Адамның өмірінде қарттық дейтін кезең ұрпағының қызығын көріп, ізінен ерген толқынның ардақтысына айналар шақ деп бағаланады.
«Қартың – жазып қойған хатың» деп дана халқымыз айтқандай, дария кеуде қарттарымызға қашанда қамқорлық жасау артықтық етпейді. Өз дәуірлерінде қоғамның дамуына үлес қосып, ғұмырларын арнаған асыл жандар өндірісті өркендетуге де еңбек сіңірді. 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде Жезқазғанның түсті металлургиясына ғұмырын арнаған 40-тан аса ардагерді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауыты басшылығы мен зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бірлесіп ұлықтады.
Қазыналы қарттарға арналған салтанатты жиында Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры Саят Әтен ардагерлерге жылы лебізін арнады.
– Қазақ халқы қартын қазынасына балаған. Сіздер біздің асыл қазынамызсыздар. Кешегі бейнетті өмірлеріңіз артта қалып, бүгін зейнет шақта ұрпақтың қызығын көріп отырсыздар. Жезқазған мыс қорыту зауытының тарихында әрқайсыңыз өшпестей із қалдырдыңыздар, өндірісті өркендетуге күш салдыңыздар. Осы еңбектеріңіз үшін біз сіздерге алғыс айтамыз, – деді Саят Әбутахирұлы.
Зауыт директоры салтанатты жиынның қадірлі меймандарына «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабеловтің атынан Құрмет грамотасы мен 50000 теңгеге сертификат тапсырды. Ардагерлерге деген ыстық лебізін Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, зауыттың аппарат жетекшісі Силар Қияқбаев та жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шараны зауыт еңбеккерлері концерттік бағдарламамен әспеттеді. Осылайша түсті металлургияның өркендеуінде өлшеусіз еңбегі бар қарттар жылына бір келетін мерекеде құрметке кенелді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.