Дүйсенбі күні өңірімізге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен бір топ депутат жұмыс сапарымен келіп, өңір тұрғындарын толғандырған мәселелердің мән-жайымен танысты. Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарымен кездесіп қордаланған мәселелерді талқылады.
Газетіміздің өткен санында біз мәжілісімендер мен сенаторлардың өңірлерді аралап, елдің жағдайымен етене танысып жүргенін айтқан едік. Енді аймаққа Мәжіліс спикерінің өзі арнайы атбасын бұрып, жұртшылықпен жүздесіп, толғақты мәселелердің түйінін бірлесіп талқылады. Мәжіліс төрағасы өңірдегі жұмыс сапарын Сәтбаев қаласынан бастады.
«Қара қар» һәм экология
Сапар аясында Ерлан Қошанов Сәтбаев қаласындағы № 1 жылу стансасының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, олармен экология және «қара қар» мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері елмен жүздесу сәтінде Сәтбаевтағы экологиялық мәселелердің басты себебіне тоқталды. Ол – көмір сапасы мен жылу-электр станциясындағы фильтрлердің нашар жұмыс істеуі. Төрағаның айтуынша бұл мәселелерден Мемлекет басшысы да хабардар екен. Президент қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырған.
Осыған орай, Ерлан Қошанов облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясының өкілдеріне жағдайды жақсарту және экологиялық мәселелерді, соның ішінде Сәтбаевтағы жылу-электр станциясын газға көшіру бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде қабылдау туралы талап қойды.
– Ескі фильтрлер сапасыз көмірден шыққан күл қалдықтарын ұстап тұруға шамасы жетпей отыр. Бұл қала экологиясына және тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде. Мұндай мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ қазір барлық себепті толық анықтап, келесі жылыту маусымына дейін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Кәсіпорын басшылығы, Энергетика министрлігі және әкімдік бұл мәселені бірлесіп, уақыт создырмай шешуге тиіс. «Қара қар» сияқты келеңсіз құбылыстардан түбегейлі арылуға бар күшімізді салуымыз қажет. Өз кезегінде, Мәжіліс депутаттары жағдайды бақылауда ұстайтын болады, – деді Мәжіліс төрағасы.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясының басшылығы келесі жылыту маусымына дейін Сәтбаев жылу станциясының тазарту жүйелерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жұмысты аяқтауға міндеттеме алды. Іс-шараға қатысқан Энергетика министрлігінің өкілдері Ұлытау облысында жылу-электр станциясын жаңғыртуда «инвестиция орнына тариф» тәсілі арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мәжіліс спикері өз кезегінде халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету соңғы жылдардағы ең маңызды мәселенің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл бағытта инженерлік инфрақұрылымның жағдайы Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында екенін алға тартты. Елдегі тозығы жеткен қазандықтарды, инженерлік-коммуналдық желілерді жаппай жаңғырту жұмыстары еш пафоссыз және көзбояушылықсыз жүріп жатқанын, ол жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап айтқанын да жеткізді.
Күн тәртібінде – сапалы ауыз су
Мәжіліс спикері бастаған халық қалаулылары кеншілер қаласынан кейін мысты шаһардағы гидроцехттың шаруасымен, жұмыс барысымен де танысты. Ерлан Қошанов өз сөзінде, Жезқазғанды ауыз сумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын айтты.
Мәжіліс төрағасы бұл орайда Мемлекет басшысы 2021 жылы бұл түйткілді шешуді тапсырғанын, қазіргі уақытқа дейін бірқатар шаруа атқарылғанын, алайда, әлі де көптеген мәселе бар екенін тілге тиек етті.
– Жезқазған тұрғындары сапалы ауыз суға мүмкіндігінше тезірек қол жеткізуі керек. Ол халықтың денсаулығы мен өңірдегі ахуалға тікелей әсер етеді. Бұл – барлық тараптардың, министрліктер мен әкімдіктің ортақ міндеті. Өз кезегінде депутаттар да осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын, – деді спикер өз сөзінде.
Ерлан Қошанов Жезқазғанды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін Есқұла және Үйтас-Айдос жер асты су көздерін пайдалану арқылы шешу жоспарланып отырғанын, осы бағытта екі су құбырлары тартылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда қажетті жобалық құжаттардың бәрі әзірленіп, нақты жұмыс көлемі белгіленген, бастапқы қаржы бөлінген.
Жиында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс басшылығы өкілдерінің қатысуымен барлық мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы 2025 жылы барлық мәселені шешуге және Жезқазғанды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасалуға тиіс екенін баса айтты.
Орайы келгенде айта кетейік, қадірлі меймандар сапар барысында Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, Жезқазғанда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде облыс белсенділерімен, сондай-ақ Жезқазған жұртшылығымен кездесті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.