«Ашаршылықта ас болған, жаяушылықта ат болған қара қобызым, ханның да, қараның да алдында атымды шығарған еді, бұған тең келер еш нәрсе жоқ!»
Ықылас Дүкенұлы.
Кіші жүз, руы Тама Шақа. Қобызшы-композитор Ықылас Дүкенұлы қазіргі Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» совхозына қарасты «Қамысмола» деген жерде дүниеге келген. Ықыластың әкесі Дүкен, оның әкесі Алтынбек те өз заманында ересен қобызшы болған. Ал Ықылас әкесі тартқан ескі сарындарға кең тыныс беріп, қиял-ғажайып, аңыз күйлерді ірілендіріп тартады. Ықыластың кейінгілерге жеткен төл туындылары: «Аққу», «Айрауық», «Шыңырау», «Жезкиік», «Желмая», «Мұңлық-Зарлық», «Қаншайым», «Қамбар», «Қазан», «Саржан төре», «Қорқыт», «Қоңыр», «Кертолғау», «Жалғызаяқ», «Ерден», «Берден», «Тоғыз тарау», «Таңғы сарын» күйлерімен сахараны тебірентті.
Ықылас Дүкенұлы туралы 1927 жылы баспасөз бетінде алғаш «Тар жол, тайғақ кешу» романының «Ашай» әңгімесінде қалам тартқан мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин болатын. Ықыластың дарынын көзі тірісінде-ақ халқы қадір тұтты. Ол ел ішінде өте абыройлы, сөзі өтімді, беделді адам болды. Қобыз күйінің нағыз кемеңгері атанған дархан өнер иесі – әулие Қорқыттан қалған асыл мұраны одан әрі дамытқан өнерпаз тұлға.
Белгілі жазушы Асан Жұмаділдиннің әдеби-этнографиялық «Өмір» журналының 1994 жылы шыққан үшінші кітабында басылған «Қобызшы Ықылас жайлы» деген мақалада: «… Патипон табағындағы күй біткен кезде Көбжасар ақсақал: «Тағы бар ма, балалар, тартатындарың» деп сақалын сауа сипады. Көбжекең сарабдал сөйлейтін, домбыраны шебер тартатын адам.
… Жарықтық, Ықаңның жанына көп ердім ғой, «Ерден күйін» қалай тартқанын қызық қып айтушы еді.
– Ықыластың Бағаналы Ерденге баруының жайын менен сұра, – деді Байбатыр.
– Ол былай. Әуелі Ықыластың ата-жөнін таратайықшы. Жәніке мен Тынысқа дауың бар ма? – деп Байбатыр отырғандарға қарады.
– Жәңкеден Шақа, Тыныстан Қырықбойдақ. Қырықбойдақта Қазы деген дәулетті кісі болған. Қазының 9 байтал, бір айғыры жоғалады. Қысырақ үйірін жоғалтқан Қазы ұрылары Бағаналы Найман жағынан екенін анықтаған соң атқосшылыққа Ықыласты ертіп, сапарға аттанады…
– Әй, шырақтарым-ай, кейде бұрмалап жібересіңдер-ау, – деп Көпжан ақсақал ашуланып қалды.
– Көбжеке, қай жері қате? – деді Байбатыр да абыржып.
– Ықылас Қазыға емес Әлкеге атқосшысы болып барған. Бізді Шушақ Тоқасы дейді. Біздің бастапқы қонысымыз Нұра бойы. Мына Байеділ-Тоқабай, Бозкөл, Кенжебай-Самай маңына қоныс аударғанда елді бастап келген Әлке қазы мен Байдалы деген әкелеріміз екен. Содан бері осы жақтағы кіші жүз руларымен қойыңдасып кеттік қой. Әлке байлығымен де, алғыр шешен билігімен де көзге түсіп, қазы атанған. Жаңағы өзің айтып отырған Қырықбойдақ Қазың ауыл арасындағы дөңгелек ауқатты бай болған.
– Қазы Әлке қазыға келіп малымды алып беруге көмектес деп қолқа салады. Бағаналыға баруға келіскен Әлке қазы бозбала Ықыласты атқосшы ғып алып Найманға барады. Ерден батыр аға сұлтан, содан жәрдем болар деп барса, Ерденнің Жақып деген баласы өліп, ешкіммен сөйлеспей, қара қобызды анда-санда бір шалып «бай-бай менің жалғызым» деген қайырмасын келтіре алмай отырған ғой. Ерден тысқа шығып кеткенде, Ықылас қобыз шалады. Сырттан кірген Ерден:
– Қобызды тартқан кім? – дейді. Зәресі ұшқан Қазы әбестік жасаған мына бір атқосшы бала еді, – деп Ықыласты көрсетеді.
