс істеуіне соғыс мәжбүрледі. Қозы да бақты, шөп те шапты, тарыны да жинасты, ат, өгіз жегілген тырмаға да отырды.
Майданға кеткен әкесі елге қайтып оралмады.
Ауылдағы мектеп жетіжылдық болатын. Сегіз бен тоғызды Мариям апайының үйінде жатып, Қарабұтақ ауданында оқыды. Жездесі – белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев. Ол кісілердің ұлағатты тәрбиесін көріп өсті.
Оныншыны Ақтөбе қаласында оқуына тура келді. Сол кездегі тәртіп бойынша, № 6 орта мектептің жанындағы майдангерлердің жетім балаларын оқытуға арнап ашылған интернат-пансионатқа жатқызылып, үкімет қамқорлығына алынды.
Орта мектепті жақсы оқып бітіргендерді Москва мен Ленинградтағы жоғары оқу орнына арнайы жолдамамен жіберу соғысқа дейін ұйымдастырылып келген екен. Осы игілікті іс соғыстан кейін алғаш рет Нығмет орта мектепті бітіретін 1949 жылы қолға алынғаны бар емес пе. Сол кездегі «Наркомпросс»-тың қызметкерлері арнайы келіп:
– Қайда оқуға барғың келеді? – деп сұрағанда Нығмет бірден Ленинградқа барғысы келетінін айтқан.
Сөйтіп өзі тәріздес елушақты баланың бірі болып Нығмет Алматыдан аттанатын поезға отырады. Олардың көбісі Москвада түсіп қалды. Оншақтысы Ленинградқа келіп жетеді. Оларды не бастап алып келген, не күтіп алған адам болған жоқ. Қолдарындағы кішірек ағаш шабадандары ауыл балалары екендерін айтпай ұқтырып тұр. «Московский» вокзалынан шыға ұшырасқан адамдардан жол сұрай бастаған. Ленинградтықтар сондай мәдениетті, қайрымды болар ма! Біреулері ежіктей түсіндіріп, жол сілтесе, тіпті жатақханаларына дейін ертіп апарғандар да болды. Әйтпесе күн кештетіп қалған болатын, өз беттерімен тауып бара алмайтындай екен. Жатақхана коменданты орнынан табыла кетіп, түнделетіп болса да жатар орындарына жайғасқан.
АРАДА бес жыл өте шыққан. Қолға диплом тиер күн де жақын. Бірақ Нығметтің көңілі күпті. Еңбек жолдамасы Оралдағы Қарабаш зауытына берілді… Өзінің есіл-дерті – Қарсақбайда. Мектепте оқып жүргенде «Біздің күш» деген өлеңді жатқа айтатын:
«Біздің күш – Ембі-нефті, Ащысайда,
Біздің күш – Қарағанды, Қарсақбайда…», – деп.
Иә, Қарсақбайдың аты дүрілдеп тұрған кез. Әрі ол жақта әкесінің інісі Мұхит Бөпежанов бар. Ағасы Жезқазған шахта басқармасының директоры болатын. Бәрінен бұрын Қазақстанның елеулі жаңалықтары ретінде айтылатын Үлкен Жезқазған мыс кеніне бай, онда теңгермесі жоқ зауыт салынады дегенді еститін.
Диплом қалтада. Институттан кейінгі бір-екі ай демалысқа елге қайтып келе жатты. Поезд Москва арқылы өтеді. Нығмет жолай түсіп қалып, не де болса КСРО Түсті металлургия министрлігіне соға кетуге бекінді.
Бар мәселені осы орталықтың шешетініне хабардар. Нығметті министрдің орынбасары Сахаров қабылдады. Қазақстанның жолдамасымен оқығанын, өзінің қазақ екенін, елде жалғыз анасы барын, сондықтан Қарсақбайға жіберуін өтінді.
– Қарсақбайға бес инженер жіберіп отырмыз, сондықтан онда саған қызмет тимейді. Қалайда сонда барам десең жіберейін, бірақ айтпады деме қара жұмыс істейсің, – десін ол.
Сөйтіп жоғары білімді алтыншы инженер болып, Қарсақбайға келіп жеткен. Министрдің орынбасары айтқан бесеудің үшеуі өзге ұлттан еді, екі жыл өтпей қайтып кетті. Сол жылы келгендерден Нұртілеу, Қайырбек үшеуі ғана қалды.
Политехникалық институтты бітіргендердің қалтасында дипломы бола тұра қатардағы жұмысшыдан бастайтыны белгілі. Олар да еңбек жолдарын балқытушыдан бастады. Нығмет мыс балқытудың қыр-сырына қаныға жүріп, бірер жылдан соң металлургия цехының ауысым мастері, одан кейін аға инженер, зауыттың зерттеу бөлімінің басшысы, өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы болып, Қарсақбайда жұмыс істеген 7 жылда металлург-инженердің қызмет сатыларынан өтті. Қарашаңырақтан қанаттанған Нығмет Ілиясұлы 1961 жылы, яки 29 жасында Жезқазған кен-металлургия комбинатының бас металлургы қызметіне тағайындалады. Алда оны болашақ тың істер күтіп тұр еді.
