Өткен аптаның соңында Ұлытау облысының әкімі Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы аудан әкімі Аманжол Мырзабековтің есебін тыңдап, одан соң аудан көлемінде қолға алынатын ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Жиында мәлім болғанындай, аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де шешімін күткен мәселелер де аз емес.
– Ұлытау ауданы бойынша жарық мәселесін кезең-кезеңімен шешуде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жүгінуіміз қажет. Жаңаарқа ауданының тәжірибесіне сүйенер болсақ, қазір кенттің өзінде және Ералиев ауылында ұзақ жылдан бергі проблеманың түйінін дәл осы республикалық жоба аясында сәтті тарқатып жатырмыз, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Қазір бұл мәселе ауданда қолға алынған. Аудан көлемінде трансформаторларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау-Арқалық бағытындағы жолдың қаражаты сәтті шешілсе, келер жылы шекараға дейін асфальт жамылғысы төселуі мүмкін екенін айтты. Биылдың өзінде тасжолдың 30 шақырымына асфальт төселді.
Одан бөлек, облыс әкімі өңірдің денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығын шешу үшін 5-8 миллион теңге аралығында көтермеақы қарастырылып отырғанын, жедел-жәрдем көліктерінің жаңартылып жатқанын, биыл тағы 2 ауылға жедел-жәрдем көліктері табыс етілетінін жеткізді.
Кездесуде аудан тұрғындары облыс әкіміне толғандырған сұрақтарын қойды. Ұлытаулықтардың басым көпшілігі ауылдардағы медициналық нысандардың құрылысын аяқтау, кәріз желілері, жарық, жол, шаруаларға субсидия бөлу мәселелерін көтерді.
Кездесуден кейін өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға бас-аяғы 5 ұлытаулық жазылды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.