Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1954 жылы 20 желтоқсанда Үлкен Жезқазған кентіне қала мәртебесі берілді. Содан бергі кезеңде өсіп-өркендеп даму жолына түскен шаhар түсті металлургияның орталығына айналып, әлемге саф алтындай сапалы мысымен танылды. Бейнелеп айтсақ, бұл жерді Жер-Ананың жезбұлағы десе болады. Заман ағымына сай әртүрлі кезеңдерді бастан өткерсе де, қарт Қарсақбайдан бастау алған өңірдің мыс қазаны ғасырға жуық уақыттан бері оттан түскен жоқ. Ал, осыдан екі жыл бұрын жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының орталығы болып қайта түлеген Жезқазған қаласы биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын айтарлықтай серпіліспен лайықты атап өтуде.
Тарихтан тәбәрік
Сарыарқаның сағым ойнаған сайын даласында бой көтерген Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл толып отырса, оның қаз тұрып қалыптасуына арқау болып, даңқын шығарған сары мысы тарихымыздың терең қойнауына бойлата түседі. Ұлы даланың философы, көшпенді халқымыздың абызы атанған Асан Қайғы туралы аңыз көп. Соның бірінде, жерұйықты іздеп Арқа шетіне іліккен Асан ата: «ойпырмай, мына жерлер томпақ-томпақ төбе екен, төбенің асты жез екен», – депті дейді. Бәлкім, Сарыарқаның құтты қойнауы содан былай Жезқазған аталды ма екен. «Жез» сөзі тас дәуірінен бұрын да қолданыста болған дейді кейбір зерттеушілер. Ал, тарихи деректерден бізге белгілісі, мысты өңірдің ғасырлар бойы тұнып жатқан қазына байлығы адамзат баласына сонау көне замандардың өзінде мәшһүр болған. Зерттеуші ғалымдар Қ. Сәтбаев пен Ә. Марғұлан, Н. Валукинский мен геолог С. Боллдың еңбектері мен деректеріне зер салсақ, адамдар қола дәуірінің өзінде осы өңірден миллион тоннадай мыс кенін өндірген көрінеді. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген Геродотқа сілтеме жасаған ғалымдар қазіргі Жезқазған жерін жайлаған сақтардың үлкен тайпасы ̶ массагеттер мыс пен алтын өндіруді игеріп, мыстан қару-жарақ жасағанын айтады.
Ал, өңірдің табиғи байлығы жөніндегі көлемді ресми мәліметтер ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ жеріне жіберілген Ресейдің ғылыми-экспедициялық зерттеулері арқылы мәлім болған. Мәселен, Ресей императоры ғылыми академиясының арнаулы экспедициясын басқарып 1771-1772 жылдары қазақ даласын аралаған Н. Рычков өзінің «Күнделік жазбаларында»: «Ұлытаудан басталатын Ұлықарағай, Жыланшық, Кеңгір, Сарыкеңгір, Жезді кеңгір өзендері бойында ертедегі адамдардың қазған кен орындарынан алтын мен күмістің белгілері табылды», – деп жазған екен. Кейін орыс көпестері бай кен орындарын иеліктеріне алғанымен ХХ ғасырдың басына дейін өңірде мыс өндіру дамымады. Бұл жерлер тек 1904 жылы Лондонда құрылған ағылшындардың «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамына концессияға берілгеннен кейін ғана кен игерудің алғашқы қадамы басталған болатын. Ағылшын миссионерлері 1907 жылдан 1917 жылға дейінгі он жылдың ішінде алғашқы шахталарды қазып, Қарсақбай мыс зауытын салған еді. Ал, осы жердің қойнауындағы қазына-байлықты тереңдеп зерттеп, ел игілігіне айналдыру, құба жонға орнайтын болашақ қаланың қазығын қағу қазақтың біртуар асыл ұлы Қаныш Сәтбаевтың үлесіне тигені белгілі. Алайда, бұл жолдағы асыл арманды жүзеге асыру оңайға түскен жоқ.
Қаныш аға ізі бар
Қаныш Имантайұлы 1926 жылы Томск технология институтын бітіріп, тау-кен инженер геологы ретінде Халық шаруашылығы орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі. Содан «Атбасартүстіметалл» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы болған кездің өзінде-ақ Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасаған болатын. «Қарсақбай — Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген еді көреген ғалым. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді.
