Ұлытау облысында өңірлік дамудың басты бағыттарын айқындайтын кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиынды облыс әкімі Дастан Рыспеков ашып, кеңес барысында еңбек қауіпсіздігі, еңбек қатынастарын цифрландыру, дін саласындағы өзекті мәселелер мен жоспарлар, сондай-ақ алдағы «Көкмайса» этнофестивалінің ұйымдастырылу жайы кеңінен қаралды.
Кеңестің күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі — ірі өндіріс орындарындағы еңбек жағдайы болды. Облыс басшысы кейбір кәсіпорындарда орын алып жатқан жұмысшылардың жауапсыз әрекеттері бүкіл облыс экономикасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылыққа да сызат түсіретінін атап өтті.
– Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін түсіндіру шараларын күшейту қажет. Мемлекеттік еңбек инспекциясы Ұлытау облысы бойынша департаменті қала мен аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, он күннің ішінде арнайы жұмыс тобын құруы тиіс, – деді Дастан Адайұлы.
Жиында тіркеуден өтпеген діни нысандардың қызметін заңдастыру мәселесі де қозғалды. Облыс әкімі бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.
– Мешіттердің заң аясында қызмет етуі – діни тұрақтылықтың кепілі. Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен бой көтеретін жаңа мешіт құрылысына ешқандай кедергі болмауы тиіс, – деді өңір басшысы.
Жиын барысында «Көкмайса» этнофестивалін жоғары деңгейде өткізу міндеті де сөз болды. Бұл шараның ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, облыс туризмінің дамуына үлкен серпін беретінін облыс әкімі ерекше атап өтті.
– Фестиваль аясында кәсіпкерлік те кең қанат жаюы тиіс. Ірі кәсіп иелерін тарту, туристерге жайлы жағдай жасау, қонақүйлер мен жатақ орындарын алдын ала дайындау – негізгі міндеттердің бірі, – деді Дастан Рыспеков.
Сонымен қатар, фестиваль кезінде инженерлік, көлік және қауіпсіздік инфрақұрылымының мінсіз жұмыс істеуі қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
Аппарат жиыны аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер көтеріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.
Ізтай Белгібайұлы.