«Саламатты Қазақстан» жобасының аясында қолға алынған арнайы медициналық пойыз Ұлытау облысына келді. Құрамында дәрігерлер мен әлеуметтік құқық мамандары бар бұл пойыз облыс жұртшылығын арнайы кесте бойынша қабылдайды.
Пойыз құрамындағы хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар әрбір бекетте кез-келген тұрғынның денсаулығына қатысты шағымын назардан тыс қалдырмай, тиісті ем-домын жазып беруге әрдайым дайын.
Сонымен қатар, «Саламатты Қазақстан» жобасына кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер қатысуда. Олар халыққа тегін медиативтік (татуластыру) және құқықтық көмек көрсетеді (даулар мен жанжалдарды медиация арқылы сотқа дейін және сотта шешу, заңгерлік консультациялар), сондай-ақ азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап алуға көмектеседі.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.