Қазір ой жүгіртіп отырсам, милиция ардагері, полковник Аманбек Мұқатайұлымен жетпісінші жылдардан бері таныс екенбіз. Ол кісі сол кезде Жезқазған қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болатын. Облыстық «Жезқазған туы» газетінің қызметкері ретінде Аманбек Мұқатайұлымен жүздескенім бар. Жылдар өте таныстық сыйластыққа ұласты.
Бірде Аманбек Мұқатайұлына сәлем бере барғанмын. Ағамызбен Ұлытау облысы полиция департаментінің ғимаратындағы Ардагерлер кеңесі төрағасы ретінде өзіне берілген кабинетінде отырып, өткен-кеткенді еске алдық. Әңгіме барысында сөзден сөз туындап:
– Мен сексен екі-сексен бесінші жылдары Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болған Рүстем Қайдаровпен қызметтес болуымның сәті түскенін қимастықпен еске аламын… Уақытың болса Рүстем Есімханұлы туралы саған бір әңгіме айтып берейін, – дегені.
Мен диктофонымды іске қостым…
– Бізге келер алдында ол Семей облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған еді, – деп бастады әңгімесін Аманбек Мұқатайұлы. – Ол кісінің өзінен бұрын Қайдаровтың қылмыскерді әшкерелеудегі аңызға бергісіз ұтқырлығы бізге жеткен еді…
… Бұл тосын оқиға облысты ғана дүр сілкіндіріп қоймай, тіпті республика көлеміне тез тарады. Жағдайдың одан әрі өрбуін Ішкі істер министрлігін қойып, республика Үкіметі ден қоя қадағалады. «Семводстрой» тресі автобазасының кассасынан аса ірі көлемдегі ақшаның ұрлануы сирек кездесетін оқиға саналған еді. Ол кездегі нарық бойынша, әлгі қолды болған ақшаға төрт-бес «Волга» сатып алуға болар еді.
Жоғары жақтың назарын аударғандықтан да бұл қылмыстық істі ашуды басқарма бастығының орынбасары Қайдаров тікелей өз қолына алады.
Бір қарағанда, тіпті қисыны жоқ шаруа. Қарауыл күзет орнын тастап кетпеген, базаның кезекші механигі жұмыста болып, ешқайда шықпапты. Сонда ұрылар отқа күймейтін сейфті жоғары температурамен металды кесетін автогенмен ешкімнің көзіне түспей жайбарақат қалайша кескілеген?!
Рүстем Қайдаров басшылық еткен тергеу тобы төтенше оқиға болған жер мен сол төңіректі түгелдей сүзіп шығып, бір ұйғарымға келеді: ұрылар сырттан келмеген. «Семводстрой» тресі автобазасындағы қомақты ақшаның қолды болуына сол кәсіпорын қызметкерлерінің тікелей қатысы бар. Дәнекерлеу құралдарын да сырттан әкелмей, сол автобаза цехтарының бірінен алғаны сөзсіз.
Қайдаров алдымен қарауылды жан-жақты зерттейді. Ол бұрынғы мұғалім екен, білімді де мәдениетті интеллигент жан туралы оны білетіндер жағымды көзқараста. Оның сондай жан екендігіне өзімен сөйлесу барысында да көзі жетті. Сол ұрлық болатын күнгі түнгі ауысым кезінде кім келді, кім шықты бастан-аяқ айтып берді. Ұзақ-сонар әңгіме желісінде бір жайт тергеушілерді елең еткізді. Кезекші механик Купреев бірнеше рет жанына келіп, себепсізден-себепсіз қарауылдың күзет орнын айналшықтап жүріп алыпты. Қарауылға ол сырттан келетін біреуді күтіп жүргендей көрінген. Ешкім бірақ келмеген.
Содан әлден уақыт өткенде, дәлірек айтқанда, кіріп-шығу толық тоқтап, автобазаның дарбазасы жабылған сағат 22:00 шамасында Купреев оны кабинетіне шақырған. Екеуі сонда ашық сырласып, ұзақ сөйлесіп отырған. Кезекші механиктің өзіне сыйластық көңіл танытуын бұрын-соңды көрмеген. Мұны түнгі уақыт өткізудің бір тәсілі шығар деп ұққан ол.
Тергеу тобының жетекшісі осылайша автобазаның барлық қызметкерлерімен, әрине, алыс рейстерде жүрген шоферлардан басқасымен сөйлесіп, тексеріп шығады.
Қайдаров уақытпен санаспай жұмыс істейді. Автобазаның «ішек-қарнын» тегіс ақтарып шығады. Қалайда қылмысты тез арада ашулары керек. Жұрт назары бір өздеріне ауғаны өз алдына, бәрінен бұрын осындай көзжұмбай әрекетке барған қылмыскерлерді тайраңдатып қоюға қалайша жол бермек. Олар мол ақшаға қызыққан жай біреулер емесі анық. Арттарынан ешқандай із қалдырмағанына қарағанда нағыз баукеспе ұрылардың өзі. Қайдаровтың бар есіл-дерті жатпай-тұрмай қалайда тездете оларды тұзақтауға ауған. Қарап тұрса, отқа төзімділігін былай қойғанда, жан-жағынан шкафтармен жапсарлас қойылған сейфті автогенмен кескілеу оңай шағылар жаңғақ емес. Бұл инемен құдық қазғанмен пара-пар жұмыс нағыз шеберлікті қажет етпек. Одан қалды бірер сағатта атқарыла салар іс емес. Сейфті бұзуға арнаулы ойластырып жасалған оттық керек. Ал ондай оттық автобазада жоқ болып шықты. Сонда оны қайдан әкелген екен? Мұндай «талантты» дәнекерлеуші кім болғаны? Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген, әр қадамын шебер ойластырған кім болғаны? Жауабын күткен сан-сұрақ.
