Әр халықтың рухани Темірқазығына айналған, кешегісін екшеп, бүгінін бүтіндеп, ертеңіне емен-жарқын аттауына арқау болатын толағай тұлғалары болатыны белгілі. Қазақ деген қасиет емген халықтың кемеңгері – хакім Абай!
Абай – теңдесі жоқ ақын, аса дарынды композитор, ойшыл философ, қай жағынан алғанда да жаңашыл, халқымыздың отандық, тіпті дүниежүзілік мәдениет тарихынан ерекше орын алған ұлы тұлға. Абайды сөз еткенде, қазақ халқының өткен тарихы мен бүгінгі кезеңі көз алдымызға келеді. Абайдай ірі де күрделі тұлғаның жалпы дүниетанымын түсіну, оның баға жетпес қыруар әдеби мұрасын жетік білу ұрпақтан-ұрпаққа ұласар үлкен жұмыс. Абайды оқу – ел алдында тұрған игі де абыройлы міндет, биік парыз. Ол – туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі.
Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде 2024 – 2025 оқу жылында «Абай альянсы» жобасы үшін қарқынды даму мен нәтижелі кезеңі болды. Жоба оқушылардың білімін арттыру, әлеуметтік белсенділігін көтеру және ұлы ақын Абайдың шығармалары мен ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Мектебімізде «Абай альянсының» жоспары құрылып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілді. Абайдың өнегелі өмірін дәріптеу мақсатында сынып жетекшілер «Абай әлемі» деген атпен ақынға арнап Абай бұрышын ұйымдастырды. Дәстүрлі түрде жыл бойы «Ақын ілімі» атты сынып сағаттары өтті. Абай поэзиясы елдер мен құрлықтарға танылуда, себебі оның поэзиясында ұлы ақынның бүкіл өмірі қамтылған.
Осы орайда, «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы…» бағытында ақынның жыр-шумақтарын жатқа оқу, поэзиясынан өнеге алу әр білім алушының алдына қойған мақсаты болды. 5-сынып оқушылары арасында «Абай – дара, Абай – дана қазақта» үгіт-насихат топтарының байқауы өтті.
Оқушыларымызда жыл бойы Абай өлеңдерін жатқа айту дәстүрге айналып, нәтижесінде қалалық, облыстық «Абай оқулары» байқауында шәкірттеріміз жүлделі орындарға ие болды. «Бұл күнде Абай сөзі əр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай жүзеге асқан «Абай альянсы» жобасы аясында ұйымдастырылған «Абай жастары» жас мамандар мектебі – жас буынды Абай мұрасымен терең таныстырудың игі бастамасы болды.
Жас маман Жалмұхан Дильназ осы жобаның шеңберінде өткен Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына қатысып, көркем сөзімен көрермен көңілінен шықты.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Осы бір ауыз өлеңде бүкіл Абай өмірінің терең сыры жатыр. Абай әндері – біз үшін ең қымбат, ең асыл дүние. Осы асылымызды жоғалтпай, қадірлеп-қастерлеу біздің, яғни, келер ұрпақтың міндеті.
Абай әндерін насихаттау мақсатында мектептегі әдіс бірлестік мұғалімдері арасында «Ақын Абай, хәкім Абай әндері» атты өнер байқауында ұстаздар өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталып, барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шығыстың ұлы ойшылы əл-Фараби, Иранның ғұламасы Фирдоуси, Қытай кемеңгері Конфуций болса, қазақтың «өлең – сөзінің патшасы», бас ақыны Абай Құнанбаев. Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мəңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, Абай есімі ел жадында мəңгі сақтаулы.
Абайдың рухани қазынасын жас ұрпақтың санасына сіңіру, ұлы ақынның ұлағатын кеңінен дәріптеуде 8-11-сынып білім алушылары арасында «Абай әлемі – ұлт темірқазығы» атты деректі саундтрек түсіру байқауы көпшіліктің көңілінен шықты.
Абай мен табиғат, адамның табиғатқа қатысы қашан да келелі тақырып болып қала бермек. Осы байланыс бірлікті өздерінің іс-шараларына арқау еткен бастауыш сынып оқушылары арасында «Абай – табиғат жаршысы» атты сурет байқауы өтті. Жас қаламгерлер Абай шығармаларын әсерлі суреттей білді.
Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып,жаңа өріс алып тұр. «Адамның бір қызығы бала деген» атпен бастауыш сыныптарда танымдық-тәлімдік іс-шаралар өтті. Абай мұрасын насихаттау мақсатында бастауыш сынып ата-аналарымен Абай өлеңдерін талдап, қорытынды кезеңінде Абай әндері шырқалды.
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ләззат Каукербекова,
Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.