Тақырыбына қарап тіксініп қалма?! Мүмкіндігінше мақалада жігітке лайық ісін ашып көрсетуге тырыстық. Әңгіме аймаққа танымал ақсақал Әбуләйіс Молақов туралы. Әбекеңмен таныс-білістігіме жиырма жылдың жүзі болды. Шашындағы «қырау» қоюланғаны болмаса, бастапқыдан бәлендей өзгеріс байқалмайды. Аңқылдаған, ақкөңіл қалпы. Ал, қоғамдағы небір қабырғалы мәселені көтеріп, оң нәтиже үшін белшеше кіріскенін көрсең, қажыр-қайраты қайран қалдырады.
Әкесі Түсіпбек Молақов – осы өңірге танымал тұлға. Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданға аттанғанша Байқоңыр көмір шахтасында еңбек жолын қатардағы забойшылықтан бастап, кәсіпорын директорлығына дейін көтерілген ол қанды қырғыннан қайтқасын қалған ғұмырын кенді аймақтың келісті келешегін қалыптастыруға арнады. Сегіз балаға жарық өмір сыйлаған анасы Ұлтуған Жарасбайқызы ұзақ жыл сауда саласында еңбек етті.
Рудник кентінде туып, «менмұндалаған» шахта мұнаралары мен тау жынысының жал-жал үйіндісін көріп өскен баланың ер жеткесін баратын жері белгілі ғой?! Әбуләйіс те әкесінің жолын қуған ағасы Темірбектің ізін басты. Еңбек жолын әкесі басқаратын, ағасы учаске механигі болып істейтін «Покро» шахтасында бастады. Кеншілердің забойда қауіпсіз еңбек етуін қамтамасыз ететін төбе бекітуші болды.
Алғашқы қадамы Мұхит Бөпежанов, Өмірхан Байқоңыров, Кәкімбек Салықов, Далабай Ешпанов сынды білікті басшылар қалыптастырған өзіндік еңбек дәстүрі бар ұжымда басталғанын жақсылыққа жорыды, астарында нарға жүк боларлық жауапкершілік жатқанын жас та болса бар болмысымен түйсінді. Әкесі мен ағасын арқаланып жұмыстың жеңіл жағына жүгіруді ар санады. Олардың ұшқалақтықты ұнатпайтынын бала кезден екібастан жақсы біледі.
Шахта шыңырауында «кеншілер патшалығының» тірлігімен тыныстап, қоян-қолтық қимылдап жүргенде кеншілер мәрт мамандық иесі екеніне көзі қапысыз жетті. Жұмыс үдерісіне жан-жақты қаныға түсті. Сөйтіп жүргенде Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін сағат та соқты. Екі жылда бойы да, ой-санасы да өсіп оралды. Туған жерге табаны тиісімен уақыт оздырмай Батыс Жезқазған кенішінің табалдырығын аттады. Кәсіпорын басшылығы аймақтағы алғашқы алып – № 55 шахтаға жіберді.
Көз үйренген кәсіпке көп қиналған жоқ. Әрі «Покроға» қарағанда алыптың кен өндіру технологиясы да тым тегеурінді еді. Өздігінен жүретін заманауи кен өндіру техникасын өндіріске кеңінен енгізіп жатқан қауырт кезең болатын. Әбуләйіс қызу еңбек майданына белшешіп араласты да кетті.
Сексенінші жылдары кеніштердің құрылыс ұйымдарымен септесіп кеншілер үшін өз күшімен, шаруашылық әдісімен тұрғын үй салатын үрдіс бар еді. Бір күні Батыс Жезқазған кенішінің директоры Әмірбек Шегірбаев «шақыртып жатыр» деген хабар тиісімен, салып ұрып жетіп барды. Кен өндірісінің керемет командирімен арадағы әңгіме «кеншілер патшалығының» қам-қарекеті емес, таза басқа тақырыпта өрбіді.