– Бір айғыр үйір жылқы ұрлаған Бағананалы ұры ма десем, мынандай қобызшыны тығып жүрген сендер ұры екенсіңдер. Шақырыңдар Ақселеуді, – деп Ерден бұйрық беріп, оған мыналардың малын тауып әкел деп бұйырады. Елге қайтып келе жатқанда Қазы Ықыластың алақанының ішінен бір, сыртынан бір сүйіп: «Осы өнерің ғой менің қысырақ үйірімді қайтарған» дейді. Ерден Ықыласқа Жақыбымның тақымына басқан аты еді деп, бесті қара көк айғыр мінгізеді. Отырыс басталғалы сөзге көп араласпай отырған Бұралқы:
– Топырағың торқа болғыр Ықаң марқұм қақ-соқпен ісі жоқ адам еді ғой. Бізді Тамадан тарайтын Төлеп руы дейді. Ал Әліптен тарайтын Қанайдан-Құрақ, Жанайдан-Жабал ғой. Жігіт кезімде Жәмбек аулында көп сайрандадым. Ықылас та Жабалдарға күйеу. Қуантай дегеннің қызын алған. Жәмбекпен туыс Қошқар дегеннің үйіне келіп, апталап жатады. Қобыз тартады. Ықаң кеткенше мен қасынан бір елі шықпаймын. Бастан кешкен әңгімелерін Қошқар сұрап отырады, біз тыңдаймыз. Ерден күйінің жайы жаңа айтылды ғой. Енді бір сала әңгіме Ықаңның ақ патшаның таққа отыруына 275 жыл толу тойына Омбыға барып бас бәйгі алуы, – деп Бұрекең:
– Патша тойына өнерлі қазақтардың барлығы да шақырылыпты. Біржан сал да қатысқан. Сал Біржан Омбыдағы патша тойына барады. Ас берген, той жасаған қазақ ауылы конақтарын қозы көш жерден алдынан шығып тосып алып, арнаулы үйге түсіреді ғой. Омбыда Біржанға ондай құрмет көрсеткен ешкім болмайды. Қонатын үй іздеп атпен көше аралап келе жатса, бөренеден қиып салынган екі қабат үйдің жоғарғы бөлігінде жарма терезені ашып тастап, бір бойжеткен қазақ қызы мәшинемен іс тігіп отыр екен. Біржан қоржынынан домбырасын алып ат үстінде тұрып:
«Қарағым, естіп пе едің Біржан ерді?
Бұл Біржан аралаған талай жерді.
Дуниеде сен бақытты жан екенсің,
Мінеки естігенді көзің көрді», – деп әнді қоя берген ғой. Сонда Біржанның 54 жастағы кезі.
– Ақ патша тойына Соқыр Шөже мен Ықылас бірге барған. Елден шығарда Шөже ақын: «Ықылас, мен түс көрдім, Алла жазса, патша тойында сен бірінші бәйге, мен екінші бәйге аламын. Маған етегіңнен ұстат, көз жазып адасып қалып жүрмейін», – дейді. Ықаң айтатын: «Қойшы не керек, сонымен патша тойы басталады. Ән салып, би билеп, өлең айтып өнер көрсетіп жатқан әр жұрттың адамдары. Кезек тиер емес. Патша жұрағаттары жағалап көреді.Солардың назарын аудару үшін әуелі «Айрауықтың ащы күйін» аңыраттым. Қызықтап жүрген патша әулеті менің жанымда иіріліп қалды. Қобыз күйінің бірінен соң бірін сілтедім. «Аққу» күйі мен «Жезкиікті» тартқанда естері шықты. «Қасқыр» күйін естігенде шексілелері қатты. Сөйтіп маған бас бәйге деп мойныма Әплет алтын тағып, 25 сом ақша берді. Айтқанындай Шөже екінші бәйгеге ілікті. Маған кетерде бір ұлық: «Патша қобызшы қазақтың не тілегені болса, беріңдер. Болыс болғысы келсе, болыс қойыңдар деп тапсырған, не қалайсың?» – деді.
Мен: «Болыстықтың керегі жоқ. Ауылда бір старшын күн көрсетпеуші еді, соның орнын алып беріңдер» дедім. Сөйтіп елге келіп старшын болдым. Басты қатыратын пәле жұмыс екен, үш айдан кейін старшындықты өздеріне беріп әрең құтылдым деп отырушы еді жарықтық», – деп Бұрекең де әңгімесін тәмамдады.
