Құтты қойнауын кен кернеген Арқаның құйқалы төскейінде тағы бір қуатты кеніш кереге жайды. Кеншілер қаласынан «Сарыкеңгірге» қарай қырық шақырымдай шыққасын солға бұрылсаң, қарсы алдыңнан андыздап өндірістік алаң шығады. Бұл – бүгінгі мақалаға өзек болған «Жыланды» кеніші.
«Қазақмыс» компаниясы өңірдегі өндірістің өрісін кеңейту үшін кеніштер мен өндірістік қуаттарды жаңғырту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. «Жыланды» – соның жемісі. Бес бірдей шахтаның басын біріктірген кеніштегі кен жүлгесінің қаншалықты қуатты екені оның алғашқы аяқ алысынан-ақ аңғарылып отыр.
Келешегі келісті кеніштің тізгіні тәжірибелі кен инженері Нұрболат Байсадықовтың қолында. Қажыр-қайрат пен табандылықты талап ететін кәсіпті бұдан ширек ғасыр бұрын Солтүстік Жезқазған кенішінің карьерінде слесарьлықтан бастаған ол бес жылдан кейін Шығыс Жезқазған кенішіндегі шахта шыңырауының «шаңын қағуға» кірісті. Кен өндіру үдерісінің барлық сатысынан өткен Нұрекең 2018 жылы желтоқсанда «Сарыоба» шахтасына бастық болып тағайындалды.
– Бұдан үш жыл бұрын 52 млн. тоннадай кен қоры бар еді. Өндірістік іздестіру-бұрғылау жүргізу арқылы бүгінде оның көлемін 60 млн. тоннаға арттырдық. «Қазақмыс» компаниясы геологиялық барлауға бүгінде барынша назар аударады. Шахтадағы кен қыртысында «Diamec262» және «SandvikDE 130» бұрғылау қондырғысы қолданылады. Әрқайсысының өнімділігі айына 700 қумаметрден айналады.
Қазір үш шахтада кен өндірілуде. Келешекте екеуі кезегін күтіп тұр. Барлығы қатарға қосылып, кеніш жылына 8 млн. тонналық жобалық қуатына жеткенде, кеніштің кемі жарты ғасырдай ырғақты жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар, – дейді кеніш директоры Нұрболат Байсадықов.
Кеніш директоры Н.Байсадықов
Кеншілер шаһарының солтүстік-батыс беткейіндегі Жыланды тобына Итауыз, Қыпшақбай және Қарашошақ кен орны, Сарыоба кен жүлгесі жатады. Кезегін күтіп тусыраған бұл өңірдің топырағына Қ. Сәтбаев, Д. Верк, В. Стеценко, В. Бакарасов, В. Потапочкин, М. Сәтбаева, Ф. Құрмақаева, Л. Лынова, Е. Пучков сынды танымал геологтардың табаны тиген.
Бұл кен орны Жезқазған жағындағы асты дөңес болып келетін тау жынысының қатпары күрделенген қабатымен (синклиналь) тоқайласқан. Көміртекті затқұрамы жағынан әртекті болып келеді: негізінен шунгит, ара-тұра графит пен пішінсіз көміртек кездеседі. Шунгиттің минералогиялық жағынан болмаса, өнеркәсіптік тұрғыдан маңызы шамалы.
«Жыланды» кенішінің жылнамасы 2016 жылы наурызда қатарға қосылған «Сарыоба» шахтасынан басталады. Сол жылы шілдеде солтүстік штректің бірінші панелінде алғашқы кен алынды. Әу баста шахтада бұрғылаушы, монтажшы, жол салушы, өздігінен жүретін жерасты жабдығын жүргізуші сияқты мамандық иесін біріктірген бірғана учаске болды. Әрқайсысы 6-8 адамнан тұратын төрт ауысыммен кен өндірілді.
