«Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Біз Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллект технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлде басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
(Былтыр күзде Астанада өткен Digital Bridge форумында сөйлеген сөзінен).
Жасанды интеллект – түсінікті жалпақ тілмен айтқанда, адамның табиғи қабілетіне тән оқуды, шешім қабылдауды және іс-қимыл жасауды белгілі бір бағдарламаға сәйкес компьютердің меңгеру машығы. Оның алғашқы түрі компьютердің адамға қарсы дойбы ойнауына мүмкіндік берді. Бірақ, ол тек нақты дерек көлемін ұлғайту және салыстырумен, есеп шығарумен шектеліп, таңбалық есептеу жүйесін дамытуға бағытталды.
Бүгінде жасанды интеллект математика, биология, психология, кибернетика және тағы басқа ғылым-білім бір арнаға тоғысқан күрделі салаға айналды. Ол адамның «зерделік» бағдарламалар жасауына мүмкіндік беретін және компьютерді өз бетімен мәселе шешуге үйрететін технологияны зерттейді.
Жасанды интеллектің тарихына назар аударсақ, «зерделі» техника жасауға тыңнан түрен салған Уоррен Мак Каллок пен Уолтер Питс көрінеді. 1943 жылы «Жүйке әрекетіндегі идеяның логикалық есебі» атты мақала жариялаған олар «жасанды нейрон үлгісін» жасауды ұсынады. Ал, 1949 жылы шыққан «Мінез-құлықты қалыптастыру: нейропсихологиялық теория» атты кітабында Дональд Хебб нейрондар арасындағы байланыс күшін өзгерту теориясын қарастырады.
Машиналық интеллект саласында елеулі зерттеу жүргізген бірінші адам – Алан Тьюринг (1912-1954 ж. ж.). Ол 1950 жылы «Есептеу машинасы және интеллект» атты кітабында машинаның адам мінез-құлқын көрсету мүмкіндігін анықтауға арналған сынақ жасауды ұсынды. «Тьюринг сынағы» деп аталып кеткен ол қазір де маңызын жоғалтпай, қолданылып келеді. Дәл сол 1950 жылы Гарвард түлектері Марвин Мински мен Дин Эдмондс алғаш «SNARS» атты нейрондық желілік компьютер құрастырады.
Алан Тьюринг
Араға алты жыл салып Аллен Ньюэлл мен Герберт А. Саймон «Логикалық теоретик» атты алғашқы жасанды интеллект бағдарламасын ұсынады. Сол жылы «Жасанды интеллект» сөзін алғаш рет Дартмут конференциясында американдық ғалым Джон Маккарти қолданады және академиялық сала ретінде ғылыми айналымға шығарылады. Жасанды интеллекке деген қызығушылық осыдан кейін тез өседі. Айталық, Артур Самуель машиналық оқыту терминін (1959 ж.) енгізеді, Джон Маккарти Стэнфордта жасанды интеллект зертханасын (1963 ж.) ашады, Джозеф Вайзенбаум «ELIZA» атты алғашқы чатбот (1966 ж.) жасайды.
1972 жылы Жапонияда жасалған «WABOT-1» атты алғашқы адам-құлтемір әлемді елең еткізеді. 1980 – 1990 жылдары белгісіз немесе толық емес ақпарат, тұжырымдама қолдана отырып ықтималдық жұмыс істеу әдісі жасалады. Белгілі бір білім саласы қолданатын нысан, қатынас, түсінік пен қасиет жиынтығы болып табылатын онтология білімді домен ішіндегі ұғымдардың жиынтығы және сол ұғымдар арасындағы қатынастар ретінде ұсынады. Білімді ұсыну мен жобалау жасанды интеллект бағдарламасына сұрақтарға саналы түрде жауап беруге және нақты фактілер бойынша байлам жасауға мүмкіндік береді.
Ақыры өткен ғасырдың соңына салым компьютер қабілеті адамды басып озады! IBM Deep Blue компьютері шахматтан сол кездегі әлем чемпионы Гари Каспаровты жеңеді. 2002 жылы шаңсорғыш пайда болды. 2006 жылы Facebook, Google, Twitter әлеуметтік желісі жасанды интеллекті қолдана бастайды. 2008 жылы Google сөйлеуге серпіліс жасайды, Iphone-ге сөз тану мүмкіндігін енгізді. 2011 жылы Jeopardy компьютері жұмбақ шешетінін дәлелдейді.
Адамға танымдық және ұқсастық жағынан жақын құлтемірдің басы
Жасанды интеллект жасау сапасы мен оны қаржыландыру 2012 жылдан кейін едәуір өсті. 2014 жылы Google өзін-өзі басқаратын көлік құрастырады. 2016 жылы Hanson Robotics компаниясы бет-әлпетті тануға, ауызша сөйлесуге қабілетті құлтемір жасайды. 2017 жылы жасанды интеллектің «трансформаторлық архитектура» аталған жаңа кезеңі басталады. 2019 жылы генеративті трансформатор (GPT) тілдік дәйекті мәтін құра бастайды, ал 2023 жылға қарай бұл модель адам деңгейінде байланысқа түседі.
2020 жылы американдық компания университет және зертханамен бірлесіп айтарлықтай ізашарлық қызмет атқарады. Көздеген мақсатқа жету үшін жасанды интеллект зерттеушілері көптеген әдісті бейімдеп, біріктіреді. Соның ішінде іздеу мен математикалық оңтайландыру, формальды логика, жасанды нейрондық желілер, статистика, үдерістерді зерттеу және экономика бар. Жасанды интеллект психология, тіл білімі, философия, неврология және басқаларға сүйенеді.
