Сәтбаев қаласындағы білімнің қарашаңырағы саналатын № 27 жалпы білім беретін орта мектепте ұлғатты ұстаз, ғұмырының қырық екі жылын білім, ағарту саласына арнаған Жұмағили Құлманов атындағы тарих кабинеті ашылды.
Жұмағили Құлманов Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, тарихшы-ұстаз. Ол қырық екі жылдық ұстаздық жолын осы мектепте өткерді. Шәкірт тәрбиелеуде өзіндік мектебі қалыптасқан білім саласының ардагеріне деген құрметтің бір парасы ретінде өзі қырық жыл сабақ берген кабинетке атын беру идеясы білім ошағы басшылығы мен ұжымның көптен бергі ойда жүрген шаруалары болатын. Мектеп директоры Әсем Алпысова бастаған бір топ мұғалімдер қауымы Жұмағали Құлмановтың мектеп қорындағы жинақталған құнды дүниелерімен кабинет жасақтау жобасы биыл сәтті жүзеге асты.
– Жұмағали Құлманов атындағы кабинетті ашу идеясы ол кісінің мұрағаттағы құжаттарын өткізген сәттен пайда болған еді. Жүзеге асыруға қаржы жағы қол байлау болды. Бұл жобаны қалай іске асырып, ардагер ұстаздың осы жолдағы ісін жас буын жадында қалай жаңғыртсақ деп жүргенде, мектепті 2005 жылы тәмамдап кеткен түлектердің қолдауымен идеямыз жүзеге асты. 2005 жылы қанат қаққан шәкірттердің бұл бастамасына мектептің әр жылдардағы түлектері де қолдау көрсетті. Білім ошағының басшысы ретінде түлектерге, әсіресе, 2005 жылғы біздің шәкірттерімізге алғысымыз шексіз, – деді Әсем Дәулетбайқызы.
Кабинеттің ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Оған сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, қаладағы білім ошақтарының басшылары мен Жұмағали Құлмановтың отбасы, туған-туыс, шәкірттері қатысты. Ұлағатты ұстаз бен Берік Базылұлы лента қию рәсімін өткізген соң, келген қонақтар кабинетке кіріп, Жұмағали Құлмановтың ұстаздық жолындағы атқарған жұмыстарын бір саралап, шолып шықты.
Алдағы оқу жылында бұл білім ошағында педагогикалық сынып ашу жоспары бар. Оның алғашқы дәрісін Жұмағили Құлманов жүргізіп, жас тарихшы мұғалімдерге, оқушыларға ақыл-кеңесін берді.
– Біздің Ұлытау дейтін ұлы мекенде сырын ішіне бүккен қаншама тарихи жәдігерлер мен тұлғалар бар. Оларды біз біліміміз бен тәжірибеміз жеткенше зерттеп, зерделедік. Ендігі кезек жас буындыкі. Жас мұғалімдеріміз осы тұрғыда ізденіс жұмыстарын тоқтатпай, оқушыларын да тарихты сүюге, өткенді құрметтеуге баулуы керек. Ұстаздық жолды таңдар болсаңдар, тарихшы мұғалімі болыңдар деген кеңесімді айтар едім, – деді ардагер ұстаз.
Кабинеттің ашылуынан соң мектептің жиын залында Жұмағили Құлмановқа арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Бағдат АЙТӨРЕ.