Мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасының Жезқазған мыс қорыту зауытындағы №4 телімі осы өндіріс нысанының техникалық жабдықтарын ағымдық және күрделі жөндеуден өткізумен шұғылданады.
Cамат Нәсенов басшылық жасайтын бұл ұжым балқыту цехындағы № 2 кен-термиялық пешке күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Бір айға созылатын жөндеу жұмыстарына телім еңбеккерлері бірлесе атсалысуда.
Алып цехтың ішіне кірген бетте-ақ қызу жұмыстың табы сезіледі. Жөндеу жүріп жатқан аумақта басқарманың жетекші инженер-технигі Нұрғали Асыловпен жолықтық. Басқармадағы техникалық бөлімнің жетекші маманы мұндағы жүргізіліп жатқан шаруалардың кейбір тұстарын түсіндіріп берді.
– Өндірістік нысандағы жөндеу жұмыстарының барысы ең әуелі арнайы жоба негізінде іске асады. Біздің бөлім атқарылатын шаруалардың сызбасын әзірлеп, оны телім басшыларына ұсынады. Әрбір жабдықтың сызбаға сай орналасуын бақылап, кеңес береміз.
Бізде 430-ға жуық жоба бар. Соның бірі – Жезқазған мыс қорыту зауытындағы екінші кен-термиялық пешті күрделі жөндеуден өткізу. Қазір мұнда демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. Қараша айының соңына дейін жобаға сай пешті іске қосу көзделген. Техникалық бөлім ең әуелі мемлекеттік стандарттар мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бекіткен стандарттарды алға тарта отырып, қауіпсіз еңбектің жүзеге асуына көңіл бөледі, – деді Нұрғали Тоқтамұратұлы.
Нұрғали Асылов – бұл салада 28 жыл еңбек өтілі бар маман. Ол басқармаға 1996 жылы келген. Құрылыстың жобаға сай жүзеге асырылып, сапасының берік болуына бағыт-бағдар сілтеп жүрген маман – осы уақыт аралығында 35-ке тарта жас маманды қанаттандырған тәлімгер.
Нұрғали Асылов
Зауыттағы қызу құрылыстың басы-қасында жүрген телім басшысы Самат Нәсенов құрылыстың барысы жайында былайша баяндап берді.
– «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының тапсырмасына сай Жезқазған мыс қорыту зауытындағы № 2 кен-термиялық пешті қайта қалыпқа келтіріп, күрделі жөндеуден өткізуді қолға алып жатырмыз. Мұнда № 4 телімнен 250 адам құрылысқа тартылды. Сонымен қатар, өзге телімдерден, Балқаш қаласынан келген білікті мамандар бар. Олардың жалпы саны – 160. Қазір 14 бригада жұмыс істеуде. Слесарь-жөндеушілер, электр-газбен дәнекерлеушілер және газбен кесушілердің арқасында сапалы жұмысқа қолжеткізуге мүмкіндік мол. Құрылысқа қажетті жабдықтарды тапсырыс беруші өз тарапынан жеткізіп беруде. Металл құрастырмаларын қайта орнату жұмыстары жүзеге асуда. Қарашаның 27 күні құрылысты толық аяқтап, іске қосуға дайындап береміз. Осы тұста атап өткен жөн болар, мамандандырылған құрылысмеханикалық басқармасының директоры Георгий Евгеньевич Юсуповтың қолдауы біздің телімдердің сапалы жұмыс жасауына оң ықпалын тигізуде. Георгий Евгеньевич осы саланың білікті басшысы ретінде кез-келген жобаның сәтті атқарылуына ықпал етіп келеді. Директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Ахмедзияновтің жұмыстарды үйлестіру, оны нәтижеге шығару сынды ұсыныстары қолға алған шаруаның оңтайлы іске асуына көп көмегін тигізуде.
Біздің телімде ағымдық, күрделі жөндеу жұмыстарында озаттар сапынан көрінген майталмандарымыз бар. Солардың ішінде слесарь-жөндеушілер Арман Әлімбетов, Қайрат Махатов, Боранбай Жұмабаев, Қайрат Асайнов, электр-газбен дәнекерлеушілер Дулат Алдабергенов, Ермек Кемалов, Виктор Сошенский, Бақытжан Болатов сынды озаттармен мақтанамыз. Газбен кесуде тәжірибелі мамандар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Мұхит Садықов, Дархан Бураханов пен Сәлім Слямовтің шеберлігі көпке үлгі.
Осындағы жұмыстарды үйлестіріп, оң бағытта жүзеге асуында аға шеберлердің де атқаратын жұмысы маңызды. Ерлан Аманжолов, Бағлан Тәшпенбетов, Мұрат Туғанбаев, Омар Отызбаев осы жоба қолға алынған сәттен бастап шаруаның ортасында жүр. Шеберлер Мақсат Есенбаев, Еркебұлан Касумов, Бауыржан Бақтыбаев, Сұлтан Садыкеновтің іскерліктерін де атап өткен жөн.
