Жақында Алматы қаласындағы «Орхон» баспа үйінен ақын, жазушы, өлкетанушы қаламгер, Ұлытау облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Батырбек Мырзабековтің «Мәңгілік ғұмыр» атты роман-эссесі жарық көрді. Шығарма өзегі еңбек жолын Қарсақбай мыс заводынан бастаған даңқты тұлға Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолы.
Даңқты ғалымның туғанына 125 жыл толуына орай жарық көрген аталмыш кітаптың демеушісі – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС.
Кітаптың көлемі – 23,5 баспа табақ. Таралымы – 1000 дана.
Қазақтың даңқты перзенті, ғалам ғалымдарының айтулы өкілі, Ұлытау – Жезқазған кенді аймағын дамытуға ерен үлес қосқан тарихи тұлға Қ. И. Сәтбаевтың өнегелі өмірі мен соқтықпалы-соқпақсыз ғұмыр жолы, ел өндірісін дамытудағы еңбегі жайлы жазылған көлемді әдеби туындылар, мақалалар, естеліктер, поэма, балладалар баршылық. Сәтбаев тағлымын танытушы М. Сәрсеке, К. Салықовтың бұл бағыттағы еңбектері орасан зор.
Кезінде орыс өндірісшілерінің иелігінде болып, содан соң шетел (ағылшын) капиталистерінің пайдасына ауысқан, кейін большевиктердің меншігіне көшкен Қарсақбайдың тағдыры үлкен өндірістік эпопеяның бастауы болатын. Жас геолог Қ. Сәтбаев 7-8 жыл осы аймаққа барлау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде Ұлытау-Жезқазған өңірінің кенге бай екеніне көз жеткізген болатын. Алайда Мәскеудегі басшылар мен «Главцветмет» «білгіштерінің» қарсылығына тап болады. Қайратты, қажырлы геолог Қаныш алған бетінен қайтпай, нарком Сергоның алдында Жезқазған мысының ғажайыптарын дәлелдеп, тәуекелге бел буып, тіпті сынқатері бар іске басын тігіп, ғажап ерлік үлгісін көрсеткені тарихтан белгілі. Демек, Қаныш тағдыры – таусылмайтын тақырып. Жерлес қаламгеріміз, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабековтің «Мәңгілік ғұмыр» атты шығармасы – осы таусылмайтын тақырыпқа барған көркем дүние.
«Баянауыл бөктерінде» деп аталатын бөлімде (экспозициясы) Қаныштың үлкен жолға шығар тұстағы үміт пен күдік араласқан сәттері, жас жігіттің табандылығы мен шешімді қимылға баруы нанымды суреттеледі. Оның Томскідегі оқуы мен ұстаз тәрбиесін алуы сияқты оқиғалар оқырманын бірден шығарма желісіне тарта жөнеледі. Жазушының бұдан кейінгі оқиғаларды өрбітуі, тартысқа құрылған тұстар, Қаныштың қайрат-жігерін танытатын жайттар аңыз емес, ақиқат шындық өзегінен алыс кетпеген. Нанымды. Қызғылықты.
Аталмыш шығарманың Сәтбаев жайлы жазылған өзге дүниелерден өзгешелігі – мұнда бұрын-соңды оқырманға ұсынылған шығармаларда атала бермейтін адамдар мен оқиғалардың өзек тартуы. Сондай кейіпкерлердің бірі – Шенеу Далабайұлы. «Сонау Мәскеуден Қарсақбайға келген қазақты бірінші көруім», – деп таңқалған ақсақал кейін Қаныштың рухани серігі, ақылшысы, тілеуқорына айналады. Жөн сұрасқан Шенеу ақсақалдың баянауылдық жігіттің Қарсақбайға бара жатқанына таңқалған ауыл ақсақалының сезімі жай баяндала салған оқиға емес. Бұл – қазыналы Қарсақбайдың тыныс-тіршілігіне қайсыбір жаңалықтың келгенін сездіретін ишара ой, сәтті шешім.
Шығармада жалаң өндіріс тынысы ғана баян етілмейді, Қаныш Шенеу сияқты ел ардақтыларымен жүздесіп сөйлесу барысында Ұлытау, Қарсақбай, Кетбұқа сияқты ел мен ерлер жайлы әңгімелерді естіп, ұлт тарихының сандығы саналатын Ұлытаудың тарихын бойына сіңіре бастайды. Бір ғана Қарсақбай деген адамның кім екенін сұрап білуі осыған дәлел. Романда жас геолог Қаныштың енді ел, жер тарихына сұғына енген тарихшы болып таныла бастағаны нанымды берілген. Автордың идеясы мынау: Қаныш – жер қойнауын ғана емес, ел қойнауын зерттеуге пейіл бұра бастаған ұлт тарихының жанашыры деген ой.
