«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС-ндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарасты тау-кен, шахта жабдықтары зауыты мен «Жезқазғансервис» кәсіпорнының ұжымдарына 2024 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Мәриямкүл Өмірбекқызы ұжымдармен кездесу барысында кәсіподақ ұйымы тарапынан өз мүшелеріне құқықтық, әлеуметтік көмек көрсету бойынша қандай шаралар жүзеге асқанын баяндады. Сонымен қатар, төраға кәсіподақтың қызмет көрсету форматы қазіргі таңда электронды жүйеге негізделгенін айта келіп, «KasipQorqan» қосымшасы бүгінде мол мүмкіндікке жол ашып отыр деді.
– Кәсіподақ комитеті ұйымның стратегияық жоспарын жүзеге асыруға бағытталған шараларды толық жүзеге асырды. Еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидатынан бастап, әлеуметтік қолдау жұмыстары нәтижелі болды. Мәдени, спорттық, өндіріс озаттарын ұлықтау сынды шаралар дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. 2024 жылдан бастап «KasipQorqan» қосымшасы іске қосылды. Ол арқылы мүшеліктегі кез-келген азамат ұйым ұсынған қызметті үйден шықпай-ақ алуға қол жеткізді. Ұйымның 2025 жылға арналған жоспары ауқымды. 2025 жылы біз жұмысшы мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – деді Мәриямкүл Тәкішева.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.