Қобыз атасы атақты «Тама көшкен» трагедиясындағы Арқадан ауып барған соң көп жыл бойы Шу бойын мекен еткен Ықаңа топырақ сол жерден бұйырды. «Орнында бар оңалар», демекші Ықаңның көзін көрген туыстарынан туған келіні Рәзия шешей, немерелері Ырым, Дәулет, Сәулет бар. Ырым шаруашылықтың маңдайалды шопаны. Дәулет жүргізуші. Өнерге бейімі Сәулет, атасының мұрасын жалғастырған талантты азамат. Келіні Рәзия шешейдің айтуынша: «Иманды болғыр атам шапағаты мол момын кісі еді. Анау алыс, мынау жақын демей ағайынның бәрін бірдей көретін. Қобызын бәйгеге қосатын жүйріктей ертелі кеш сылап-сипап күй тартатын. Ондай сәтте атам өзін-өзі ұмытып, біз білмейтін, біз ұқпайтын басқа бір дүниені шарлап кететін тәрізді еді. Әншейіндегі ашық-жарқын жүзі кенет сұстанып, маңдайындағы әжімдері тереңдей түсетін және бір ерекшелігі, әншейінде нұр төгіліп тұратын қой көздері жалын атып, жанарынан шабыт лебі есіп тұрушы еді. Атам өте қарапайым болатын. Астамшылдық біреуді менсінбеу әсте қаперіне кірмейтін. Бала келсін, үлкен келсін ешкімді талғамай «Менің қобызыма келіп отыр ғой» деп, күй тартып беретін. Ондай шақта өзі де бір жасап қалатын», – дейді.
Қазақ халқының біртуар өнер иесі Ықыластың келіні болған кейуана Рәзия шешейдің қасиетті қара қобызды өмір бойы сақтап келу – тарихы мақтау мен дәріптеуге тұрарлық ерлік. Ол бөлек әңгіме.
Келесі назар аударарлық мәселе Ықылас Дүкенұлының туған жылы сол бұрынғыша 1843 жыл деп қата жазылып жүр. Шындығында Ықаң 1834 жылы туып, 1916 жылы 82 жасында қайтыс болған. Оған дәлел көнекөз, өлкетанушы, тарихшы, бұл күндері 83 келіп отырған жәйремдік Жақсыбай Сүлейменов ақсақал 1964 жылы аудандық «Жаңаарқа» газетінің 2-7 шілдеде «Талант тарихы» айдарымен жарық көрген «Ықылас Дүкенұлы» деген көлемді зерттеу мақаласында былай дейді: «Қобызшы-композитор Ықылас Дүкенұлы 1834 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, «Жеңіс» совхозының Қамысмола деген жерде туған. Олай дейтіні 1916 жылы Ықылас дүние салғанда шәкірті Бұралқы Құдайбергенұлы 38 жаста екен. Сол кісі Ықылас 82 жасында бахилық болғанын және өзі басы-қасында болып ақтық сапарға жөнелтіскенін Жақсыбай ақсақалға айтқан. Сонымен қатар ұстазына арнап:
«Жәніке, Таныс едік бірге туған,
Арқада кіндік кесіп, кірін жуған.
Қобыз тартып, ән айтып, думандаттың,
Орала ма сол күндер сауық құрған.
Айрылып Әжі* атадан болдық ғарып,
Қайғырып, аза тұтып, естен танып.
Аспанда шалқыр ма енді қобыз үні,
Сарнатып ел тағдырын еске салып.
Әжі атаны қазағым құрметтеген,
Сексен аса ажалға ол беттеген.
Бәріңе айтылатын ишарат бұл,
Дұға оқыңдар әулиеге жан-ділменен!», – деп жоқтау шығарған.
(*Мұндағы «Әжі ата» дегені, Ықылас 1884 жылы Меккеге барып «қажы» атанған).
Бұл деректі Ықаңның 70 жасында шаңырағына кенже келіні болып түскен Рәзия шешей де: «Атам 80-нен асып дүние салды» деп мақұлдайды.