Артық-ауыс сөзден ада әріптес ағасы бірден шақыртқан шаруасына көшті. Құрылысқа икемі бар 24 адамды іріктеп, бір бригада құрыпты. Қажетті төрт техника да табылыпты. «Сен осы бригадаға бас-көз болып, бес жыл құрылыс алаңын қызу еңбекке кенелтіңдер. Біздің тарапымыздан қолдан келген көмектен кедергі болмайды. Мен саған сенемін!» дегенді шегелеп айтты. Келісімін сұраған жоқ, шегінетін жер қалдырмады.
Жезқазған құрылыс техникумын бітіргенінің пайдасын Әбуләйіс осы жолы көрді. Жұбын жазбаған жиырма бес адам бес жылда № 66 орамда екібасты он коттеджде әріптестерінің қоныс тойын жасауына септігін тигізіп, алғысына бөленді. Құрылысқа қатысқан қыз-келіншек пен жігіттердің сыйсияпатсыз қалғаны жоқ. Өзіне комбинат – кезектен тыс «Нива» жеңіл автокөлігі мен 300 сом, кеніш пен құрылыс-монтаж басқармасы 100 сомнан сыйақы берді. Республиканың Министрлер кеңесі Құрмет грамотасымен марапаттады.
Өмірінде өзіндік із қалдырған осы оқиғадан соң да ол шахтада ширек ғасырдан астам еңбек етті. 2012 жылы денсаулығына байланысты жер бетіндегі жеңіл жұмысқа ауысты. 2016 жылы маусымда зейнет демалысына шықты. Бірақ, «демалыс» деген аты болмаса, дүбірлі дүниенің дүрмегіне қосылды да кетті. Кеншілер қаласының қоғамдық өмірінің бел ортасында жүрді. Небір игі істерге ұйтқы болып, жеткіншек ұрпақ пен жастарға жөн-жоба сілтеді.
2018 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің кеншілер қаласындағы филиалына басшылыққа сайланды, 2019 жылдан бері қалалық қоғамдық кеңесі мүшесі, 2021 жылы «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағын алды, былтыр жерлестері Сәтбаев қалалық мәслихатына бірауыздан депутат етіп сайлады, қалалық ішкі саясат бөлімінің дін орталығында ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі.
«Дін» дегеннен шығады, Әбекең имандылықтың исі бұрқырап тұрған бұл мәселеге жіті қарайды. Осыдан он шақты жыл бұрын қаладағы мешіттің маңайында орын алған кейбір келеңсіздікті жоюға Ардагерлер кеңесінің тапсырмасымен тиянақты жұмыс атқарғаны есімізде. Сосын бұдан төрт жыл бұрын Қарағандыдағы – Әнет баба, Жезқазған, Сәтбаев мешіттері жамағатымен бірігіп, ысырапқа жол бермеуге ұйтқы болды. Қазір жаназа намазынан кейін дәм берілмейді, жыртыс, ақша таратылмайды.
Әулеттің үлкені ретінде 2015 жылы Қыпшақ руының бір буыны – Есенғұл ата ұрпағына басшылықты қолға алып, қор құрды. Түйте батырдың, Сарт (Байкөрпе) бидің кесенесі тұрғызылды, «Бұланты» өзенінің бойында Түйте батырға ескерткіш тас қойылып, ас берілді, 2022 жылы Қойлыбай әулиенің кесенесі жанынан Тағзым үйі тұрғызылды, былтыр ас берілді, биыл қайтадан зәулім кесене тұрғызылып жатыр. Өскелең ұрпаққа өнеге боларлық осындай игі істердің басы-қасынан Әукен ағаны көрер едік. Алайда, ақсақалдың аузынан «шаршадым» деген сөзді естіген емеспіз.
Туаркүл жеңгем екеуі бір ұл, бір қыздан сегіз немере сүйіп отырған ардақты ағаға жалқы тілек – жамбасың жерге тиіп, жағың түскенше жамандық көрме!
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.