«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер ұйымының кеншілер қаласындағы байырғы кенші, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Әбуләйіс Молақов тізгінін ұстаған филиалы Қарттар күніне орай «Айшуақ» кафесінде мерекелік дастарқан жайды.
Кен өндірісі саласында ұзақ жыл еңбек етіп, тер төккен қарт кеншілерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, Сәтбаев қаласы Ардагерлер ұйымының төрағасы Алаш Тұрлыбек пен кеңес мүшелері, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «Ауыл» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Абзал Жиенбаев, ҚХА Сәтбаев қалалық бөлімшесі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтеш Ахметов мерекелік дастарқанның қадірлі қонағы болды.
Қарттарды мерейлі мерекесімен қызу құттықтап, ақсақалдардың жастар тәрбиесіндегі қоғамда алатын орнын жоғары бағалаған қала басшысы Мұрат Бөрібаев Ибадулла Байбатыров пен Галина Федоровна Крединаға – облыс әкімінің, Сабырбек Ысқақов пен Серікбай Досболовқа қала әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісіне – Мағзұм Қожахметов, Құрмет грамотасына – Алаш Тұрлыбек пен Жәми Тұрсынбаев; облыстық Ардагерлер ұйымының «Ұлытау облысының Құрметті ардагері» төсбелгісіне Қорғабай Күлшәріпов, Алғыс хатына Хамзе Оқасов ие болды.
«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров бір топ зейнеткерге «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» төсбелгісі мен 100 000 теңгелік сыйақы тапсырды. Олар – К. Балтин, Н. В. Науман, Д. Ерназарова, Р. Р. Валеев, Н. Махатов, Х. Байымбетов, Т. Ахметов, Б. Шәйкенов, З. Жиенбаева, З. Нұрсейітова, Ә. Нұрманов, Н. Н. Макарова, Н. А. Харченко, Ш. Құрсаубаева және В. П. Фадеев.
«Ауыл» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Абзал Жиенбаев партия мүшелері: Тұрлыбек Бәйтіков, Батырбек Балмұқан, Дәулет Айқымбаев, Талғат Бабатаев, Абай Бекешов және Қорабай Рамазановтың омырауына «Ауыл» партиясына – 25 жыл!» мерекелік төсбелгісін тақты.
Мерекелік дастарқан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрылып, есті естелік айтылды. Қанаттас қоныстанған қос қаланың өнерпаздары әсерлі ән мен мың бұралған биден шашу шашты.
Әлібек ӘБДІРАШ.