Әрине, жаңадан басталған шаруаның шалғайына жармасып, қиындықтың қанжығаласып жүретіні белгілі. Жұмыс өте ауыр жағдайда, шұғыл түрде жүргізілді. Өндірісті ұйымдастыру, техникалық жабдықтауға қатысты ауыртпалық көп кездесті. Жер асты жөндеу бекеті болмағандықтан бар техника жер бетіне шығарылып, қыстың көзі қырауда сырта жөнделді.
Шахта басшысының екі контейнерден жасалған «кеңседе» отырып наряд бергені, штрекке су кету қаупі туғанда белуардан су кешіп жүріп сорғы қондырғысын іске қосқан кез, тіпті тамақтандыру мәселесінің де көп қиындық келтіргені, тағы басқа тіршілік түйткілі мен өндірістің өзекті мәселесі әлі ұмытыла қойған жоқ. Ең бастысы, кеншінің көңіл-күйі мен ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға селкеу түсірмеу арқасында өндірістегі жемісті жұмысты жалғастыруға жол ашылды.
Телім бастығының орынбасары Б.Есетов.
2019 жылы қазанда «Сарыоба» Солтүстік Жезқазған кенішінен енші алып, «Жыландының» негізі қаланды. Қатарға «Итауыз» шахтасы қосылды. Өз алдына отау тіккен жаңа кеніште жабын-бетон (таркрет), монтаждау, кен алу сияқты 3 учаске жасақталды. Кейін конвейер, проходкалау, екінші кен өндіру, дизель учаскесімен толықты. Кеніш жылдан жылға кен өндіру көлемін ұлғайтып келеді.
«Сарыоба» ашылған алғашқы жылы шахта 500 мың тонна кен өндірсе, бүгінде жылына байыту фабрикасына 2,5 млн. тоннадай шикізат жөнелтеді. Биыл қаңтарда шахта қатары «Қарашошақпен» толықты. Сөйтіп, кеніш қысқа мерзімде біраз белесті бағындырып, ордалы ұжымға айналды. Белгіленген проходкалау, кен өндіру жоспары мен тапсырмасы ойдағыдай орындалуда.
Кеншілер ауысым алдында
Тыңнан түрен салып, қуатты кәсіпорынның қалыптасуына кәсіби шеберлігі мен тәжірибесін жұмсаған бұрғышылар МұхитТілесов, Думан Досмұханбетов пен Қуатбек Алтаев, «роболтшы» Ерлан Ержігітов, шпур оқтаушы Марат Қожахметов пен аттырушы Әлихан Саринов сынды өндіріс өрендері күні бүгінге дейін табысты еңбек етуде. Кен тасымалдаушы Ержан Аймағанбетов пен Илья Линчук, проходкашы Алмас Қали мен Елдос Битенов, жерасты көлігін жүргізушісі Абай Есілбаев пен Азамат Жарылғасым, шпур бұрғылаушы Ерлан Ержігітов, «торошы» Жаннұр Арыстанбаев, «катерші» Валерий Хакимов пен Шамиль Бабатов ұжым мақтанышына айналған.
– Кеншілік кәсіпте жоғары жауапкершілік, темірдей тәртіп және ұжымда қоян-қолтық жұмыс істей білу машығы қажет. Сонда ғана теориядан тапқаның ортақ игілікке айналады. Кеніш басшылығы мен инженер-техник қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз ету мен әр адамның жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтауына жіті назар аударады. Бұл тұрғыда кәсіподаққа да жұмыс жеткілікті, – дейді, «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы бастауыш буынының жетекшісі Сәкен Смағұлов.
Фельдшер А,Әшірбекова
Қазір үш шахта толық қуатында жұмыс істеп тұр. Енді екі-үш жылда – «Батыс Сарыоба», 2030 жылға қарай «Қыпшақбай» шахтасының шыңырауы еңбеккүйіне бөленеді деп күтілуде. Ал, бесеуі жобалық қуатына жеткенде, жоғарыда айтылғандай, жылына 8 млн. тонна кен өндіретін уақыт та алыс емес. Ол кеніштің келешекте кемі жарты ғасыр ырғақты жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттердітүсірген автор.