«МЫС ЗАУЫТЫНЫҢ САЛЫНУЫНА БАСТАН-АЯҚ ҚАТЫСТЫМ»
ЕЛІМІЗДЕГІ түсті металлургияның ордасы саналған Жезқазғанды алғаш рет 1952 жылы көрген-ді. Сол жылы Балқашта студенттік өндірістік практикасынан өткен. Іс-тәжірибе алу мерзімі біткен соң Жезқазғандағы Мұхит ағасының үйіне соға кетпек болып, поезға отырған. Вагон ішіндегі бір кісіге назары ауа берген. Денелі, түрі келісті, салиқалы кісі екен. Сол адам Марта жеңгесі Үстем Қазанбаевтың машинасымен күтіп алғанда сол көлікке бірге мінсін. Жеңгесі ол кісіні Өмірхан Байқоңыров деп таныстырсын. Алматыдан техника ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғап келе жатқан беті екен. Жезқазғаннан Рудник кентіне қарай айқыш-ұйқыш дала жолымен шаңды бұрқыратып келе жатты. Нығметке ана кісінің Жезқазғанның болашағы туралы шешіле айтқан әңгімесі ерекше әсер сыйлады. Жеңгесі Марта өзін қайны екенін, Ленинградта тау-кен институтында оқитынын, болашақ металлург-инженер екенін айтқанда, ана кісі:
– Айналайын, өркенің өссін! Осы Жезқазғанда зауыт салынады. Ертең солардың іргесін сендер көтеретін боласыңдар, – дегені ғой.
Кейін есімі елге танылған ғалым ағаның аузы дуалы екен, айтқаны келді. Нығмет мыс зауытының салынуына бастан-аяқ қатысқан мамандардың бірі болды.
Бірақ зауыт бірден салына қойған жоқ. Нығмет комбинаттың бас металлургы болып жүргенінде жаңа зауыт төңірегіндегі айтыс-тартысқа жақсы хабардар болып жүрді. Жоғары жақтағылар Жезқазған кенін Балқаш зауытында қорытуға болады дегенді алға тартып бақты. Оны қойып, Өзбекстандағы Алмалық мыс қорыту зауытына апару керек деген пікірді ұстанғандар да болды. Тіпті Жезқазған кенін Оралдағы зауытқа тасымалдау керек дегендер де табылды. Мұның бәрі экономикалық жағынан тиімсіз екені дәлелденіп, Жезқазғанның өз басында мыс зауытын салудың жобасын жасау 1959 жылы қолға алынды.
Зауытты жоспарлаған Москвадағы «Гипроцветмет» институты оншақты жоба ұсынды. Ғалымдар арасында қандай жолмен мыс қорыту керектігіне орай бір байламға келе алмай, айтыс-тартыс басталып кетті. Кейбір қолайлы-ау деген ұсыныстарды тәжірибе жүзінде сынап көру де бірнеше жылға созылды. Ақыры Нығмет Ілиясұлы қатысқан металлург-инженерлер тобы мыс қорытудың ең қолайлысы электрмен балқыту технологиясы екенін дәлелдеп шықты. Ақыры осы тоқтамға келіп, зауыт құрылысы 1967 жылы басталды.
Салынып жатқан зауыттың басшы дирекциясының құрамы бекітілді. Директоры болып металлург-инженер Игнатий Ли тағайындалды. Нығмет Ілиясұлына зауыттың өндірістік-технологиялық бөлімін басқару жүктелді. Бұл аса жауапты тапсырма еді. Құрылыстың барысын жіті қадағалап отыру, жобада көзделгеннен ауытқушылық орын алып жатса, дереу оны түзету күш-жігерді қажет етті. Нығмет Ілиясұлы өзінің біліктілігімен, білімділігімен таныла білді.
Құрылыс жұмысымен қабат болашақ мыс зауытында еңбек ететін кадрларды даярлауды қатар жүргізуге тура келді. Бірқатарына мамандық әліппесін үйрету үшін арнайы курстар ашылды. Бұл істің де басы-қасында Нығмет Ілиясұлы жүрді. Ал ол мамандардың тәжірибе жинақтап, біліктілігін артыруы үшін одақта жұмыс істеп тұрған Орал зауытына, Норильск комбинатына, электролизбен танысу үшін Бышмаға, конверторшылар Балқашқа жіберілді. Болашақ мамандық иелерінің ол жақта бір жыл, тіпті кейбірі екі жыл жұмыс істеуіне тура келді. Көрікшілер Қарсақбайдан алынды. Сырттан шақыртылған мамандар да болды.
ЗАУЫТТЫ іске қосу 1971 жылы электролиз цехының бірінші кезеңінен басталды. 1972-1973 жылдары бұл цехтың екінші, үшінші кезеңдері іске қосылды. 1973 жылы мыс қорыту цехының бірінші кезеңі, 1974 жылы екінші кезеңі іске қосылды.
Зауыттың мысэлектролиттік өндірісінің жобасын жасаған және құрылысқа қатысқан 6 адамға 1973 жылдың тамыз айында КСРО Министрлер Кеңесінің лауреаты атағы беріліп, сыйлығы табысталды. Солардың бірі металлург-инженер Нығмет Ілиясов болғаны оның еңбегіне берілген зор құрмет еді.
Еліміздегі түсті металлургияның даңқын асқақтатып, сапалы мыс өндіруімен ерекшеленіп келе жатқан Жезқазған мыс қорыту зауытының салынуында Нығмет Ілиясұлының қолтаңбасы бар. Бұл – зор мақтаныш, елеулі еңбек.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.