Биыл Жошы ұлысына – 800 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Жошы ұлысының 800 жылдығы ел көлемінде аталып өтілуде. Соның бірі – облыс орталығында өткен республикалық ғылыми-практикалық семинар.
Шаһарымыздағы № 8 гимназияда өткен «Протоқазақ мемлекеттері және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы негізгі тарихи тұлғалардың рөлі» атты семинарға жергілікті тарихшы ғалымдар, музей қызметкерлері мен өңірге қарасты білім ордаларының тарих пәні ұстаздары қатысты. «Тағлымы терең тарих» атты көрме ұйымдастырылып, Жошы ұлысы кезеңі жайында секциялық отырыстар болды.
– Семинардың мақсаты Жошы ұлысының құрылғаны туралы мәліметтер беру, дарынды балаларға қолдау көрсету болып табылады. Сонымен бірге ғылыми жұмыстар қорғалды. Мұндай семинарлардың маңызы зор деп білемін. Өте жақсы тәжірибе алмастық, – деді Сәтбаев қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Балзия Ералиева.
Сонымен қатар, 8-10-сынып оқушылары арасында өткен облыстық ғылыми жобалар байқауында іріктеуден өткен 16 жоба осы семинарда жоғары бағаланып, жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған шаралар легі жыл бойына жалғасын таппақ.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.