Өткен жылдың 24 қазанында Жезқазған қалалық әкімдігі ТКШ бөлімінің құзырына қарайтын «Мәдени және демалыс саябақтарын басқару» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Жаңа мекеме негізгі жұмыстарын биылғы жаз маусымынан бастап қолға алды. Бұл кәсіпорынға осы саланың жұмысына бейімі бар Серік Салиховтың басшы болып тағайындалуымен қаладағы жасыл желектерге нағыз жанашыр ие келді деп айтуымызға болады. Оған олардың биылғы жаз бойы атқарған игі істері дәлел.
Жезқазғанда кейінгі жылдары саябақтар мен бақжолдардағы ағаштар суарылмау салдарынан иесіздікке ұшырап, қурап қалудың аз-ақ алдында қалған еді. Бұл шаруаларды атқаруға ниеттеніп, тендер жеңімпазы болып жүрген мердігерлердің жауапты іске жүрдім-бардым қарауының ақыры осыған әкеліп соқты. Осы келеңсіздік жыл сайын қайталана берген соң саябақтар мен аллеяларға ие болып, жасыл желектерге күтім жасайтын арнайы мекеме болуы керек деген мәселе жиі көтеріліп жүрді. Осыған орай 2022 жылы «Мысты өңір» газетінде жарияланған «Қала шаруашылығы қалжырамасын десек» деген мақаламда: «Ендеше жылда конкурс жариялап, оншақты мердігер ұйымды жұмысқа тартқанша, қаланың тазалығы мен жасыл желек шаруашылықтарымен айналысатын неге бір-екі коммуналдық кәсіпорын құрмасқа?» деп бұл проблемаға қатысты мен де ой қосқан едім. Алайда, коммуналдық кәсіпорын құруға «Үкіметтің кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын шектеу туралы заңының талаптарына қайшы келеді» деп сол кезде жергілікті органдар ат-тонын ала қашып жүретін. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, енді міне, қала әкімдігі көпшілік көтерген ұсынысқа қолдау білдіріп, мәдени-демалыс орны мен саябақтар мекемесін сәтімен құрып отыр.
Кәсіпорынға қаладағы 4 саябақ, 18 бақжол мен аллеялар және ескерткіштер қарайды. Демалыс орындарын абаттандырып, көгалдандырумен қатар түнгі жарықтарын жасап, су бұрқақтарын жөндеп іске қосу да осы мекеменің құзырына жатады. Өз істерін ұтқыр ұйымдастыра білген ұжым биылғы жазда бұрын жұмыс істемей тұрған Наурыз саябағындағы, Ғарышкерлер бақжолындағы су бұрқақтарына жөндеу жүргізіп, іске қосыпты. Алғашқы құрылысшылар алаңындағы су бұрқаққа да тиісті жөндеу жұмыстары жасалған. Саябақтар мен аллея алаңдарындағы жасыл желек пен гүлзарлар уақытылы суарылып, қураған ағаштар кесіліп жаңа көшеттер егетін орындар дайындалып қойылыпты. Әуелде істен шыққан суару құбырларын жөндеп қалыпқа келтіру де оңайға соқпаған екен. Мекеме басшысы Серік Салиховтың бұрыннан коммуналдық саладағы осындай шаруалармен шұғылданған тәжірибесінің арқасында аптап ыстық басталғанша суару желілерін жөнге келтіріп үлгеріпті. Кәсіпорын жұмысын бастап, тиісті жұмыс ауқымын толықтай атқарып отырғанымен әлі шешімін күткен бірталай мәселелер бар көрінеді. Саябақтардың құжаттарын рәсімдеп, әділет мекемесінен тіркеуден өткізу сияқты жұмыстар әлі аяқталмаған. Соның салдарынан мекеменің атқарған жұмыстарына сай толық қаржыландыруда да іркілістер орын алуда.
– Мәселен, біз Наурыз бағына иелік етіп отырғанымызбен, ондағы кейінгі салынған архитектуралық нысандар мен ескерткіштер құжат жүзінде көрсетілмеген. Соған қарамастан, барлық нысандарды ағымдық жөндеуден өткізіп, күтіп ұстаумен айналысып жатырмыз. Алғашқы құрылысшыларға орнатылған ескерткішті, одан арғы ракета мен ұшақты, әуежай жақтағы Сарбаздар ескерткіші мен мыс қазанының қасбеттерін өңдеп, жаңартып қойдық. Абылайхан ескерткішін де тазартып жуып, шамдарын іске қостық. Декоративтік шамдарды күтіп ұстауда көп жұмыстар жасалды. Әзірше мекеменің өз техникасы жоқ, қажеттілікке қарай жалдамалы техникалармен жұмыс істеуге тура келуде. Қазірде суару құбырларын жаңарту мәселесін шешіп жатырмыз. Күнделікті кездесетін келеңсіздіктер жайлы да айтпасқа болмайды. Жаңартып қойған вентильдерімізді сындырып, сүртіп тазартқан орындықтарды да бүлдіріп қиратып кететіндер тиылмай тұр. Тиісті қадағалау жасайтын бейнекамералар жұмыс істемейді. Қараусыз малдар да саябаққа кіріп кетіп ығыр қылды. Осы жағдайларға тиісті көңіл бөлінсе, – дейді Серік Мұхамедәліұлы кәсіпорын жұмысына қолбайлау болатын жайларды да ортаға салып.
Мәдени және демалыс саябақтарын басқару кәсіпорнында бүгінгі таңда 71 адам еңбек етуде. Әкімшілік қызметкерлері мен инженерлік құрамнан бөлек 49 жұмысшы бар. Саябақтар мен бақжолдағы жасыл желектерді, гүлзарларды күтіп ұстап, демалатын алаңдарды абаттандырып, тазалығын қамтамасыз етумен осы жұмысшылар күн сайын тынымсыз айналысып келеді. Байыптап қараған жанға кейінгі уақытта сая-
бақтар мен демалыс алаңдарының көріктеніп, жасыл желектерінің жайқалып тұрғанын көруге болады. Осының бәрі бұл салаға ие болған жанашыр жанның келуінің арқасы. Жақсы істер алда да жалғасын таба берсін дейік!
Амандық РАХҰЛЫ.