1985 жылы Кеңес одағында ғарышты зерттеу барынша биік дәрежеге көтеріліп тұрған тұста «Салют» ғарыштық станциясының экипажы – барлығы алты адам – таңғажайып бір оқиғаның куәсі болады. Станцияның ұшып жүргеніне 155 күн болған. Экипаждың ескі мүшелері – Леонид Кизим, Олег Атьюков, Владимир Соловьев, жаңадан келіп қосылған ғарышкерлер Светлана Савицкая, Игорь Волк, Владимир Жәнібеков күнделікті эксперименттер мен байқауларын жүргізіп жатқан. Бір кезде станцияның алдында сары бұлт сияқты белгісіз бір құбылыс пайда болады. Ғарышкерлер оның не екенін білмей, әртүрлі жорамалдар айтып жатқанда станция әлгі бұлттың ішіне де келіп кіреді. Бір сәтке бұлт станцияның ішін де тұмшалап алғандай болып, ғарышкерлер сарғыш дүниенің ішінен ештеңені аңғармай қалады. Сәтін салғанда ол ұзаққа созылмай, айнала көрінетіндей болған кезде ғарышкерлер станцияның иллюминаторына қарайды да, оның арғы жағындағы сарғыш бұлттың арасынан үлкен-үлкен жеті бейнені көріп, тіл ауыздан қалады. Сырт тұлғалары адамға келеді.
Бірақ, адаммен салыстырғанда әлдеқайда үлкен. Денелеріне сай қанаттары да кең құлашты. Бастарынан айнала жарық шашып тұрған секілді. Ашық кеңістікте еркін ұшып жүрген әлгі бейнелер өздеріне біреулердің қарап тұрғанын сезгендей, беттерін станцияға қарай бұрады. «Олар бізге қарап жымиып күлді, – деп еске алады кейін ғарышкерлер, – бұл сәлемдескендегі күлімсіреу емес, ризашылық, қуаныш күлкісі еді. Біртүрлі шуақ шашып тұрғандай…».
Ғарышкерлердің бәрі де бұлардың періштелер екеніне күмән келтірмейді. Бірақ ол кездегі идеология бойынша олар періштелерді көрдік деп айта алмайтын еді. Ол түгілі, өздерімен он минут қабаттасып ұшқан осы құбылыс туралы жерге, ұшуды басқару орталығына хабарлағанда, басшылар ол белгіге «құпия» белгісін қойып, ғарышкерлердің есі дұрыс па деген мәселемен айналыса бастайды. Дәрігерлік байқаулар олардың денсаулығы да, ақыл есі де қалыпты жағдайда деген қорытынды жасайды. Коммунистік идеология тұмшалап, тыйым салған мұндай құбылыс ол кезеңде «құпия» қалпында қалып жария етуге жатпаған болатын. Алайда, кеңестік ғарышкерлер көрген бейнелерді кейін американдық «Хаббл» орбиталық телескопы да суретке түсіріп алып, халыққа жария етіп жібереді. Суреттерді зерттеген американдық ғалымдар бұл бейнелер әуелгіде беймәлім ұшатын объектілер (НЛО) деген қорытынды жасағанымен, кейін олардың дене құрылысына, қанаттары мен басқа да ерекшеліктеріне қарап інжілде айтылатын періштелерге келеді деп тоқтаған. «Хаббл» жобасының инженері Джон Пратчерстің айтуынша, бұл бейнелердің биіктігі 20 метрге жуықтайды, ал қанаттарын жайған кезде ауқымы қазіргі заманғы үлкен ұшақтардың қанаттарымен шамалас. Әлем баспасөзінде осындай мәліметтер айтыла бастаған соң, бұрын елді дүрліктірмеу үшін жария болмай келген басқа да жағдайлар мәлім бола бастайды. Сөйтсек, әлгі бейнелерді американдық «Шаттл» ғарыш кемелерінің бірқатар экипаждары да көрген. Олар туралы жер серіктерінің аппаратуралары да мәліметтер тіркеген. Бұларды елден жасырып келу себебі – католиктер діні бойынша ақырзаман боларда осылай көрініп, періштелер жерге түседі деп уағыздалатын көрінеді.
Осы жағдайда періштелер көрінді деп айту, әрине, діндарлар арасында біраз қобалжу туғызары анық еді. Осыған орай, бұл хабарларға Ватикан да ерекше мән беріп, шіркеу өкілдерінің ғарыш зерттеу орталығының сарапшыларымен кездесулерін өткізген. Кездесулердегі әңгімелерді сараптай келіп, дүние жүзі католиктерінің дін басшысы Иоанн Павел ІІ (Рим Папасы) «бұл көрінгендер періште емес, пері болуы мүмкін, өйткені оларда да сондай қанат болады» деп пікір айтқан. Осылайша жұртшылықтың көңілін орнына түсіргендей болады.
