Аптаның басында Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Жаңа жылдың алғашқы жиынында төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі қаралды.
Жиында баяндама жасаған қалалық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қуанышбек Досжанов әуелі атқарылған жұмыстарды, одан кейін алда тұрған жоспарды жария етті. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органмен, полиция бөлімімен және волонтерлармен қала аумағында профилактикалық рейдтер жүргізіліп, 151 тұрғын үй араланып, 1847 адамға өрт қауіпсіздік талаптары жеткізілген. Айнакөл су қоймасында «Жұқа мұз» ескерту белгілері орнатылып, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары аясында 30000 дана үгіт-насихат жадынамалары табысталған.
Жиында қала әкімі Мұрат Бөрібаев жолдарды күтіп ұстау, моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша да баяндамашыларды тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.