Қауіпсіздіктің көпатқарымдық (многофункциональная) жүйесі 2019 жылы мамырда «Батыс» кенішінің №67 шахтасына енгізілді. Былтыр «Қазақмыс» компаниясының басшылығы бұл жобаны «Жомарт», Шығыс Жезқазған, Оңтүстік Жезқазған, «Батыс», «Нұрқазған», «Абыз», «Саяқ», «Шатыркөл» кеніштері мен «Шығыс Сары-Оба» шахтасына тарату жөнінде шешім қабылдады.
Қазір «Шығыс Сары-Оба» шахтасы мен «Жомарт» кенішінде қауіпсіздіктің көп атқарымдық жүйесін тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану тұрғысында тексеру, ал №67 шахтада ұялы құрылғы мен қосымшаны қолдану арқылы қолданыстағы жүйенің атқарымдылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде.
«Қауіпсіздіктің көпатқарымдық жүйесі» деген не? Бұл – жерасты радио байланысы, апатты хабарлау мен қызметкерді шақыру, қызметкерлер мен көліктерді жайғастыру, тау жынысының тасасынан жоғалған адамды іздестіру, қызметкер мен көлікті және көлік пен көлікті қақтығысып қалмаудан сақтандыру сияқты бірнеше жүйені біріктірген күрделі кешен.
Кеңседе отырып-ақ арнаулы бағдарламаның арқасында қарсы алдыңдағы монитор арқылы №67 шахтаның -20 және +60 горизонтын көз алдыңа алып келген, оnline режимде техника мен кеншінің сол сәттегі жүрген орнын, белгілі бір уақыттағы кенші мен техниканың қозғалыс бағытын көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясы кеніштерінде қызметкер мен көлікті жайғастыру жүйесінің таралымын көбейту» жобасының жетекшісі Рүстем Қанафин:
– Шахтадағы қауіпсіздік пен еңбек қорғауды жетілдіруге бағытталған жайғастыру жүйесі мүдделілік танытып, дұрыс пайдаланған жағдайда адам жарақаттануының алдын алуға, қауіпсіздік пен еңбек қорғау мәдениетін дамытуға, қызметкер немесе өздігінен жүретін кен жабдығы тиым салынған аймаққа шығып кеткенде жауапты тұлғаға дер кезінде ескерту жасауға мүмкіндік беретін тиімді құрал болып табылады. Алдағы міндет – қолданыстағы жүйені жетілдіру жолымен жерасты ІТ инфрақұрылымын одан әрі дамыту, – дейді.
Өзгеріс – өмірдің ажырамас құрамдас бөлігі. Өкінішке орай, жаңашылдыққа жатырқай қарайтындар да жоқ емес. Әсіресе, ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқандар қиын қабылдайды екен, бейімделуі баяу. Қауіпсіздіктің көпатқарымдық жүйесі 2013-2015 жылдары өндіріске енгізілген жерасты радиобайланысының инфрақұрылымы базасында құрылған. Сол кезде де оған күмәнмен қарағандар қатары қою болған. Қазір ғой, күмән тұрмақ, тау-кен жұмыстарын онсыз жүргізу мүмкін еместей көрінетіні.
– Таяуда шахта шыңырауына түскенімде адамдарды тасымалдайтын өздігінен жүретін техника жүргізушісімен тілдесіп, қолданыстағы қауіпсіздіктің көпатқарымдық жүйесі жөнінде сұрадым. «Қызметкер мен көлікті жайғастыру жүйесінің көмегі көп. Қазір өзімнің жеке шахталық шырағданым бар. Құмырысқаның илеуіндей шахта шыңырауында жол қашық әрі кен өндіру жұмысы қауіпсіз де емес. Егер алда-жалда ауысымнан кейін уақытылы «қырға» көтерілмесем, диспетчер менің соңғы рет қай жерде болғанымды біліп отырады. Бұл, әрине, іздестіру мен құтқаруды жеңілдетеді. Адам мен көлікті қақтығысып қалудан сақтандыру жүйесінің пайдасы мынада: кейде тас түнек қараңғыда келе жатасың, маңайыңда ешкім жоқ. Бір кезде көлікке орнатылған жабдық шиқылдап белгі береді. Сақтана бастайсың. Шынында адам шыға келгенде, бұл жүйенің қаншалықты маңызды екенін терең түсінесің» деді. Бұл бір адамның ғана пікірі болмаса керек, – дейді РүстемҚанафин.
Жасыратын несі бар, «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, бар нәрсені бүлдіруге бейім тұратындар да баршылық. Осы аталмыш жобаны өндіріске енгізу барысында жеке шахталық шырағданды қасақана бұзғандар да кездесті. Ондай адаммен кеніш басшылығын қатыстыра отырып түсінік жұмысы жүргізілді. Қазір шырағданды шағып тастау тиылды, алайда, радиосәулелендіру шоғырсымын (кабель) жымқыру, қауіпсіздіктің көп атқарымдық жүйесінің желілік жабдықтарын қасақана бүлдіру сияқты жағымсыз жәйт кездесіп қалады. Ондайда «Қазақмыс» корпорациясының экономикалық қауіпсіздік департаменті қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Көмегі көп ортақ игілікті бүлдіруге бейім тұратын адам ұсталып қалған жағдайда жұмыстан қуылып қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын да ескергені артық емес.
– Қауіпсіздіктің көп атқарымдық жүйесін енгізу компанияда цифрландыруды түрлендірудің бастамасы десек те болады. Қызметкерлердің жаңашылдыққа бейімделуін байыптылықпен бағамдай отырып біртіндеп жүзеге асырылуда. 2019 жылы апатты хабарлау мен қызметкерді шақыру, қызметкер мен көлікті жайғастыру, тау жынысының тасасынан жоғалған адамды іздестіру, қызметкер мен көлікті және көлік пен көлікті қақтығысып қалмаудан сақтандыру сияқты жүйе өндіріске енгізілді. Қазір жүйе қызметін кеңейту мен айналысудамыз. Ол әр қызметкердің өндірістік мәдениетін көтеруге, ауысым шеберлері мен телім басшыларының зияткерлік деңгейі мен цифрландыру сауатын арттыруға бағытталған. Ең бастысы, осының бәрі әрбір қызметкердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға қызмет етеді, – дейді жоба жетекшісі.
Әлібек ӘБДІРАШ.