Мынау көз тартатын тамаша туындылар көрме залынан түсірілген болар деп ойлап қалсаңыз, қатты қателесесіз. Шынтуайтында кеншілер қаласындағы кейбір көпқабатты тұрғынүйдің кіреберісін де тұр. Тіпті туралай түссек, нақты мекен-жайы: Қ.Сәтбаев даңғылындағы 150-үйдің бірінші және 158-үйдің үшінші кіреберісі.
Ондағы тұрғындар тұрмыстық түйткілді шешу үшін қылқиып коммуналдық қызметті күтіп отырмайды, жайлы жағдайды сырттан бөгде біреу келіп жасап беретініне де сенбейді, бәрі білек біріктіріп, оны өздері істейді. Олардың қуаныш-қайғысы да ортақ. «Бірлік түбі – береке» деген қанатты сөздің жарқын мысалы!
Қазақта көршіге қатысты қанатты қағида көп. Соны, әсіресе, көпқабатты үйде тұратын туысқан құлағына құйып алса, кәнеки?!
І.
Бірде жол жүріп бара жатып сапарлас жігіттің Қ. Сәтбаев даңғылдағы 158-үйде тұратын ағасының үйіне соғуға тура келді. Барған пәтеріміз үшінші кіреберістің бесінші қабатында екен. Қасымдағыларды қайдам, өзім табалдырықты аттағаннан кіре беріске емес, музейге кіргендей әсерге бөлендім. Келесі қабатқа көтерілген сайын тұрғындардың ортақ меншікті өгейсітпей, осыншама әдемі әрі жайлы қылуға талпынысын түйсініп, таң-тамаша күй кештім.
Сапарлас жігіттің бауыры Байғали – автобус жүргізушісі, ал, жеңгесі Нұрсұлу мектепте мұғалім екен. «Кіреберіс қандай керемет!» деп, көңіл аулап жатырмыз.
– Театр қайдан басталатынын бәрі біледі, мен «көпқабатты үй кіре берістен басталады» дер едім. Сырттан кірген бетте кіре берісіне қарап, онда қандай адамдар тұратынын безбендеуге болады. Оның үстіне ортақ меншікке жалпы жауапкершілік керек. Кешкілік қажып қайтқанда тап-таза кіре берістегі жарасымды көрініс көңіліңді көтеріп, шаршағаныңды басады, – деп, жаны жайсаң Нұрсұлу ағынан ақтарылды.
Асығыс болғандықтан, кейін келіп, кең отырып қауқылдасуға келістік. Соның сәті түсті. Нұрсұлу берекелі дастарқанына көршілерін де шақырыпты. Бір-бірін қалай бауыр басқаны бірден көзге ұрып тұр: ашық-жарқын, жайдары, көршісін қолпаштауға пейіл. Бұл бастамаға бастапқыда ұйтқы болғанТөлеугүл мен Шәйгүлекен. Көрші біткен қолдап, 2007 жылы кіре беріске домофон орнатып, бәрі білек біріктіріп, игі істі бастап кетіпті.
Оларда «сен, мен» деген бақай есеп жоқ. Сатушы Жұлдыз бен тігінші Фарида барлық шаруаның бел ортасында жүреді. Төлеугүлдің ұзақ жыл құрылыста балташы болып істеген жұбайы Құрманғазының қолынан бәрі келеді. Жанат пен Жұлдыздың келіні Құралай – бәрінің бірауыздан бағалауынша, нағыз өнегелі жастың үлгісі.
– Бұл – құтты қоныс. Осында көшіп келгесін балама компьютер сатыпалғанда 16 купон берді. Кейін соған «Жигули» жеңіл автокөлігін ұтып алғаным бар, – дейді. Шәйгүл. «Онысы рас! Мен осы үйде ұлымды үйлендіріп, екі қызымды құтты орнына қондырдым. Келешекте көршілеріме тек қуанышты күн көп болғанын тілеймін, – депТөлеугүл құрбысын қуаттап қойды.
Тамаша тілекке бәрі қосылды.
ІІ.
150-үйдің бірінші кіре берісіне бас сұққанда мінсіз тазалық пен тәртіпке куә боласың. Келген қонақты астыңғы қабатында-ақ табиғи гүл шоғы қарсы алады. Көтерілген сайын түр-түріне кездесесің: биік қыш құмыраға егілгені – еденге, шағыны терезенің тақтайшасына қойылған. Кейбірі қабырғадағы суретпен жарасым тапқан. Қоладан жасалған әр түрлі бұйым да көзге шалынады.
– Бұлай сәулеттендіру идеясы кімдікі? Ортақ қажеттілікке жұмсайтын қаражатты жинау мен кім айналысады? Гүл шоғы мен сурет кімнің қолынан шыққан? – деген сан сауал өзінен өзі туындаған.
– Барлық ұйымдастыру ісіне көрші әрі қоғамдық белсенді Жанат жауап береді. Сметаны сол жасайды, керек бригаданы да өзі табады. Жөндеу жұмысына қажетті зат қатапсырыс жасап, орындалысын қадағалайды. Сәулеттендірудің жөн-жосығын жасайтын біздің қажымайтын-талмайтын Жанат, – дейді көршілер. Ал, идеяның қалай туғанын Жамал апай айтып берді:
– Хабарландырудан пәтеріз дегенде, осында тап болдым. Мұнда қандай адамдар тұратынын кіре берісін көргенде-ақ байқадым. Менің бұл үйде тұрғаныма ширек ғасыр болып қалды. Осында орналасқасын балам Баян ауылдың бойжеткеніне үйленіп, тойға дайындалдық. Құдалар келгенде кіре берістің құлпырып тұрғанын қаладым. Ойымды Жанатқа жеткіздім. Ол бірден іске кірісті. Көршілер ұйымшыл. Құдалар келгенше кіре берістің қабырғасы мен төбесін ақтап-сырлап, терезесін пластик түріне айырбастап үлгердік, – деді.
Кейін көршінің бірі кіре берісті безендіруді ұсынды. Қалғаны қызу қолдады. Әркім қолынан келген үлесін қосты. Біреу гүл, біреу сурет әкелді. Сөйтіп, кіре беріс көзтартар бұрышқа айналды. Тұрғындар арасында арнайы кезекшілік қойылмаған. Тазалық пен тәртіпке бәрі бірдей жауап береді. Кімнің қолы бос болса еденді жуып, гүлді суара салады. Әрі ерікті түрде, бар ынтасымен істейді. Әркім баласын да соған баулиды.
Тату көршілер бір үлкен отбасына айналған. Біреуінің қуанышы міндетті түрде бәріне ортақ тойға айналады. Мереке біткенді кең дастарқан жайып, бірігіп тойлайды. Құрбан айт пен әз Наурыздың жөнітіпті бөлек.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген автор.