Сонымен, ғарышкерлердің көргені періште болды ма екен, әлде пері ме? Содан бері біраз жылдар өтсе де бұл тылсым оқиғаның жұмбағы әлі нақты шешіле қоймаған болса керек. Тіпті, кейінгі кезде бұл оқиға туралы ұмытыла да бастаған сияқты. Ғарышкерлердің басынан өткен жағдайды қозғай отырып, қазақ халқының да жын-перілер туралы түсінігін ертеден қалыптастырған аңыз әңгімелердің аз емес екенін еске ала кетуімізге болады. Қазақ батырлық ертегілерінің ең көне үлгісі «Ер Төстікте» жар басында тігулі тұрған жарты лашықтың иесі – перінің қызы Бекторы адамға кесір әкелетін сиқыр ретінде суреттеледі. Халқымыздың көптеген фольклорлық шығармаларында перілердің сипаты, кескін-келбеті бір-біріне ұқсас болып айтылатыны белгілі. Көбіне олардың шаштары ұзын, дене бітімі сұлу, әппақ және ұшатын қанаттары болады.
Шығыстың қисса-дастандары мен аңыз-әпсаналарында перілердің тұрақты мекені – Қап тауы мен Иранбағы. Қазақ жырлары мен дастандарында да басты кейіпкер перінің қызын түсінде көріп, немесе суреттегі дидарын көріп ғашық болатын жайттар шығармаға өзек болады. Мәселен, Едігенің әкесі Мәулімниязға перінің қызы: «Қап тауының ар жағында, көзді қара судың бойында менің мекенім бар. Сол арадан мені іздеп тап, екуміз дәурен сүрейік», – дейді. Ал, «Едіге» жырының бір нұсқасында перінің қызы Баба түкті шашты Әзизге: «Ішімде алты айлық балаң кетіп барады, Құмкент шаhарының қасында балаңды тастап кетермін. Өзің іздеп тауып ал» деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті шашты Әзиз Ніл дариясының жағасын кезіп жүріп, айтқан қаласының жанында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алады. Елсіз-күнсіз жерде туды деп атын Едіге қояды. Ер Едіге кейін Алтын орданы билеген әміршілердің бірі ретінде тарихта қалғаны белгілі. Едігенің есімі ерте заманғы тарихи оқиғалармен орайласып, қасиетті Ұлытау өңірінің көне шежірелерімен өзектес өрілетіні белгілі. Халқымыздың тағы бір аңыздарында Сейфүлмәлік сүйген жары Бәдіғұлжамалды жер шарын кезіп жүріп, әрең дегенде Иран бағынан тауып табысады. Ерте кезде оқыған ертегі-аңыздарда осы тәрізді оқиғалар көп кездеседі. Айтпақшы, ғылыми жүйеде грек тілінен енген антропоморфизм деген ұғым бар көрінеді. Ол – адамзаттық, халықтық дүниетанымдағы жаратылыс иелерін, табиғаттағы нәрселерді адамға ұқсату құбылысы және өнердегі көркемдік әдіс саналады. Антропоморфизм қазақ халқының мифологиялық және діни аңыздарында да айқын байқалады. Адам кейпіндегі киік, жын, пері, дию, жезтырнақ, албасты ұғымдарыда осының айғағы.
Уикипедияда «пері – дүниелік өлшемнің сыртында қатар өмір сүретін адам, жан-жануар бейнесіне ене алатын мифологиялық бейне» деп анықтама беріліпті. Жалпы жын-перінің өмірде болатыны туралы ел ішінде әңгіме көп. Үлкендердің бала кезімізде «түн ішінде суға бармаңдар, cу перісі болады» деп айтатындары да есімізде. Ауыл арасында жүргенде Түгеншекең перінің қызына кездесіп, ғашық болған деушілердің де әңгімелерін естігеніміз бар. Осындай қиял-ғажайыптардың ел арасында айтылуы мен белгілі бір деңгейде адамдардың көңіліне сенімділік тудыруы бекерден-бекер емес шығар. Жер-жаhанның небір тылсым күштері мен құпия жұмбақтарының бізге белгісіз тұстары әлі де көп екені даусыз ғой.
Амандық РАХҰЛЫ.