Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен таяуда Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Ұлытау облысында іссапарда болды.
Аталған іссапардың мақсаты жастардың экстремизмге қарсы санасын қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, Қазақстан жастарын радикалды және деструктивті діни топтарға айналдыруға жол бермеу.
Облыста жалпы саны 20 іс-шара ұйымдастырылып, 400-ден астам адам қамтылды.
Аталған іс-шараға Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығы» теологы, исламтану ғылымдарының магистрі Дастан Сақан, «Аманат» партиясы Ұлытау облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі, психолог Гүлбану Сейтжанова, «Сәтбаев қаласының дін мәселелері бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы» дінтанушысы Нұрсұлтан Азберганов, Қостанай облысы «Ақниет» ҚҚ дінтанушысы Тұрған Омаров қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Ұлытау облысы аумағында жастар ресурстық орталығы, мектеп, кітапхана, ЖОО мен колледж базасында болды. Олар жастар арасында «Жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру: өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары», «Діни экстремизм, фундаментализм және фанатизм» және басқа да тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іссапар барысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ЖОО мен колледж студенттері мен мұғалімдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар және тағы басқа топтар қамтылды.
Ай НУРИ, Ізтай БЕЛГІБАЙ.