Кешегі қаңтар айының аяғында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мойынты – Қызылжар бағытындағы жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек», – деді. Бұл жаңалық біздің өңіріміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы үлкен бетбұрыс болғалы отыр.
Мұны жапандағы даланы жаңғыртатын жоба десе болады. Өйткені, Қаражал қаласы аумағына дейінгі жолдың негізгі бөлігі таулы-тасты елсіз дала аймағы арқылы өтеді. Қазір жаңа жолдың бойында болатын Мойынты, Ақтау, Ақтай, Қаражал, Жайрем, Қызылжар стансаларында инженерлік-геологиялық және геодезистік зерттеулер жүргізілуде. Жол жобасын жасаушыларға трассаның 3 нұсқасы ұсынылды. Жұқпалы аурумен өлген малдарды көмген орындарды айналып өту қарастырылған. Көпірлердің, өтпе жолдардың орындары айқындалуда. Осы айда теміржол трассасының өтетін жері нақты бекітіледі. Техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстары биылғы жылдың маусымында аяқталған соң құрылыс жұмыстары басталуға тиіс. Қашықтығы 358 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс-монтаж жұмыстарының құны әзірше 650 млрд. теңге деп жобалануда. Бұл жобаның іске асуы Мойынтыдан Қызылжарға дейінгі қашықтықты бұрынғыдан 149 шақырымға қысқартады. Сонымен қатар, поездар қозғалысына барынша толы Мойынты – Жарық аралығындағы жағдайды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жақында Достық – Мойынты теміржолының екінші қатарының құрылысы аяқталды. Соның жалғасы саналатын бұл жоба Транскаспий теміржол бағытының негізгі бөлігі болып табылады. Қызылжарға дейінгі жол құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Амандық РАХҰЛЫ.