Нейрондық желі
Осындай тарихы бар бұл технология күннен күнге сапасы жоғарылап, маңыздылығы одан сайын артып келеді. Бүгінгі таңда жасанды интеллектің мүмкіндігі сан қырлы. Қазіргі заманда жасанды интеллект күнделікті өмірде аса маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен бұрын-соңды адамға ғана мүмкін болған тапсырманы орындауға болады. Жасанды интеллект біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді.
ІІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр күзде Астанада өткен Digital Bridge форумында сөйлеген сөзінде былай деді: «Жасанды интеллекті қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын».
Иә, жасанды интеллект – замануи технологиялық индустрияның ең көп талқыланатын және болашағы бедерлі бағытының бірі. Әлемдік аренада көш бастаған елдер оны әзірлеуге және қолдануға қомақты қаржы салуда. Өкінішке орай, Қазақстан осы маңызды секторда кенжелеп қалған. Қазір жасанды интеллект дамуының бастапқы кезеңінде тұр, десек те болады. Салыстырмалы түрде алғанда санаулы компания мен зерттеу орталығы ғана оны әзірлеу және қолдану мәселесімен айналысады. Мамандар біліктілігінің жеткіліксіздігі және шектеулі қаржылық ресурстар елдегі осы саланың дамуына негізгі кедергі болып табылады.
Қазақстанда жасанды интеллекті дамыту ел үшін маңызды мүмкіндік екендігі анық. Біріншіден, ол өнеркәсіп, көлік, денсаулық сақтау және білім беру сияқты сантүрлі секторды жаңғыртуға ықпал етеді. Өндіріс тиімділігін арттырады, логистиканы оңтайландырады және жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету мен білім беруге қол жеткізеді. Егер нақтылай түссек, экономикада бизнес-үдерісті оңтайландыруға, өнім мен қызмет сапасын жақсартуға, инновациялық ұмтылысты дамытуға және жаңа кәсіпорын құруға көмектеседі, денсаулық сақтауда диагностиканы жақсартуға, жекелеген емдеу әдісін әзірлеуге және шалғай аймақта медициналық қызмет қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллекті дамыту – ел өмірінің түрлі саласына көптеген оң өзгеріс әкелетін маңызды міндет. Жаһандық цифрландыру жағдайында ұлттық экономиканың тұрақты өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін білікті мамандар даярлауға, инновациялық жобаларды жасауға және тиісті инфрақұрылымды әзірлеуге қомақты инвестиция құю қажет. Осы сала мамандарын оқыту және инновациялық ортаны дамыту инвестиция тартып, экономиканың өсуіне игі ықпал етері даусыз.
Осы мақаланы жазу барысында көрші Россияға қатысты әлеужелідегі ашық дереккөздеріне де көз жүгіртіп өттік. «Қазір жасанды интеллектіде барлық мәселе дерлік нейрожүйе арқылы шешіледі. Бұл – ең үздік алгоритм. Әзірге оны алмастыра қоятындай тиімді тетік табыла қойған жоқ» дейді, «Наносемантика» компаниясының бас директоры, россиялық жасанды интеллект технологиясын жасаушылардың бірі Станислав Ашманов.
Оның пікірінше, Россияда бірқатар мықты компания бар. Мәселен, ABBYY әлемде кез-келгеннің құжатын танудан алдыңғы қатарда тұр. Ал, Яндекс компаниясының таппайтыны жоқ. Россия – осындай компаниясы бар санаулы мемлекеттің бірі. Рас болса, «Яндекс Авто» автокөлікті жүргізушісіз-ақ басқаратын көрінеді. Оның пайымдауынша, жасанды интеллектіден Россия Европаның көп елінен алда. Олармен бәсекеге түсе алатын АҚШ пен Қытай ғана көрінеді.
Технология мен өнімнен Россия дыбыстық белгі беруден алда тұрған көрінеді. Бұл жағынан әзірге Яндекс, VK и Сбер компаниясының алдына ешкім шыға қойған жоқ. Ал, қаржыландыру жағына келетін болсақ, көрші елде РФФИ даму институты, инновацияға ықпал ету қоры, «Сколково» қоры жасанды интеллект жасаушылар мен тапсырыс берушілерді белсенді түрде грантпен қамтамасыз етіп келеді.
Иә, әлемде аталмыш технологияның даму қарқыны тегеурінді әрі жылдам. Айталық, осыдан он жыл бұрынғы өмірмен қазіргі кезеңді салыстыру мүмкін болмай қалды. Тіпті бес жыл бұрын алған ең сапалы, соңғы үлгідегі ұялы қалтафонның өзі бүгінде ескірген. Оны қанша күтіп ұстасаң да техникалық мүмкіндігі соңғы шыққан үлгісінің мүмкіндігіне жете алмайды. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектің жаһандық экономикаға қосатын үлесі де орасан, дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар екен. Енді, өзің ойлана бер!?
Түйін
Жасыратын несі бар, жасанды интеллектің қоғамға және адамға пайдасы мен зияны төңірегінде ел арасында әңгіме көп. Пайдасын жоққа шығару қиын шығар, сонымен қатар зияны да жеткілікті.
Бір ғана мысал. Жасанды интеллект алаяқтардың да таптырмас құралына айналып отыр. Осы бағдарламалар арқасында олар адам даусын айнытпай салып, бейнесін жасап, халықтың қалтасын қағып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр» деді. Осы сөздің астарында қаншалықты алаңдаушылық жатқанын аңғару қиын емес.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттер әлеужеліден алынды.