Кен-термиялық пешті жаңғыртып, қайта қосу жұмысына бір кісідей атсалысып жатқан 1, 2, 3, 8 телім мен Балқаш қаласынан келген әріптестерге ұжым атынан алғыс білдіремін. Біздің телімнің сайдың тасындай іріктелген жігіттері 1 қыркүйек пен 1 қазан аралығында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС тапсырысымен Балқаш мыс балқыту зауытындағы цехта да күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп келді, – деді телім басшысы.
Самат Нәсенов
Самат Нәсеновтің бұл саладағы еңбек өтілі – 33 жыл. Алматы қаласындағы автокөлік инстиутын тәмамдаған соң Батыс Қазақстанның тумасы Жезқазғанға жолдамамен жұмысқа жіберілді. Тоқсаныншы жылдың тоқырау тұсында автокөлік кәсіпорнында еңбек жолын бастады. Кейіннен сол жылдары Гарий Зигерт басшылық жасаған «КЦМР» («Қазтүстіметжөндеу») басқармасына ауысты. Алғашында слесарь-жөндеуші болып жұмысқа қабылданған Самат Бақтығалиұлы кейіннен бригадир, шебер сынды жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Бүгінде іскерлігі мен еңбекке деген ынтасының арқасында № 4 телімге басшылық жасап отыр.
Ортақ іске бірлікті ту етіп кіріскен телімнің әрбір еңбеккері өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырысты уақытында аяқтауға үлестерін қосуда.
Төртінші разрядты слесарь-жөндеуші Медет Мелішевтің бұл телімде еңбек еткеніне биыл 10 жыл толыпты. Бұған дейін Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек еткен ол бүгінде телімдегі слесарь-жөндеушілердің бригадирі.
– Бригадада 3 слесарь, 1 кесуші, 2 дәнекерлеуші бар. Олардың әрқайсы өздерінің жұмысына тиянақты. Еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, осы жобаны соңына дейін жеткізуге күш салудамыз. Газбен кесуші Абзал Қасым, слесарьлар Төрехан Ғабдулда, Сәлімжан Өмірбеков, электр-газбен дәнекерлеушілер Азамат Сейітмағанбетов пен Айдар Зубайра үлестерін қосуда.
Медет Мелішев
Слесарь-жөндеуші, газбен кесуші, дәнекерлеуші сынды кешенді тағы бір бригаданың жетекшісі – Бақытжан Есенбеков. Ол мұнда 2019 жылы жұмысқа орналасқан. Газбен кесуші мамандығын меңгерген Бақытжан Қуандықұлы – Ержан Ибраевтың шәкірті.
– Телімге келгеніме 5 жыл толыпты. Алғаш жұмысты қолға алғанда Ержан Ибраевтың ақыл-кеңесі маған көп көмек болды. Қазір тәлімгерімнің ұстанған бағытымен келе жатырмын. Бригада жетекшісімін. Қарамағымдағы слесарь-жөндеушілер Ерлан Байекен, Мұхит Мәкішев, дәнекерлеушілер Руслан Абзалбек, Сергей Шеломенцовтің іскерлік дағдыларының нәтижесінде бригада жоспарды толық көлемде атқарып келеді, – деді ол.
Бақытжан Есенбеков
Электр-газбен дәнекерлеу ісін меңгерген Бекнұр Байғалидің де бұл ұжымға келгеніне 5 жыл болыпты. Дулат Алдабергеновтің тәлімінде шыңдалған Бекнұр бес жыл ішіндегі нәтижелі еңбегіне сай бригадаға жетекшілікке тағайындалды. Жас та болса бас болып жүрген Бекнұр спортты серік еткен азамат. «КәсіпҚорған» кәсіподағы ұйымдастыратын жыл сайынғы спартакиада аясында өткен басқарма ұжымдарының арасындағы жарыста Бекнұр Байғалидің командасы І орынды жеңіп алды. Өндіріспен қатар спортты серік еткен ол еңбектегі және спорттағы жетістігін ұжымының қолдауымен ұштастырады.
Бекнұр Байғали
– Біздің телім еңбекте болсын, қоғамдық шараларда болсын бірлікті бекем ұстанады. Өзім жетекшілік ететін бригаданың жігіттері үнемі табысты болуға ұмтылады. Слесарьлар Нұрлыбек Рахымбек, Әділет Аппазов, Олжас Қасенов, электр-газбен дәнекерлеуші Ербол Есназар мен газбен кесуші Нұрсағат Серік сынды майталмандармен мақтанамын, – деді жас бригадир.
Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік нысандарында жөндеу жұмыстарын жүйелі атқарып отырған мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасының білікті еңбеккерлері бұл құрылымның теңдессіз екенін айқындап отыр. Соның қатарында басқарманың № 4 телімі өздерінің тірлігін тиянақты атқаруда. Тиянақты атқарылған іс оң нәтижеге бастайтынын ұжым жақсы біледі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.