Олар мейірімді, көзқарастары, ой-тұжырымдары, түйсіктері бөлек. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларды қолдау мақсатында дәстүрлі 18-ші «Үміттің алқызыл желкені» атты көркемөнерпаздардың шығармашылық фестивалі өтті.
Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында және Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараның басты қонақтары – өнері де, өмірі де ерекше жандар. Байқаудың мақсаты – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты ұғынып, мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың қалыпты дамыған адамдармен әлеуметтік жағынан да, саяси, азаматтық, экономикалық және мәдени жағынан да тең құқылы екендігін осындай игі шаралармен дәлелдеу.
– Өмірдің қиындығына төтеп беріп, алға қойған мақсаттарына батыл қадам жасап, өнерлерін шыңдап жүрген бүлдіршіндерімізге тек қана шығармашылық табыс тілейміз. Осындай балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға әрдайым күш-қуат берсін, – деді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев фестивальді аша отырып.
Фестиваль «Әлем балалар көзімен» атты көрмемен басталды. Көрмеде әртүрлі әдіспен жасалған бұйымдарды көруге болады. Бірі бояуы мен кескіні келіскен сурет салса, бірі кесте тіккен, ал енді бірі былғарыдан бұйымдар әзірлеген. Оған осындай жандарды тәрбиелеп отырған «Дара жүрек», «Аялы алақан», «Лира» секілді 7 мекеменің тәрбиеленушілері қатысты. Ұйымдастырушылар олардың арасынан дарынды, талантты жастарды анықтады.
Фестиваль қатысушылары мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар екенін көпшілікке тағы бір мәрте дәлелдеді. Сәйкесінше, оларға деген көрермендердің ықыласы да ерекше болды. Соңында барлық қатысушыларға арнайы диплом мен сыйлық табыс етілді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.