Бір ғана мәселе анық: дұшпан сырттан келмеген. Автобазаның бүкіл қызметкерлерін бес саусағындай танып шыққан Қайдаровтың бар күдігі Купреевке ауған. Қарауылдың сөзіне қарағанда, сол түнгі кезекші механиктің іс-әрекеті жай емес. Ұрлықтың сол сәтте жасалатынын біліп, қалайда қарауылға сезік тудырмай, оның бар назарын басқа жаққа аударып, алдаусыратуында бір сыр бар. Ендеше, Купреевтің ым-жымы бір жақын жүргендері кім екенін табу керек. Қайдаров осы ойға бекінген.
Жан-жақты жедел жүргізілген тергеу өз нәтижесін берді. Күдіктілер іріктелді. Олар ой елегінен өткізе сұрыпталды. Мұны тергеуші мен ұрылар арасындағы жасырынбақ ойыны десе де болғандай. Кімнің ой өресі биік, сол жеңіске жетпек. Иә, ойын болған соң жеңімпазы болады, жеңіліс табатыны да болады. Әрине, тергеуші жеңімпаз болса керек, ал «Әйдік болсаң, бізді тауып көр. Біз жымымызды білдірмес әккілерміз» деп жүрген ұрылар қалай қолға түскенін білмей қалып, тізе бүкпек…
Сырт көз – сыншы. Әріптестері механик Купреевтің әрдайым Плохожниковты қорғаштап жүретінін жасырып қалмады. Ол болса, нағыз кәнігі арамтамақ, бірнеше рет еңбекпен түзеу колониясының «қонағы» болған жырынды қу. Енді бірі – Хулапов, автобус паркінде жұмыс істейді, темірден түйін түйетін шеберлігімен бүкіл қалаға танылған дәнекерлеуші. Оның да сан мәрте заңға қиғаш әрекетімен көзге түскені көпке мәлім.
Жиналған ақпарат жеткілікті. Енді бұл қаскөйлік ниетпен әрекет еткендерді әшкерелеу үшін аса батыл шешімдер жасаудың уақыты жеткен еді. Ең бастысы, айғақ заттарды табу керек. Қайдаров осы оймен істі ең алдымен Хулаповтан бастау керек деген ұйғарымға келді. Қылмыстық әрекетті нақты жүзеге асырушы сол екендігіне қисын жетерлік.
Қайдаров қателеспепті. Хулаповтың үйіне жасалған тінту барысында балаларының киімдеріне оралған ақша табылды. Бұл купюралар бумалары автобаза сейфінен екені белгілі болды. Ол ұрланған ақшаның бір ғана бөлігі екені анықталды. Сонымен, заттай айғақ – қолда.
Хулаповқа шегінер жер қалмады. Бәрін мойындауға тура келді.
… Тонаушылар тобының басын қосқан Плохожников екен. Ол ойға алған ісінің мән-жайы төңірегінде механик Купреевпен ақылдасады. Ақыры ортақ ұйғарымға келеді. Купреев автобаза қызметкерлерінің айлық жалақысы әдетте алдын-ала әкелініп, сейфте сақталатынын айтып, ақша жеткізілген күнді Плохожниковке шұғыл хабарламақ болады. Ол әрі кассаның күзетілмейтінін, дабыл қағу жүйесі орнатылмағанын, ал түнгі қарауыл тек сыртқы қақпа арқылы кіріп-шығатындарды ғана қадағалайтынын, онда қару жоғын сөз етеді. Сақтық үшін сейфті бұзу сәтінде сезік тудырмау мақсатында қарауылды алдандыруды өз міндетіне алады. Плохожников ең жауапты да күрделі істі – сейфті бұзуды Хулаповқа жүктейді. Ол күткендей-ақ, дәнекерлеуші бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Қолға түскен көп ақшаны өзара үшке бөліседі.
Сонымен қылмыскерлер әшкереленді. Ұрылар қолға түсті. Тергеушінің тынымсыз еңбегінің арқасында небәрі үш тәуліктің ішінде әккі баукеспелер тұзақталды. Қылмысты іздестіру жедел жүргізілуінің нәтижесінде қолды болған ақшаны ұрылардың жұмсап жіберуіне жол берілмеді. Автобаза қызметкерлерінің жалақысы толықтай кассаға қайтарылды. Республика Ішкі істер министрлігі Рүстем Қайдаровтың бұл тергеушілік қызметін жоғары бағалап, кең көлемде жариялайды.
***
– Сөйтіп елді дүр сілкіндірген қылмысты санаулы күндер ішінде ашқандағы ұтқырлығымен есіміне сырттай қаныққан Рүстем Қайдаровпен қызметтес боламыз деп еш ойлаған жоқ едік. Ол кісі көп ұзамай Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болып келді. Қызметтес болып, тығыз араластық. Кейін Рүстем Есімханұлының Ішкі істер министрінің орынбасары – бас тергеу басқармасының бастығы қызметіне дейін көтерілуі тегін емес. Мен кейінгі толқын әріптестеріме ол кісіні үлгі тұта әңгімелеуге ден қойып отырамын. Сонау жылдарда газеттерден «Милиция – менің қорғаным» дегенді жиі оқушы едік қой. Иә, Рүстем Есімханұлы тәртіп сақшысы болмысына сай көрнекті тұлға болды. Ол кісінің шен-шекпеніне қарамастан, биік лауазымын малданбастан, кабинетте отырып, бұйрық беруге бой ұрмай тергеуші мамандығына адалдық таныта білуі бізді тәнті етті. Бір сөзбен айтқанда, Рүстем Қайдаровты ой өресі биік тұлға дер едім, – деп әңгімесін түйіндеді Аманбек Мұқатайұлы.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.