Үлкен Жезқазған құрылысын бастауға, оны ұлғайтуға қарсы болғандардың бірі — Түстіметаллдар бас басқармасы басты себеп ретінде Жезқазғанды одақтық көлемдегі күретамырлармен байланыстыратын теміржолдың жоқтығын алға тартқан болатын. Бірақ, жол қатынастары Халық комиссариатының 1931 жылғы «Үлкен Жезқазған құрылысы үшін ең тиімді жоба оны салынып жатқан Қарағанды — Балқаш теміржолына қосу» деген техникалық-экономикалық сараптамасын алға тартып, Қанекең де алған бетінен қайтпайды. Қаныш Имантайұлының 1934 жылы желтоқсанда Ауыр өнеркәсіп комиссары С. Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған туралы ақиқатқа көзін жеткізуі өңірдің өркенді істеріне жол ашқан еді.
Бүгінгі Жезқазған қаласының іргесі 1936 жылы 3 мың халқы бар Кеңгір елді мекенінің орнына тұрғызылған. Олай аталуы Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің қосылып Кеңгірге айналатын төменгі ағысының осы жерден өтуіне байланысты. Әйтпесе, ертеде Бекболат ауылы жайлайтын бұл жер Наушабай аталған көрінеді. Кенді өңірдің кемел келешегін қапысыз болжаған Қаныш Сәтбаев отызыншы жылдардың басында-ақ бұл жерде үлкен өндірісті қала болатындығын айтыпты. Ол сол арманына жету үшін өндіріс көлемі жөніндегі деректерін талмай сараптап, тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп болашақ қала 1941 жылы Үлкен Жезқазған кенті деп аталды. Кеңгірдің сағасы бөгеліп, айдынды су қоймасы салынды. Ақыры көптен күткен күн де жетті. Жас қала қарыштап өсіп, қанаттанып жайнай түсті. Қала мәртебесін алған 1954 жылы Жезқазғанның 30 мың тұрғыны болса, қазір 90 мыңға жуық адам тұрады. Өткен уақыттарда 100 мыңнан аса халық тұрған кезеңі де болған. Сөйтіп «бұл жерде қала болады», — деген Қаныш Имантайұлының арманы өмір шындығына айналды. Оның көшесінде ғұлама ғалымның жарқын іздері сайрап жатыр. «Жезқазған — Қазақстанның інжу-маржаны» деген теңеу де кезінде Қанекеңнің аузынан шыққан екен. Бұл сөздің де шынайы шындыққа айналғанына бүгінде ешкім таласа алмайды. Асыл аға арманының жүзеге асуы да осы болса керек.
Шырайлы шаҺар шындығы
Бүгінде Жезқазған моноқаладан өркен жайған, өндірісі мен әлеуметтік әлеуеті қатар дамып келе жатқан, өмір сүруге қолайлы қалалар қатарында саналады. Тұрғындар қалыпты тұрмысқа ең қажетті жылу мен судың, электр қуатының үзіліссіз берілуіне өкпе айта алмайды. Қаладағы орталықтандырылған жылу беру жүйесі 1955 жылдан бері тұрақты жұмыс істеуде. Жылумен әрі электр қуатымен жабдықтайтын ЖЭО 1952 жылы пайдалануға берілген еді. Одан бергі кезеңде технологиялық жаңартулардан өткен бұл кәсіпорын өндіріс нысандары мен тұрғын үйлерді жылу жүйелерімен қалыпты қамтамасыз ететін қуатты кешенге айналды. Қаланың қанат жайып, өсуіне байланысты кейінгі уақытта екінші жылу орталығын салу мәселесі көтеріліп жүргенімен, бүгінге дейін көп қабатты үйлерді жылумен қамтамасыз етуде айтарлықтай проблема туындай қойған жоқ. ЖЭО қазірде 182 мвт. электр қуатын, 343 гкал/сағ. жылу қуатын өндіріп, сағатына 289 г.калория ыстық су және 54 гкал. жылу таратады. Қаланың инженерлік коммуникациясының ауқымын зерделеу үшін мына бір көрсеткіштерге көз сала кеткен артық емес. Шаhардағы жылу жүйелерінің ұзындығы 349 шақырым, ауызсу құбырының ұзындығы 316, кәріздік жүйе 252 шақырым орамдарды алып жатыр. Кешенді даму жоспары аясында кейінгі 3 жылдан бері осы жүйелерді жаңарту жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. «Сарыарқа» жобасы шеңберінде биыл 1705 үй газға қосылып, көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Қала құраушы кәсіпорын ретінде Жезқазғанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақты болуына «Қазақмыс» корпорациясы оң ықпалын тигізуде. Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы алдына жан салмайтын ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. «Қазақмыс» кәсіпорындары негізінен Қарағанды мен Ұлытау облысының аумағына орналасқан. Соған орай өңір тұрғындарының басым бөлігі корпорация құрылымдарында еңбек етуде. Қазірде оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Орта есеппен корпорация өздері өндірген кеннен жылына 220,8 мың тонна шақпақ мыс, 3323 кило құйма алтын алады. Компания сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Кейінгі уақытта жылына 314,1 тонна тазартылған күміс өндірілуде.