«Қарсақбай-Қаныш» бөлімінде Қаныштың негізгі мақсаты мен сол мақсатты ақиқат іске айналдыруға бекінген ұстанымы айқындалады. Қарсақбай заводының бүгіні мен болашағы, адымды аштырмайтын өзекті мәселелері – Қанышты ойландырған қиын да күрделі, бірақ маңызды шаруалар еді. Қаныш өзінің осы тұста қайраткер боларлық қабілетін танытады. Шығармадағы адамдар мен оқиғалар, қилы пікірлер тартысы мен табандылық таныту сияқты мінез көріністері шынайы берілген.
Шығармада тағы бір кейіпкердің болмысы ашылады. Ол да өмірде болған, талай жыл Қанышпен дос, пікірлес болған жан. Ол – Ұстабайдың Жарасбайы. Осы тұста автор Қаныш пен Жарасбай арасындағы әңгімелерді өрбіте отырып, Қаныштың тағы бір айрықша дарынын танытатын оқиғаларды баян етеді. Мәселен, жанып жатқан от, тезек, мал өрісі, жалын ұшының (әлекей) жап-жасыл болып жануы – былайша қарағанда қарапайым, назар аудара бермейтін құбылыс. Ал жас геолог осы көріністен (оттың жануынан) жерастының құпия сырын тани алып жатқанын оқығаныңызда таңқаласыз. Автор осындай оймақтай детальдарды ойната отырып, кейіпкерінің сан қырлы дарынын аша алған. «Ер Төстік» ертегісіне қатысты детальдар да (Сорқұдық тарихы) өте қызықты. Оқырманды қызықтыра түсетін, кейіпкер болмысын аша түсетін деталь.
Жазушы – өлке тарихын барынша тереңірек, жанжақты білетін жан. Жарасбаймен болған әңгіменің тақырыбын кеңейте отырып, сонау Фердаусидің «Шахнамесіндеге» оқиғалар тізбегіне түсуі, дастандағы алтынның Ұлытау алтыны екендігіне таңба сала кетуі, сонан соң тарих атасы Герадот жазбаларындағы тұжырымдарды тірілте сөйлеуі – шеберлік. Және оны Қаныш өміріне қатысты ете білуі – сәтті шешім.
Қаныш Сәтбаевтың халық ақыны, көкірегі қазына қарт Иманжан Жылқайдарұлымен кездесіп, пікірлес болуы, тамыры тереңге тартқан әңгімелерді естуі – жас геолог үшін үлкен олжа. Бір ғана «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры оқиғасының Ұлытау өңірімен қатысты екендігін білуі Қаныш үшін де, ғылым үшін де тосын жаңалық болды. Осы оқиғалардың бәрі Қанышты қызықтыра түседі. Жер қазынасын ғана емес, ел қазынасын зерттеуге ынтықтыра түседі.
Романда Қаныш Сәтбаевтың жанынан көрінетін жандардың бірі – Тай Тілегенов. Оның Қанышты Алтын шоқыға алып баруы, Ақсақ Темірдің жазу қалдырған тасын көрсетуі – қызықты эпизодтар. Былайғы жұрт Ақсақ Темір жазу қалдырған тасты, оны Эрмитажға апаруы сияқты жайттарды біледі. Бірақ осы бір ақжолтай іске ұлытаулық ақсақал Тай Тілегеновтің дәнекер болғанын біле бермейді.
Осы тұста ойымызды бір жинақтап алар болсақ, түйінді сөзіміз мынау болды: біріншіден, романда біз Қанышты әуелде Ұлытау құшағына еніп кеткен, оның тау-тасы мен топырағына, өзен-суына, адамдарына үлкен махаббатпен қызыға қараған, қарап қана қоймай оны таныту ісіне талпынған жас ғалым ретінде көреміз, соңыра алып тұлғаға айналған Қанышты танимыз.
Екіншіден, романда Қаныш және Ұлытаудың зерделі, көкірегі жазу көшелі қарттарын, ел жақсыларын көреміз. Жоғарыда айтқан Шенеу, Жарасбай, Иманжан, Тай сияқты жандар Қаныш туралы жазылған шығармаларда бұрын-соңды көріне бермейтін. Бұл – мына шығарманың олжасы. Осы арқылы баянауылдық Қаныш ұлытаулық Қаныш болып танылады.
