Ұлытау облысында өндірістік орындардан шығатын қалдық көп. Қалдықтар қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсер ететіні анық. Сондықтан Жезқазған қаласында зауыт-фабрикалардан шығатын қалдықтарды автоматты түрде бақылайтын жүйе орнатылды.
Автоматты мониторинг Жезқазған жылу-электр орталығы және мыс зауыты секілді өңірдегі төрт кәсіпорынға қойылды. Заманауи құрылғы өндірістен шығатын зиянды қалдықтарды анықтайды. Қазір онда ауаға, суға шығарылатын қалдықтардың зияндығын көрсететін бірнеше датчик бар.
Олардан алынған ақпарат бірден қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне түседі. Келесі жылы техникалық суға датчик қойылмақ. Қондырғылардың барлығы әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, зиянды қалдықтар көлемін төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.