Бұрын орталық өңірмен ғана көлік қатынасы қалыптасқан Жезқазғанда логистикалық жүйенің дамуы арқасында Батыс пен Шығыс бағыттары бойынша теміржол арқылы қарым-қатынас жолға қойылды. Қашықтығы мың шақырымнан асатын жерді жақындатқан Жезқазған – Бейнеу және Шұбаркөл – Арқалық болат жолдарының іске қосылуы тек өңірдегі емес, ел өміріндегі ерекше тарихи оқиға ретінде бағаланды. Осылайша мыс өндіретін қала тұйықта қалудан құтылды. Көліктік-логистикалық әлеуетіміздің артуы тасымал қарқынын жетілдіре отырып, ел экономикасының нығая түсуіне ықпалын тигізуде. Ендігі кезекте автокөлік жолдарын жаңарту жөнінен де ауқымды жобалар қолға алынуда.
Облыс орталығына айналғалы тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастады. Қаладағы 138 апатты үй сырылып тастап, орнына жаңа баспаналар тұрғызылады. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Қазір бұл саладағы өнім өндіру көлемі бұрнағы жылдардан бірнеше есе артты. Әлеуметтік-экономикалық салаға инвестиция тарту арқылы жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы, «Хан ордасы» қонақ үй кешені, асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Сондай-ақ, геологиялық кластер, енешынықтыру-сауықтыру кешені сияқты көптеген игілік нысандары бой көтеріп, пайдалануға берілгелі отыр.
Жезқазған бүгінде білімі мен медицинасы, мәдениеті мен өнері өркендеп дамыған өңірге айналуда. Қаладағы С. Қожамқұлов қазақ музыкалық-драма театры, Т. Қалмағанбетов атындағы филармония, қуыршақ театрының труппасы, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі, Халықтар достығы мен мәдениеті үйі, өнер мектебі, «Қазақмыстың» Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі, бірнеше ірі кітапханалар мен мәдени-сауық орталықтарының өнер ұжымдары қала тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Ө. Байқоңыров атындағы университеті бастаған бірнеше оқу орындары – гуманитарлық, политехникалық, индустриалдық, бизнес-көлік, музыкалық және медициналық коледждер жастарды білім нәрімен сусындатып, қала өмірімен бірге жасасып келеді. Сонымен қатар қалада 22 мектеп бар. Биыл Абай атындағы мектептің жаңа интернаты салынып пайдалануға берілді. Медициналық емдеу мекемелері де қазіргі заманға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Кардиологиялық және оңалту орталықтары ашылды. Жедел жәрдем стансасына жаңа көліктер алынды. Медициналық қызмет көрсету көлемі ұлғайып, сапасы жақсарып келеді. Спорт сарайы, халықаралық стандартқа сай стадион, ескек есу мен байдарка жөніндегі олимпиадалық резерв мектебі, күрес және бокс залдары спорт сүйер жастардың сүйікті орнына айналған.
Облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы Жезқазғанның жаңа тынысы ашылды. Рухани-мәдени өмірге өң беретін алда жарқын жобалар аз емес. Келесі жылы 450 орындық конгресс-холл салынады, 700 орындық шахмат академиясы ашылғалы отыр, 1320 орындық «Жігер», 1200 орындық «Намыс» спорт ғимараттары жаңадан есігін ашады. Иә, өркениет көшінен қалыспай жаңа асуларға ұмтылған кербез Кеңгір жағасындағы керім қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай болса, болашағы бұдан да жарқын, сәнді де сәулетті болары сөзсіз.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.