Ел тарихына, жер тарихына қанық бола бастаған Қаныштың Қарсақбайға деген сүйіспеншілігі арта түседі. Осы сүйіспеншілік оны Қарсақбайдың болашағы үшін болған күресте рух-қайратын ұштайды. Айта кету керек, Қарсақбай заводына жан бітіріп, мыс қазанын қайнатып, одан ел кәдесіне жарар дүние-құт алу жолы – Қаныш және Қаныштың серіктестерінің күресімен жазылған жол. Осы тұста автор Қаныштың, Қаныштың пікірлестерінің және керітартпаққа салған «дұшпандарының» образын нанымды етіп сомдай алған. Бір сөзбен айтқанда, азамат Қаныш ізденіс пен іркілістің, тыңнан жол салудың азабы мен ғажабын, тайталас пен табандылық таныта білудің қия жолдарынан өте жүріп танылады.
Шығарманы оқып шыққан оқырман мынадай түйін жасайтыны анық:
Орыс көпестері, ағылшын капиталистері иелік етіп, ақыр-соңы Қарсақбай болашағына, оның жерасты қазынасының бар-жоғына күмәнді пікір тастап кеткеніне қарамастан сары дала қойнауына барлау жасап, астында мол қазына жатқанын дәлелдеп шығуға күш салған ұлтжанды азамат – ол Қаныш.
Қарсақбай – Үлкен Жезқазған жұмысшы поселкесі – Жезқазған қаласы, оның алып өндірісінің шежіресінде, журналист Ә. Әміралин айтқандай, «Арқада туған алыптың» тарихи жолында алтын әріппен жазылатын есім – Қаныш есімі.
Ұлытау – Жезқазған өңірінде қазақтар арасынан инженер-мамандар даярлау ісіне бар күш-жігерін салған да Қаныш Имантайұлы. Қаныш жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан шыққан маман-кадрлардың үлкен армиясын қалыптастырып кетті.
Романда Баянауылда туған, Ұлытауда алып тұлғаға айналған Қаныш Сәтбаев көрінеді.
Қанышты және Қаныштың айналасын танытуда автор қызықты оқиғаларды тиімді, сәтті пайдалана алған; тілі жатық, оқиға нанымды, көркемдік шешімдері сәтті.
Шығарманың түйінінде үлкен күреске толы Қаныштың жолы өз жалғасын тауып, Қарсақбай – Үлкен Жезқазған – Жезқазған дастаны «Қазақмыс» корпорациясы» ғұмырына жалғасып, үлкен эпопеяға айналғанын көрсетеді. Бүгінгі «Қазақмыс» – кешегі Қарсақбайдың қарашаңырағының егесі. Бүгінгі «Қазақмыс» басшылары – кешегі Қаныш армандаған ұлағатты ұрпақ өкілдері. Шығарманың шешімі жасалар тұста мынандай оқиға баяндалады: әйгілі ғалымның мерейтойы қарсаңы; үлкен іс қолға алынды; Қаныш ескерткіші орналасқан алаң қайта жөндеуден өтіп, заманауи үлгідегі демалыс орнына айналды; халық алғысы шексіз; іс басында «Қазақмыстың» қағылез басшысы Н. Нуриев тұрды. Әрине, қолдау жоғарыдан болды. Білікті басшы Нұрахмет осы алаңға келіп, ойнап жүрген топ баланы көреді. Бірінен: «Атың кім?» – деп сұрайды. Бала: «Қаныш», – деп жауап береді. Жазушы осы бір кішкентай деталь арқылы ұлы тұлғаның өлмегенін, оның ісінің, арман-мақсатының жасап келе жатқанын бейнелеп көрсетеді. Шындығында да солай еді. Бір кезде Қаныштың рухани серігі болған Шенеу қарттың қаралы хабарды естігенде «Қаныш өлмейді. Ол – мәңгілік ғұмыр ғой» деген сөзінің ақиқат екенін танытатын эпизод та осы.
Шығарманың «Мәңгілік ғұмыр» деп аталуы да сәтті шыққан.
Қорыта айтқанда, жазушы Батырбек Мырзабековтің «Мәңгілік ғұмыр» романэссесі – қаныштану іліміне қосылған қомақты дүние. Көркем дүние, бірақ Қаныш өмірінің шындығын өзек еткен дүние.
Өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білген автор әсіре бояу, құрғақ қиялға салынбайды. Шығарма оқиғасы, адамдар арасындағы қарым-қатынас, болған әңгіме шындыққа табан тіреп жатады. Бұл – оқырманды сендіреді және Қаныш болмысына етене жақындата түседі. Романда Ұлытау – Жезқазған топырағына тамыр жіберіп, тағдырын осы өлкемен байланыстырған ұлытаулық Қаныш Сәтбаев көрінеді.
Ғазиз ЕШТАНАЕВ.