Ықылас өмірі мен шығармашылығын зерттеуде «Ықылас» атты үлкен роман жазған өнер зерттеуші қаламгер, әрі сазгер, «Қазақстанның Еңбек Ері» Илья Жақановтың еңбегі ерен. ЬІқаңның музыкалық мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуде қобызшы Дәулет Мықтыбаев пен оны жалғастырушы жерлесі марқұм Сматай Үмбетбаевтің орны бөлек. Асанқайғы, Ықыластан жалғасқан қобыз сарынының Рухы күй киесі қонған кейінгі ұрпақ өкілдері: Байғара Сәдуақасов, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбай, Қазыбек Әдікеев, Алмас Сайжановтар ұлы дәстүрдің заңды мирасқорлары болып жалғасуда. Алматыда Ықылас Дүкенұлының атындағы республикалық ұлт аспаптары мұражайы бар. Ықыласқа өзі туған жері Жаңаарқа ауданы, «Жеңіс» совхозының орталығында еңселі ескерткіш орнатылған. Шу бойында қайтыс болған жерінде кесенесі салынған. Енді Ұлытау облысы, Жезқазған қаласындағы музыка колледжіне 2024 жылы болатын 190 жылдығына орай Ықылас Дүкенұлының есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өнерді құрметтейтін ұрпақтары барда Ықылас есімі мәңгі жасай бермек.
Серік ОСПАН,
өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.
«Ұлытау облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК басшысының орынбасары.
Қобыз туралы деректер
Қобыз – қазақтың ең көне аспаптарының бірі. Қобыздың мойны имек, шанағы ожау тәрізді қуыс, бет жағы ашық, ал түбі көнмен қапталады. Қобыздың ішегі мен садақ тәрізді ысқышы жылқының қылынан тағылады. Ертеде қобыз үлкен бүтін кептірілген ағаштан жонып жасалған.
Қобыздың екі ішегіне және ысқышына аттың құйрығының қылы тағылады. Соль ішегіне 50-60 шақты, ре ішегіне 60-70 шақты қыл таққан. Қылды қобыздың бойына жететіндей етіп талдап алады, жылы сумен сабындап жуып, екі күндей үй температурасында кептіреді. Содан кейін топтастырып, байлап, қобызға тағады. Тиектің соль ішегі тұрған шеті қобыздың қырына орналасады, ре ішегі тұрған шеті терінің үстінде тұрады. Садақ тәрізді ысқышына 200 шамасында қыл тағылады.
Қобыз құдіреті
Бақсылар қобызды аса қадірлеп, құдіретті күш санап, тойда немесе басқа ойын-сауық кештерінде пайдалануға тыйым салған деген дерек бар. Сондай-ақ олар өз сарынын жаздыруға қарсы болған. Содан болар, бізге дейін «Аққу», «Қорқыттың күйі», «Жез киік», «Қасқырдың ұлуы», «Қоңыр күйі» секілді санаулы қобыз күйі жеткен.
Бақсылар қобыз арқылы ауру-сырқаудан айықтырғаны туралы да аңыз бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қорқыт аспабы ұлттық аспап ретінде қайта жанданды. Соған байланысты қобыз қайтадан жабдықталды. Қосымша ішек орнату арқылы диапазоны кеңейіп, дыбыс сапасы өңделе бастады. Қобыздың жалпы түрі, формасы жақсарды.
Аспапта ойнау техникасы жетілдірілді, үн шығару мен ойнау шеберлігін арттырды. 1956 жылдан бастап қобызды қайта жабдықтау қажеттілігіне байланысты оған төртінші ішек тағылды. Соған байланысты орындаушылардың мүмкіндігі молайды, жаңа туындылар дүниеге келді.
Қазір қобыздың екі түрі бар – екі ішегі қылдан жасалған, нәзік қоңыр әуенді байырғы қылқобыз, екіншісі – темір сым мен қой ішегі тағылған, төрт ішекті жіңішке дыбысты қобыз.
Екі ішекті қылқобыз күйлерді халық дәстүрі бойынша орындауға мүмкіндік береді. Ал төрт ішекті қобыз халық музыкасымен бірге классикалық шығармаларды орындауға бейімделген.
Қобыз құрылысы
Қобыздың екі құлағы болады, одан төмен кіші тиек орналасады. Құлағы мен кіші тиек тұрған жерді қобыздың басы деп атайды. Екі ішегі кіші тиекке байланып тұрады. Ол қобыздың мойны арқылы қобыздың шанағына түседі. Ол жерде үлкен тиектен өтіп, түймесіне байланады. Қобыздың мойнынан кейін ойықша орналасады, оны желдік деп атайды. Желдіктен мойнына қарай жазық ағаш тұрады, оның үстіне үлкен тиек орналасады, аспаптың ол бөлігін қапталған тері деп атайды.
Қобыз ысқышы төрт бөліктен тұрады. Басына қыл ішек байланып, тұтқасына дейін тартылады. Ысқышты ұстап тұратын таяғы болады.